Жүсіпбек Аймауытұлы. Тау еліндегі оқиға (Жаңадан табылған шығарма)

Жүсіпбек Аймауытұлы. Тау еліндегі оқиға (Жаңадан табылған шығарма)

 

(СЕМЕН ЧУЙКОВТАН ТӘРЖІМА)

Алаш көркем ойының негізін қалаушы Жүсіпбек Аймауытовтың шығармашалық  еңбегі сан-салалы. Әлі де жарық көрмеген хикаяттары мен әңгімелері, аудармалары, зерттеу еңбектері, жеке мақалалары баршылық. Соның ішінде 1934 жылы Ғабит Мүсіреповтың қолына Евгения Қарабатырқызы Аймауытова табыс еткен  жиырмасыншы жылдардағы қазақ қоғамы туралы Семен Чуйковтың романының тәржімасы (Қазақстан  мемлекет баспасының күншығыс бөлімі. Тәшкен. 1925 жыл) ізденушілердің ерекше назарын аударатын аманатты міндет болып табылады. Сондай ғылыми іздеу жұмыстарын тиянақты түрде жүзеге асырып жатқан докторант  Қарлығаш Әубәкірова  архив сөрелерінен тауып, оқырман назарына ұсынып отырған төмендегі шығарма, алдағы олжалы ізденістерге жол ашады деп ойлаймын. Бұл тәржіма  Ж.Аймауытовтың  бес томдық шығармалар жинағынан қалыс қалған.  

                                                                                                Тұрсын  ЖҰРТБАЙ

 

 

ТАНЫСТЫРУ

 

Еуропа жазушысы қазақ өмірін қалай түсінеді екен, қалай суреттейді екен? Олардың еңбегі қазақ әдебиетіне қаншалық өң беріп, қолғабыс етеді екен? Оқушыларды аз ғана таныстыра кетейік.

Чуйковтың бұл әңгімесі еуропа жазушыларының көзінде мақтаулы, құнды әңгіме. Мұндай әңгімені оқып, қазақ өмірімен таныс болдық дегізерлік әңгіме.

Анығында, Чуйковтың бұл әңгімесіне біз қандай баға беруіміз керек? Қазақ өмірін жете біліп, суреттеген жерлері қандай? Біле алмай, үстірт кеткен жерлері қандай? Қарастырайық...

Чуйков төңкеріс ақыны: әңгімесінің сарыны да төңкеріс, Жетісудағы  қазақтар төңкерісті басынан қалай өткізгенін, қандай қатынасқанын жазады.

Чуйков төңкерісті қазақтың өзі жасасқан, өзі араласқан қылып шығарады. Қадыр деген Жетісу мен Қашқардың арасын шарлаған төңкерісшіл ру болады. Ол өмірі қазақ-орыстармен жұлысып өтеді; талайының басын кеседі. Қадыр отаршыларға қарсы, қазақтың жерін, суын қорғайды, қазақты мәдениетке сүйремек. Бірақ өзі қарапайым қазақ, төбелескеннен басқа, кісі өлтіргеннен басқа қолынан іс келмейді. Қадыр төңкерісті күтеді. Төңкерісті орыс жалшылары жасайды, соған қосыламыз деп күтеді. Қадыр кедейшіл, бұқарашыл; ол  бұқараның өзі, әйтпесе көзі. Ол қазақтың байларына да, манаптарына да қарсы. Төңкеріс болса, қазақ байын орыс байларымен қабат жаныштамақшы. Солай болуы керек деп, жас Мәметке сабақ  береді.

Қадырдың етегін ұстай Мәмет шығады. Қадыр төңкерісті көре алмай өледі, Мәмет төңкерісті қолымен жасасады. Жалғыз Мәмет емес. Қазақ жігіттері (бай-кедей аралас) түгел әуелі Қадырдың соңынан еріп, төңкеріс кезінде Мәмет отряд болады. Қазақ орыстармен соғысып, кеңес өкіметін орнатысады.

Қазақ бұқарасы, қазақ кедейлері, жастары төңкерісті аңсаған, күткен. Төңкеріс идеясымен ертеден  суарылған, тұрмыс өздерін төңкерісшіл етіп итерген. Қазақ жаужүрек ел болып қолына пышағын алып, жалаңдап төңкерісті күтіп отырған. Анығында солай ма? Қалың бұқара тұрсын, төңкеріс боларын, одан кеңес өкіметі орнарын  әуелі оқыған азаматтардың, саясатшыларымыздың қаншасы алдын ала болжады?

