Алматы қаласының Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы "Алматы жастары" тұрғын үй бағдарламасы бойынша өтінімдерді қарауды аяқтап, іріктеу нәтижесін жариялады, деп хабарлайды ult.kz.
Ведомствоның мәліметінше, бағдарламаға қатысу үшін 5 363 азамат өтінім берген. Құжаттар 1–15 маусым аралығында kezekte.kz порталы арқылы қабылданды.
Өтінімдерді қарау барысында кейбір қатысушылардың жұмыс саласын қате көрсеткені анықталған. Басқарма мұны техникалық қателік деп бағалап, оның бағдарламаға қатысу мүмкіндігіне әсер етпегенін мәлімдеді.
Тексеру қорытындысында 3 968 өтінім мақұлданды. Биыл бағдарлама аясында кемінде 1 650 тұрғын үй несиесін беру жоспарланған. Осыған сәйкес, дәл осынша үміткер төлем қабілеттілігін растау үшін "Отбасы банк" АҚ-ға жолдама алады.
Жолдамалар кезектің жиналып қалмауы үшін кезең-кезеңімен таратылады. Әр апта сайын 550 қатысушыға жолдама жіберіледі.
Төлем қабілеттілігі расталғаннан кейін қатысушыларға 45 күнтізбелік күн ішінде бастапқы немесе қайталама тұрғын үй нарығынан баспана таңдап, 20 миллион теңгеге дейін ипотекалық несие рәсімдеу мүмкіндігі беріледі.
Егер жолдама алған азаматтардың бір бөлігі төлем қабілеттілігін дәлелдей алмаса немесе белгіленген мерзімде тұрғын үй таңдамаған жағдайда, олардың орнына оң шешім алған келесі үміткерлер шақырылады. Бұл бөлінген қаражаттың толық әрі тиімді игерілуін қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар 1 395 өтінім бағдарлама талаптарына сәйкес келмеген. Бас тартуға негіз болған негізгі себептер – үміткердің жеке меншігінде тұрғын үйдің болуы, соңғы бес жыл ішінде баспанасын иеліктен шығаруы немесе соңғы алты айда міндетті зейнетақы жарналарының аударылмауы.
Өтінімі мақұлданған және бас тартылған азаматтардың тізімі kezekte.kz порталындағы ALMATY JASTARY сервисінің «Тұрғын үй қызметтері» бөлімінде жарияланады.