14 сарбаздың қазасына қатысты ұсталған Данияр Хайрушевтің ата-анасы Тоқаевқа үндеу жасады

14 сарбаздың қазасына қатысты ұсталған Данияр Хайрушевтің ата-анасы Тоқаевқа үндеу жасады
Коллаж: видкеодан кадр

Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметшінің қаза болуына байланысты күдікке ілініп, қамауға алынған Әскери-теңіз күштері қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы Данияр Хайрушевтің ата-анасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады, деп хабарлайды ult.kz.

Әскери басшының ата-анасы марқұм сарбаздардың отбасына көңіл айтты. 

“Сіздердің қайғыларыңызды түсінеміз. Өзіміз де осындай қайғы-қасіретті бастан кшкенбіз. 2 ұлымыздан айрылғанбыз”, - дейді Хайрушевтің анасы. 

Олар тергеудің жан-жақты, әділ әрі объективті жүргізілуін сұраған.

Хайрушевтің ата-анасы қайтыс болған әскери қызметшілердің жақындарына көңіл айтып, олардың қайғысына ортақ екенін жеткізді.

Айта кетейік, Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін ұсталған Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары Данияр Хайрушевтің әйелі әлеуметтік желіде мәлімдеме жасады. 

Ол тергеу аяқталмай тұрып күйеуін кінәлі деп атауға болмайтынын айтып, істі әділ әрі объективті қарауды сұрады.

«Менің күйеуім кінәлі емес. Ол бүкіл өмірін Отанға қызмет етуге арнады және осы жылдар бойы өз міндетін абыроймен атқарды. Оны біреудің сөзі мен жорамалдарына сүйеніп айыптамай, алдымен өз уәжін айтуға мүмкіндік беру керек.

Мен ерекше қарым-қатынас сұрамаймын. Тек әділ әрі объективті тергеу жүргізілуін қалаймын. Егер оған қатысты қандай да бір талап немесе айып болса, ол нақты айтылып, фактілермен расталуы керек.

Барлық мән-жай анықталғанға дейін асығыс қорытынды жасамауды, оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірмеуді және оны кінәлі деп атамауды сұраймын. Біз ашық әңгімеге дайынбыз, бірақ ол құрмет пен заң талаптары аясында жүргізілуі керек», – деп жазды ол.

Сонымен қатар, оның қызы да ел алдына шығып, әкесін алдын ала кіәламауды сұраған еді.