Павлодарда 52 жастағы кәсіпкер Асулан Нұрмағамбетовті өлтірген оның бизнес серіктесі 15 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ult.kz.
Марқұм былтыр ақпанда жоғалып кеткен. Үш күннен кейін денесі Марғұлан көшесіндегі үйдің ауласынан табылған. Сараптама оның денесінен 22 пышақ жарақатын анықтаған.
Тергеу мәліметінше, қылмыс гаражда жасалған. Күдікті кейін Ресейге қашып кеткенімен, ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланған.
Сот оны Қылмыстық кодекстің 99-бабы бойынша кінәлі деп танып, 15 жылға соттады. Сонымен қатар марқұмның әйеліне 8 млн теңге, әпкелері мен ағасына 1 млн теңгеден моральдық өтемақы төлеуге міндеттеді.
Алайда марқұмның туыстары жазаға қанағаттанбайтынын айтып, сот үкіміне қарсылық білдірді.