Рас, қазақ отар болды, жер судан таршылық, қазақ орыстан, қақолдан зорлық көрді, жаншылды, езілді. Жарық күнді күтті. Бірақ жалпы бұқара төңкеріске әзірленіп, қолына  түкіріп отырған жоқ еді, еңсесі түсіп, ұйқылы-ояу жүр еді.  Қадыр сықылды орыспен өш, байлармен қас, жалғыз-жарым   саңылаулы төңкерісшіл ерлер, ұрылар болған, һәм бар. Бірақ олар орыс төңкерісінен хабарсыз болды; көбінесе ел арасының барымтасынан, ұрлығынан, ру тартысынан бойы асып, қанатын шарықтап сермей алмады, өйткені ақыл ауданы, дүние тануы қазақтан аспайтын еді. Роман бұ жағынан қарағанда шын романтизм бағытындағы роман болып жазылған. «Болғанды» алмаған, «болуы керекті» алған.

Романның қазақ өміріне қабыспайтын жерлері көп. Басты-бастыларын айтайық. Қазақ өмірінде тап тартысы ру тартысынан көрі күшті болғанға ұқсайды.

Қадыр, Мәмет кедейлер, малайлар таяғын соғады. Байларды бауыздамақшы. Бірақ кедей ақсақал Жұмабай Елубай манаптың қас қабағымен жүреді. Бұл ру басының ықпалы. Ал, Елубай манаптың баласы Тұрғамбек Қадырдың, Мәметтің соңына ереді. Манаптың өзі бір жақ, баласы бір жақ.

Ақсақалдарда, кәрияларда ру әсері басым сықылды, жастарда төңкеріс әсері күшті сықылды. Бай-манаптың баласы кедейшіл болуы үйлеспейді. Бай, кедей арасы, жуан ата,  жіңішке ата арасы, ру тартысы, қысқасы қазақтың ішкі  тұрмысы, жігі ашылып, жүйеленбеген,  шатасып кеткен. Бір жерде қазақ түгел болып қалады, бір жерде тап жігі сопаң ете түседі. Бұл жазушының қазақ өміріне жетік еместігін білдіреді.

Қазақты төңкеріске араластыру үшін тым ер жұрт қылып көрсетеді. Оқып отырғанда, қазақ емес, кавказдағы  черкестер көзіңе елестейді, әйтпесе қазақтың ертегідей өткен жаугершілік заманы көз алдыңа келеді.

Рас, өзі тіленіп әтредке жазылған қазақ жігіттерінде жаужүректер болды. Ондайлар жалпы емес. Қазақтың көпшілігі езілген, қорқақ, «жаны тәтті» жұрт. Ашуланған әкесі Жұмабай жалғыз баласын пышақтап тастауы қазақ мінезіне ұйқаспайды. Солдат алудан, майданға, қара жұмысқа  барудан өлгенше қорқып, қиратылып қалатын қазақ бір орыс келсе, бір тайпы ауыл жымдай болатын. Қазақ неғып сонша жауынгер боп кетті? Мүмкін, «Адай», «Зайсан» уезі сықылды орыс отаршыларының шарпуы тимеген шет елдерде ондай ерлік болар. Жетісу қазақтары ондай жауынгер болса ғажап емес. Бірақ жалпы қазаққа үлгі бола алмайды.

Қазақтың әдет-ғұрпы, мінезі, салты қамти алынбай, одан, бұдан шымғылап жинаған мағлұматқа қарай анда-санда жерден бетін шырпып отырғандығы көрінеді.

«Жұмабай кедей болған соң, қатыны да екеу-ақ»  – дегені, «Әйтеуір қазақ көп қатын алушы еді» дегендік. Бір қатын да ала алмайтұғын кедей бар. Онымен қазақ өмірі көріне ме? Қатынға ет асатса ақсақал біткен өре түрегеледі. Бұл үлкен қылмыс саналады мыс... «Ел –  елдің заңы басқа» болмаса, ондайды естігеніміз жоқ. Мәмет Елубай манапқа «қызың маған тимекші еді, Сейітбайға берме, маған бер» – дейді. Күйеу болатын жігіт атасына сондай сөз айта ма екен? «Құранда: қызды кім көп берсе, сол алсын деген екен» деп, Мәметке қызын бермекші болады. Сондай шариғат бола ма? Екінші атақты  манап Мәмет сықылды қу кедейге, қоңсыға қызын бермек түгілі, маңына дарыта ма? Сүйек намысы қайда? Атасының басына манап болып жүр ме?

