150 мың жалған SMS: Астанада «SMS-бластермен» жұмыс істеген топ ұсталды

150 мың жалған SMS: Астанада «SMS-бластермен» жұмыс істеген топ ұсталды
freepik

Астанада азаматтардың жеке және банктік деректерін ұрлауға бағытталған ірі фишингтік схема әшкереленді. Қылмыстық топ небәрі төрт күннің ішінде Beeline, Kcell және Activ абоненттеріне шамамен 150 мың алаяқтық SMS таратқан, деп хабарлайды ult.kz.

Астана прокуратурасының үйлестіруімен жүргізілген жедел-тергеу шаралары нәтижесінде күдіктілердің әрекеті тоқтатылды.

Тергеу мәліметінше, қылмыстық схема биыл қаңтарда ұйымдастырылған. Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің бірінің азаматы Қазақстанда заңсыз қызмет жолға қою үшін жергілікті тұрғынға ақша ұсынған. Кейін арнайы жабдықтың жұмысын қамтамасыз еткен өзге адамдар да топқа қосылған.

Күдіктілер ұялы байланыс базалық станциясының жұмысын имитациялайтын «SMS-бластер» құрылғысын пайдаланған. Осы арқылы олар байланыс операторларының сүзгілеу жүйелерін айналып өтіп, мыңдаған абонентке жаппай хабарлама жіберген.

Жалған SMS-тер белгілі компаниялардың атынан таратылып, азаматтарға түрлі бонус пен жеңілдіктер ұсынылған. Хабарламадағы сілтемеге өткендер компанияның ресми сайтына ұқсатып жасалған жалған ресурсқа түскен. Онда жеке және банктік деректерді, соның ішінде карта нөмірін, CVV кодын және SMS арқылы келген растау кодын енгізу талап етілген.

Осылайша, алаяқтар азаматтардың құпия деректеріне қол жеткізіп, банк шоттарындағы қаражатын иемденуге әрекет жасаған.

Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері операция барысында «SMS-бластер» құрылғысын тәркіледі. Сараптама оның ақпаратты жасырын алуға арналған арнайы техникалық құрал екенін анықтаған.

Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 399-бабы 2-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта төрт күдікті қамауда отыр. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

Тергеу мүддесіне байланысты істің өзге деректері әзірге жарияланбайды.