Freedom Inside '26

2026 жылғы 23–25 маусымға арналған ауа райы болжамы: аптап ыстықтың беті қайтады

2026 жылғы 23–25 маусымға арналған ауа райы болжамы: аптап ыстықтың беті қайтады
Ашық дереккөзден

Қазақстанның бірқатар өңірінде аптап ыстықтың беті қайтып, ауа райы біршама салқындайды. Синоптиктердің болжамынша, республика аумағына циклон ығысып келіп, көптеген өңірде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, деп хабарлайды ult.kz.

Метеорологтардың мәліметінше, циклонның әсерінен еліміздің солтүстік өңірлерінде ауа райы құбылмалы болады. Кей жерлерде бұршақ жауып, желдің екпіні күшейеді. Сонымен қатар жекелеген аудандарда шаңды дауылдар тіркелуі мүмкін.

Ауа райындағы өзгерістерден кейін солтүстік және орталық өңірлердің тұрғындарын көптен күткен салқын күндер күтіп тұр. Бұл аймақтарда күндізгі ауа температурасы +23...+28 градус аралығында болып, жайлы деңгейге түседі.

Алайда еліміздің барлық өңірінде ыстықтың беті бірдей қайтпайды. Қазақстанның оңтүстік және шығыс аймақтарына Өзбекстан аумағынан құрғақ әрі жылы ауа массаларының келуі жалғасады. Соның салдарынан бұл өңірлерде жоғары температура сақталып, сынап бағаны +33...+38 градусқа дейін көтеріледі.

Синоптиктердің болжамынша, жекелеген аудандарда ауа температурасы +40 градусқа дейін жетіп, өте қатты ыстық болуы ықтимал.

Осыған байланысты мамандар тұрғындарға ауа райы болжамдарын қадағалап, әсіресе күннің ыстық уақытында сақтық шараларын ұстануға кеңес береді.