Осы тәрізді, қазақтың ішкі салтына келгенде жазушының орашолақтығы, бөгде кісі екендігі байқалып қалады. Бәрін санаудың қажеті жоқ.

Қазақ тұрмысына жанаспайтын жерлері болғанмен, бұл әңгіменің керекті, пайдалы жақтары көп. Өмірден алсын, мейлі, жанынан шығарсын әйтеуір әңгіменің сарыны төңкерісшілдік. Тым құрғақ емес, кестелі қисынды төңкерісшіл.  Бұл сарынды жазылған әңгіме қазақ жазушыларында әзір жоқ. Төңкеріс рухында жазылған әңгіме замандыкі, көптікі, бұқараныкі  болады. Бұқарашылдық, әлеуметшілдік  – әдебиеттің бір жақсы қасиеті.

Ескілікті тастап, жаңа заманға аяқ басқан дәуірде адамға жаңа талап, жаңа жігер керек. Жасымас қайрат, жалынды жүрек, қайтпас ерлік керек. Идеяның жолына бас байлауға, жан қиюға жас буынды үндеу керек. Келешекке торығып қарамай, түңіліп, жыламай, келешектен таудай үміт күту керек. Үмітсіз, селқос істе мардым береке болмайды. Жеміс шықпайды. Өмір қалыпталмаған дәуірде нағыз өмір емес, өмірдің сәулесіне мәзденіп, соған ұмтылу керек.

Осы жағынан қарағанда, бұл әңгіме жас буынға өте пайдалы үлгілі кітап бола ма деп ойлаймын.

Әңгіменің тағы бір қасиеті: қазақ тұрмысының сыртқы көрінісі недәуір көп суреттелген. Тау, ағаш, өзен, жайлау, кешкі, күндізгі, түнгі ауыл, түндегі жортуыл аттан, соғыс қашты, қуды, қысқасы, қазақ даласындағы көп суреттер көрсетілген.

Орыстың бұрынғы жазушыларынан мұның тілі жат. Бейнелеу, салыстырулары өзгеше. Аз сөзбен көп нәрсені айтып береді. Қысқа, дәмді жазады. Қазақта қара сөзге шеберлік әдебиет майданында әлі жете алмай келеді. Сұлу, қысқа, дәмді, суретті қара сөз, күйлі, әуезді, кестелі қара сөз бізде әлі жоқ. Қара сөз жазушыларымыз бір ойды бастаса, ұшығына шыға алмайды, сөзін тауыса алмайды. Қысқа, дәл, тиімді жаза білу –  қаламшылықтың бір шарты ғой.

Бұл әңгіме сондай қысқа, дәмді  жазуға үлгі болғандай түрі бар. Бірақ орыс сөзінің кестесі, сұлулығы қазақшаға аударғанда өзіндей болып шыға бермейді. Олай шығару үшін тілге аса байлық, өзгеше қуат керек. Сондықтан бұл аудармамыздың көп жері құлақ тосаңсырлық, жат болып шықса ғажап емес. Әйтсе де ұғымды болу жағы шама келгенше ескерілді ме деп ойлаймын. Қазақ тіліне орынсыз бұралап, мәнісін өзгерткім келмеді. Әдебиетке түрлі сөз де керек қой. Кітапты алдарыңызға тартқандағы таныстыруым осы. Қалғанын, оқушылар, өздеріңіз сынай берерсіз.

Аудармашы.

 

 

Бірінші тарау

 

Іңір қараңғысының көк шапанын жамылған таулар... Түпсіз зындандай үңірейген құздар...

Құм бел жайлауы алай-дүлей, қыбыр-қыбыр. Тезектің түтіні, жаңа сойған қойдың жылы қаны мұрынды жарады. От маздады, отбасында әйелдердің көйлегі көлбеңдеді.

Бықырлаған қара-ала, торы-ала таудан ылдиға, ауылға қарай ағыл-тегіл құлап барады. Қозылар у да-шу арпалысып көгендетпей жатыр; енелері таянған сайын ән қосып, маңырап, бұлқынады.

– Үй, аруақ атқыр – лап, баласын қарғаған әйелдің дауысы саңқылдайды. Дауысы күрмеліп, төбет иттер барқылдайды, қой маңырайды, кешке таман өлке бойы азан - қазан.

