Әлеуметтік желілерде бүгін соғыс қимылдары жүріп жатқан аймақтан 14 қазақстандық шығарылып, Қазақстанның Ресейдегі елшілігіне жеткізіледі деген ақпарат тарады. Сыртқы істер министрлігі бұл мәліметті жоққа шығарды, деп хабарлайды ult.kz.
Бұл туралы СІМ ресми өкілі Жанболат Үсенов Telegram-арнасында мәлімдеді.
Оның айтуынша, азаматтардың елге қайтарылуына қатысты келіссөздер Ресей тарапымен әртүрлі деңгейде жалғасып жатыр. Мәселе министрліктің тұрақты бақылауында.
«Тексерілмеген мәліметтерді таратуға жол бермеу керек. Мұндай ақпарат жақындарынан хабар күтіп отырған отбасыларды адастырып, негізсіз үміт тудыруы мүмкін», – деді Үсенов.
Министрлік азаматтар мен БАҚ өкілдерін ақпаратты тек ресми дереккөздерден алуға шақырды.
Бұған дейін СІМ соғыс қимылдары аймағында жүрген қазақстандықтардың өтініштері бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын және оларды елге қайтару мәселесі бойынша келіссөздер жалғасып жатқанын хабарлаған.