15 қазанда Қазақстанның бірқатар өңірінде қолайсыз ауа райы күтіледі

15 қазанда Қазақстанның бірқатар өңірінде қолайсыз ауа райы күтіледі
Ашық дереккөзден

Синоптиктер бүгін қатты жел, тұман, көктайғақ және шаңды дауыл болатынын ескертті, деп хабарлайды ult.kz.

Жетісу облысының шығысы мен таулы аудандарында желдің екпіні 15-20 м/с, Алакөл көлдері ауданында 23-28 м/с, кей уақыттарда 30 м/с және одан да жоғары болуы мүмкін. Таулы аудандарда тұман күтіледі.

Шығыс Қазақстан облысында түнде жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын, кей жерлерде қатты жауын-шашын болады. Өңірдің шығысы мен таулы аудандарында тұман және көктайғақ күтіледі. Желдің екпіні 25 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Өскеменде күндіз жел 15-20 м/с жылдамдықпен соғады.

Абай облысының батысында, шығысында және оңтүстігінде түнде көктайғақ болады. Желдің екпіні 25 м/с-қа дейін күтіледі. Қарағанды облысының солтүстігі мен шығысында көктайғақ, шығысында түнде және таңертең тұман болжанады. Қарағанды қаласында түнде желдің екпіні 15 м/с-қа жетуі мүмкін.

Алматы облысында желдің екпіні 15-20 м/с болады. Түнде облыстың солтүстігі мен батысында топырақ бетінде 1-3 градус үсік күтіледі. Қонаев қаласында да күндіз жел күшейеді.

Атырау облысының солтүстігінде, батысында және оңтүстігінде күндіз шаңды дауыл болуы ықтимал. Желдің екпіні 15-20 м/с-қа жетеді. Атырау қаласында жел 15-18 м/с жылдамдықпен соғады. Маңғыстау облысының солтүстігі мен орталығында шаңды дауыл күтіледі. Ақтауда күндіз желдің екпіні 15-18 м/с болады.

Түркістан облысының солтүстігінде, батысында және таулы аудандарында желдің екпіні 15-20 м/с-қа жетеді. Таулы жерлерде тұман күтіледі. Жамбыл облысының таулы аудандарында түнде және таңертең тұман болады. Күндіз облыстың оңтүстік-батысы, солтүстік-шығысы мен таулы аудандарында жел күшейеді.

Ақтөбе облысының солтүстігі мен шығысында түнде және таңертең тұман болжанады. Батысында, солтүстігінде және орталығында күндіз желдің екпіні 15-18 м/с-қа жетеді. Батыс Қазақстан облысының оңтүстігінде күндіз жел 15-20 м/с жылдамдықпен соғады.

Ақмола облысының батысы, солтүстігі мен шығысында түнде және таңертең тұман күтіледі. Астанада да осы уақытта тұман болуы мүмкін. Павлодар облысының батысы, оңтүстігі мен орталығында, сондай-ақ Павлодар қаласында түнде және таңертең тұман болжанады. Солтүстік Қазақстан облысының бірқатар ауданы мен Петропавл қаласында да тұман күтіледі. Қостанай облысының батысы мен солтүстігінде түнде және таңертең тұман болады.

Бұдан бөлек, Қызылорда облысы мен қаласында, сондай-ақ Ұлытау облысының батысы, оңтүстігі мен орталығында төтенше өрт қаупі сақталады. Жоғары өрт қаупі Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Жетісу, Қызылорда және Қостанай облыстарының жекелеген аудандарында болжанады.

Синоптиктер қолайсыз ауа райы кезінде тұрғындарға сақтық шараларын сақтауды ескертеді.