Қатынның жұмысы көп, барлық үй шаруасы оның мойнында. Жалғыз ол ма? Түзден байы келсе, қарсы алады, атын байлайды, ерін алады, дәретін алдырады, тамағын әзірлейді. Бәрін қатын істейді. Еркектер ше? Олардың жаны тиыш, рахат! Күні бойы қалада шайханада шай ішіп, әңгіме шертеді; ауылға келсе, асына тойып алып, отбасына отырып шыбындаған жылқының құйрығындай тілдерін қамшылайды. Жақсы өмір еркектікі ғой!

Жұрт бүгін бәйгеден қайтысты. Әңгімесі –  бәйге. Бәйгені Бәке алыпты. Оның сай өрлеп  жүргені Қадырдың Қашқардан қайтпай жатқаны ғой, әйтпесе оған бәйге қайда? Қадырдың «Тәңірі»-сі  аты жылқы ма? Жел ғой! Ондай ат күллі қазақта ,Түркістанда, Қашқарда, Иранда, қала берсе, дүниеде жоқ!

Қадыр бүгін кешке станциядан  аттанды ма, таңертең Жаркентте көресің. Жаркент 250 шақырым. Шіркін, жігіт қой, Қадыр!

Қадыр десе, жігіттердің ауыз суы құриды, ерлігіне, жігіттігіне сүйсінеді. Жалғыз-ақ Елубай манап Қадыр десе, тыржиып басын шайқайды:

–  Қадырдың арты қай жөнді болар дейсіңдер. Әнеукүні қазақ - орыс төресін жарып кетті, жаңада ғана Шөмішбайдың үш қойын қуып кетті. Бүгін болмаса, ертең біздің тауға тағы сап ете түседі; жатпайды, көресіңдер! Шіркін-ау,  жасы болса келіп қалды. Енді бір мезет жатсашы ...Осында бәрі аңдулы, бүгінгі ат жарыста қазақ-орыстар іздеп жүрді ғой.

– Көрдіңдер ме?

– Ее, іздей берсін! Қыран бүркітті тұрымтай ұстай алмас деп тікірейді ұзын жыртық кемзалы1 бар жас жігіт.

– Қадыр болмаса, бүйтіп түтін түтетіп отыра алмас ең – деп, жігіт қошемет күтіп, қасындағы жастарға қарады.

– Мәмет, әлі сен баласың ғой - деп жуан манап, сақалы селкілдеп.

– Көп тыңда да, аз сөйле!.. Қадырға қалай жабысып жүргеніңді мен білемін. Байқа! Әкеңе айтсам, қамшы беріп жүрмесін.

Тал бойы қамыстай тіп-тік, жіптіктей жігіт атып тұрды:

– Ал, айта ғой. Мен әкем түгіл одан да зордың қамшысын татқанмын. Бай, сен білмейсің, мен төрт жыл қазақ-орыстың боқтығын сыпырғам, менің жеген қамшым сенің жеген етіңнен де көп. Сода маған жетеді. Менің жасым он сегізге келді, – Мәмет басын шалқайтып, ұзын жеңінен қолын шығарып алып беліндегі бүкір қанжарды ұстап;

–  Маған енді тиіп көрсін! – деді.

– Әкең  ұрады.

– Ұра алмайды. Сенің жылқыңнан таңдаған  атымды ұрлап  мінем де, Қадырға бірақ тартам.

– Не дейсің? – деп қопарылды долы Манап.

– Не дейсің? Өй боқ сасыған күшік. Менің жылқымды ұрлайсың ба? Тұра тұр...

Манап таяғын оқтанып, кіжініп, күңкілдей боқтап, нығарылай басып,  Мәметтің әкесі Жұмабайдікіне жөнелді. Жастар Мәметті ортаға алысты, қарттар бастарын шайқасып үйді – үйіне тарқасты.

Бір топ жастар майысқан шөпті жапырып, қоңыр іңірмен араласып, қыдырып кетті.

 Төменгі жақта, аяқтың астында көбік атып өзен сарқырайды, түтін арасынан жылт-жылт от жыпылықтайды; барқыт-жасыл жайлаудың үңгірінде қоңыр тембіл киіз үйлерді, үй айнала сақинадай оралған қойларды әрең-әрең көресің.

Ауыл тынды. Үйлерге от жақты. Тым-тырыс. Қоюланған ауыр қараңғылықты анда-санда лақтың ащы шырылы ғана жарып шығады, әйтпесе, «Орынтай-ай!» деп баласын шақырған қатынның шаңқылдаған айғайы жаңғырып, тау-өлкесін саңғыратып, қиядан қияға секіріп барып-барып, басылады.

