21 жылға сотталған: Петропавл тұрғыны түрмеде отырып бопсалаумен айналысқан

21 жылға сотталған: Петропавл тұрғыны түрмеде отырып бопсалаумен айналысқан
Ашық дереккөзден

Петропавлда 21 жыл 9 айға сотталған адам жазасын өтеп жатып, бостандықтағы сыбайластарымен бірге екі адамды бопсалаған, деп хабарлайды ult.kz.

Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық соттың мәліметінше,  Л. есімді сотталған адам қылмысқа бейнебайланыс арқылы қатысқан. Оның бостандықтағы сыбайластарымен бірге Петропавлдағы саунада екі жәбірленушіден ақша талап еткені анықталған.

Тергеу барысында сыбайластарының бірінің телефонынан «Саша» деген атпен сақталған нөмір анықталған. Оның Л.-ға тиесілі екені кейін расталған. Хат алмасуда қылмыстың жай-жапсары, іздерді жасыру және қылмыстық жолмен алынған ақшаның бір бөлігін Л.-ға аудару мәселелері талқыланған.

Ұялы байланыс операторының деректері де нөмірдің Л.-ға тиесілі екенін растаған. Ал базалық станция мәліметтері қылмыс жасалған күні оның телефоны жаза өтеп жатқан мекеме аумағында болғанын көрсеткен.

Бопсалау кезінде жәбірленушілер 300 мың және 145 мың теңге көлемінде несие рәсімдеген.

Бірінші сатыдағы сот Л.-ны бопсалау бойынша кінәлі деп танып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.

Алайда жаңа қылмысты ол бұрынғы үкім бойынша 21 жыл 9 айлық жазасын өтеп жүрген кезде жасаған. Осыған байланысты түпкілікті жаза мерзімі 8 жыл болып белгіленді.