Сарқыраған өзеннің үстінде, қия шаттың  басында, іштері пысып, алысқа қарап жастар отыр... Аталар жайынан, мұң мен зар жайынан, күрсініп кеңес құрады. Қадыр бізді өзіне ертіп алып, қолымызға орыстың мылтығын берер ме еді деп ойлайды... Ондай дәурен болса, олар қойларын жатқа қуғызбас еді, қыздарын тартып алдырмас еді, тамақ үшін жалданған малайды жатқа ұрғызбас еді...

Қадыр Қашқардан келді деген лақап бар ауылға дүңк етті. Бұл ауылға жуырда келетінін де біліп қойды: ол Жұмабай қарттың үйіне бір соқпай кетпейді. Өйткені Жұмабайдың Мәметін Қадыр тым жақсы көреді.

Күннің көзі Алматы шоқысынан аспай-ақ, Мәмет өзінің аз ғана қойын айдап келіп, иіріп, босағада, киіз үстінде отыр еді. Жұмабай баласына сезіктеніп қарайды:

– Әй, осы Қадыр! Баласын да, ауылды да құртады ғой. Кедей Жұмабайға Қадыр одан- бұдан қой әкеп беріп тұрады. Онысы жақсы. Әжептәуір кісі тәрізді... Бірақ қарт Жұмабайды Мәметке бола манап неге боқтап, ұрса береді, балаңды ұр, соқ, Қадырға жолатпа деп неге айтады?.. Оныкі дұрыс болғаны да... Елубай манап бай кісі, оның тілін алу керек... Әрі хат біледі. Ол бәрін біледі.

– Неге отырсың? Жұмыс жоқ па? Әлі адам да қойын әкелген жоқ, сен қызыл іңірден айдап келіп отыра қалдың. Қойдың оты қанған жоқ... Нені күтіп отырсың?

–  Қазір Қадыр келеді...

– Қадыр? Көрсетермін мен саған Қадырды! Жатарда мен саған не дедім? Таңертең саған кәрі әкең не айтты?

– Сен осы Елубай шошқадай қорқып жүрсің ғой... Жұмабай күйіп кетті:

– Әй ант атқан-ай! Тұра тұр, балам! Мен сенімен соңыра сөйлесейін. Сорлы Жұмабай қу сүйек қолы қалтырап, ескі тұрманын аударып-төңкере бастады.

Мәметтің қырағы көзі бозарған тас қияға үңіліп, алыстан Қадырдың ақбоз атын сүйреп алды. Жыландай иірілген жалғыз соқпақпен, ақ арқардай ойнақтап Қадырдын  «Тәңірісі» келеді екен. Жастар жұмысты тастап, үйлерінен атып шығып, әкелерінің айғайына қолын бірақ сілтеп, топ -тобымен Жұмабайдың үйіне қарай жөнелді.

– Бәрің де амансыңдар ма?  – деп Қадыр Жұмабайдың жаман үйінің қасына келіп аттан атып түсті. Аттың басын ұстағалы жатқан кәрі Орынтайды қолымен қағып жіберіп, ауыздығын алып қоя берді. Орынтай томсарып қырындай берді. Қадырға қайта-қайта еңкейіп, есендесіп, ашулы есікке қолымен нұсқап, Жұмабай:

– Сенің арқаңда, балам, бәріміз де аманбыз, әлхамдулилла!.. Қонағым, үйіме кір, әнеугүндей шалды тағы ренжітіп кетпе. Ет же, айран іш! – деді.

Қадырдың жалпақ бұжыр беті күлімсіреді:

– Үйде не бар, осы жерде болады ғой, міне бір шөп жақсы екен, тамақ болса қайтаратын емеспін, өзімде ашпын.

Жұмабай абыржып, қорқыңқырап, қасында тұрған манапқа қарады.

– Қартайғанда босағамнан қонақасы жемей кеткенің жарамас. Саған бермегенде қайтемін. Орынтай,  манағы аяғы сынған қозыны Мәметке көрсет, Мәмет сен менің пышағымды ал, өткірлеу шығар.

– Әлде даяр ет жоқ па еді? – деді Қадыр, алқа-құтан жігіттердің ортасына отырып жатып.

– Қадыр, сен өзгелердей емес, қайда болса сонда жүрген адамсың ғой. Өйткенмен бәріміз де мұсылманның баласымыз, сен біздің елге келгелі бірталай жыл болып барады. Сен сықылды сый қонаққа қой соймай, өлі ет бергеніміз келіспес.

– Отағасы, ол керек емес, – деп Қадыр қолын сермеді.

–  Сый деген не, ет болса бәрі бір дағы. Мен онша сынайтұғын жат қонақ па едім? Өзіңнің де қойың шағын емес пе?

Жұмабай ақсақал меселі қайтып қалды. Басын шайқап, Елубайға қарады да, шаруасына айнала бастады. Жастар Қадырды қамалап, оны-мұны сұрасып жатыр: Қашқарда не хабар бар? Онда да осындай тұрмыс ауыр ма? Онда да орыстардан қорлық көре ме екен?

«Онда орыс жоқ. О жақ жақсы» – деді Елубай манаптың баласы Тұрғанбек. Қашқарлықтар сендерден жақсы тұрады. Ол рас. Неге? Олардың жері бар, бәрі жерден ғой. Адамға жер керек; жері болса қазақ та орыстай бай болар еді.

Қазақ-орыстар неге байып отыр? Олар бізді қалай ұрып-соғып отыр? Оларды ұратын жан бар ма?

–  Жоқ. Неге  десең, оларда ақша көп, оларда мылтық бар.

 – Ақша мен мылтық қайдан келіп отыр?

Жер көп, астық көп. Олар жұмыс қылады. Жерден астық шығарады. Ал қазақ жұмыс қылмайды; ол жердің шөбін ғана жейді. Қазақ үйінде жатып, бетін қарағанды тәуір көреді...Онымен ақша табылмайды ғой.

– Қадыр мойнынан аспалы қамшысын алып, еңгезердей етті кеудесіне артып қойды.

– Сен арамнан жаралған орысқа ұқсап сөйлейсің – деді айбарлы Елубай қалшылдап. Қазақ бір жерде отырып жер қазғысы келмейді. Оған жер неге керек? Жер орысқа керек. Қазаққа не керегі бар? Қазаққа қой керек, жылқы керек. Иә, қазаққа жердің керегі жоқ, Қадырдың сақалына әлі ақ кірген жоқ, Елубайдың сақалында бір тал да қара түк жоқ. Елубай он бес жасынан бері қазақтың қалай дәурен сүргенін біледі. Қазақтың  дәурені қандай еді... Мыңдаған мал айдап еді, санаса таусылмаушы еді, ешкім жер шұқып көрген жоқ та, сонда да кедей болған жоқ.

– Ал? Немене? Неге олай болды?

Онда орыс жоқ еді, міне сондықтан қазақ бай болып еді!

Елубай жақсы айтты, кәрі сайтан дұрыс айтқан жоқ па? Бұған Қадыр не дер екен? Түк айта алмайды. Елубайдікі тіпті дұрыс... Әрине, біз бір жерде отырғымыз келмейді, оның несі жақсы?

Қадыр қапсағай иір денесін қасқырша бұрып алып, қою кірпіктің арасынан оқты көзін Елубайға қадады. Күн күркірегелі тұр... Жасыл іңір жай тапты. Дене біткен қалшиды. Қысық көздер жылтырап, бұжыр бетті сипалады. Аңырған, тым-тырыс, адамдарды Қадырдың сайқы мазақ дауысы қозғады...

– Манаптардың данасы – ақсақалым, сенің сөзің сақалыңнан да кәрі, сөзің анау тұрған қардан - да ақ деп, Алматының ала бас тауын нұсқады; Қадырдың салмақты қолымен бірге отырған көптің көзі тауға қарай бұрылды.

Топ денесін босатып, қимылдасты, сығылысты. Қараңғы ымырт селк - селк етті.

– Жаңа ай туған сайын, Қарғалының суы – да өзгереді... Көктем сайын жайлаудың шөбі де жаңарады, күн сайын сенің Құрымтай сұлуыңның емшегі де тола береді. Данышпан манабымыз кешегі өткен бүгінде болсын дейді... Ешкім пышақ салмасыншы, мен де пышақ салмайын. Көршінің пышағы болып, сенде болмаса, көршің саған етін астырады, атын ерттетеді, өзі шалқасынан жатып жейді. Ақылды деген манаптың өзі айтып отыр, орыс жоқ заманда, жер тырнаудың-да қажеті жоқ еді деп отыр... Енді міне көріп отырмыз, көршің  жерден нан алып жеп отыр, біз оны істей алмай отырмыз, көршіңде пышақ бар, бізде жоқ. Қазақтың қазақ-орысқа малай болып жатқаны сол...

– Рас айтады Қадыр! – деп Мәмет сілкінді.  – Орыс қайтсе, біз де сөйту керек. Сонда біз ақ тас болат үй саламыз, мейрам болса, сапталып қатар түзеп, орыстарға ұқсап, біз де сырнай керней тартамыз...

Кемзалдар қозғалды, қыли көздер жайнады,тамақтан шыққан қоңыр дауыстар сыңғырлады. Жігіттердің оқты көздері өңменінен өтіп Елубай да, шалдар да ашуланып, шөпті тіле жөнелді. Жұмабай қарт, жадау жауырыны бүгіліп: – Құрметті қонағым, үйге кір: ыстық ет пен салқын айран бізді күтіп қарап тұр – дегені гуілдеген жұрттың құлағына да кірмеді, дауыстар құйындай есіп, көкке шапшып, қолдар жарқылдаған жайдай ирек - ирек сермеліп жатты; Иттердің қарлыққан дауысы қоңыр ымыртты арамен кескендей болды... Жалма - жан...Шу!

– Ы-ы-ы, о-хо-хо-хо... –  деген қоңыраудай сылдыраған жылқы дауысы саңғырлаған жұртты киді де кетті.

Қадыр үйретті... Мылтықтың серіппесіндей шалқып, құлағын тігіп, қалшиып қалды. Әбігерленіп кемзалдар да көтерілді.

– Ы-ы-ы, охо-хо-хо!..

– Аруақ атқыр! Менің атым! – Қадыр дүрс қойды; тұйғындай құнтиып, беткелген атқа ақыра жармасты. Дереу атып мінді. Бірнеше адам аттарға ұмтылысты. Аттың дүрсілі ымырттың жасыл қаймағын шайқалтып, өлке бойын дүрліктірді. Аттылар Қадырдың артынан кісінеген жаққа қарай құйындай делегейленіп кетіп жатыр.

«А-е-е-ей!» Ащы айғай әуені жаңғырықтырып, жартасқа соғылады.

Шабаланған иттер...

Қадырдың боз аты қайнаған сүттей бұрқ-сарқ. Аспанға атып, айнала тулап, арқасындағы мықты жігітті түсіре алмай жүр.

– Бәкей! Ойбай, тағы Бәкей! – деп, жылқыға тиген ұры Қадырдың бәйгеде бақ күндесі Бәке екенін тани кетті. Қуғыншыларды көрісімен, Бәкей боз аттан ырғып өзінің қара атына мініп, жоқ болды.

– Мен атымды жарып кете ме деп қаупілеп едім – деді Қадыр жәймен тұрып, – Менің атымды ешкім алып қаша алмайды.

Тезек қызыл шоқ болып қызарған. Қылдырықтай түтін түндікке тырмысады. Еттің, терінің қышқыл иісі шығады. Әрқайсысында бір пышақ сүйек ұстап, қазанды айнала еркектер ет жеп жатыр. Үлкендердің қолындағы сүйек жастарға,одан әйелдерге жағалайды (Үлкендер сүйекті ығынан асырып ұсынады), қолын қусырып Орынтай кемпір қазан басында отыр; иісі жақсы майлы жапырақ еттерді кісілер аузына апараған сайын Орынтайдың аш көзі ауыздарға бірге еріп барады: оның қолына мүжілген қу сүйек қана тиеді. Түкпірде Жұмабайдың жас тоқалы отыр. Жұмабай кедей: қатыны екеу-ақ.         

Шалдар Қадырдан көп татқан, ескі заңға Қадырдың тілі көп тиген, шалдарда үн жоқ... Қадыр бәйбішеге атының басын да ұстатпады. О да сөз емес қой...Үй иесін ренжітіп жуырда үйге де кірген жоқ. Ода тұрсын. «Қой сойып керек емес» деп, шалдарға да ақыл үйретті, оны да кешуге болады. Оның бәрі оқа емес, шалдар үндемес еді ғой. Қадыр добалдай майлы етті Жұмабайдың қатыны Орынтайға ұстата бергенде бәрінен де шалдардың шымбайына осы батты, шыдай алмады... Манап Жұмабайға көзін алартып еді, Жұмабай жаны шығып кеткендей, жұмырығын түйіп қатынына ақырды:

– Ей, алма! – деп сасқалақтап, ақ сақалы селкілдеп, үрейленіп Елубайға қарады.

Ызбарлы манап қойдың құйрығындай домалақ майлы басын қалтақтатып, оқты көзімен Қадырға қарап:

– Қадыр, мұның ұят. Жарамайды, сақалыңа ақ кіргенше баланың ісін істейсің – деді.

Қадыр ұялған жоқ, бұқаның мойнындай сіңірлі мойнын күжірейтіп, қауға басын төмен салбыратты. Көпке дейін бадырақ көзі тезектің шоғына қадалып, содан кейін Елубайдың тышқан көзіне түсті. Қадыр кейін шегініп, ауыр күрсінді.

Сендермен көп сөйлесу керек... Ой, көп сөйлесу керек. Бірақ мен көп сөйлей алмаймын ...

Елубайға бұрылып: – Кемеңгер атай, не айтайын саған? Қара танитын адамсың, менің сөзімді тыңдамайсың да. Сөзбен маған түк істей алмайсың. Әлі таяқты аз жеген екенсіңдер. Сендерді әлі де ұра түсу керек! Көбірек ұру керек. Сендер сонда түсінесіңдер. Қадырды сонда естеріңе аларсыңдар дей, қақпақтай жауырынын бүгіп есікке таман барып.

Мәмет  аттандыруға ұмтылды.

– Отыр! – деді әкесі келте зекіріп. Болмады. Шығып кетті.

– Қадыр, қонып кетсең болмай ма?

– Шыбынсайға бару керек, онда қазақ-орыстың иісі кем. Қолыңды бер. Шыда Мәмет, мен тағы келемін.

Қадыр Мәметті бауырына қысты да, ақырын ысқырды.

Аяқ астынан қуанышты дауыспен  «Тәңірі»  оқыранып қоя берді. Дереу киіктей орғып, кілемдей шөптен аяғын майда сырғытып, иесіне жетіп келді.

Алыстап бара жатқан боз аттыны көргелі, артында қалған Мәмет. Қою, майда қара түнді екі көзімен екі жаққа итеріп тұр еді.

Үйге кіргісі келмеді.

 

 

***

Мәмет үйге кірген кезде, шалдардың ашуы аузына тығылып отыр еді.

Тымырайысқан, сірескен.

Жұмабай қолында қамшы дір-дір етеді. Дөңкиген майлы беттің түкпірінен Манаптың тышқан көзі, «қолға тидің бе?» дегендей, төңкеріліп, жылтылдайды.

Қадыршылап, сенде құранның шариғатын орындамайын деп жүрмісің? – деп қырылдап сұрады Жұмабай ұлынан.

– Мен шариғатқа қарсы іс қып жүргем жоқ, Қадыр да...

Сен  әлде бізден артық білетін шығарсың? Бала атаның айтқанын қылсын деген сөз құранда айтылмап па  екен? Мен саған «отыр!» деп жаңа ғана айттым ғой. Сен шығып кеттің. Онымен тұрмай, Қадыр жақсы істеп жүр, шариғатқа қарсы емес дейсің.  –  Жұмабай Елубайға тағы қарады. – Сен жылқы ұрлаймын, Қадырмен қосылып қарақшы болам дейсің ғой? Ұлың жаман болса, қамшымен жұмсат деп құранда айтпап па?

Байқап көр... – деп,  Мәмет тіп-тік болып, желге майысқан шыбықтай, солқылдап тұра қалды. Ыза кернеп, тамақ булықты. Ащы сөзді айта алмай тіл күрмелді.

Қазір ...байқайын!... Қарбалаңдап Жұмабай жерден тұрып, тәлтіректеп баласына ұмтылды.

Мәмет әкесіне қарап, бүлк етпестен, қасқайып тұр. Қолын да көтерген жоқ. Жас жігіттер бастарын ақырын салбыратты. Кәриялар «қимылда!» дегендей бас изеді.

Мә!..

Пышақпен бетке салып жіберді. Тұла бойы шімірікті. Қан бұрқ етті. Көзін жапты. Ернін жыбыршытты. Мәмет бетін ұстай алды, қолы жабысып қалды... Тұра ұмтылды есікке.

– Бай, жылқың қайда еді?

– Жылқы қайда?

 Кеш болғалы екі бала күзетте - деп Елубай мырс етті.  – Бара берсін. Жақсы істедің, Жұмабай! Оған со керек еді. Әке болса Жұмабайдай болсын деп қашаннан айтпаушы мем, өскен соң өзі жалғасын айтар.

Мәмет   үй-үйдің арасымен жылқыға тартты.

Бұл оныкі емес. Бұл Шөмішбайдың жаман аттары екен... Мынау Сейітбайдың жылқысы... Ішінде Елубайдың айғыры жүр ғой... Аяғына қою шалғын сықыр-сықыр етеді. Жердің беті көк барқыттай төселген қараңғылық. Гүлдің иісі, жылқының тері сасиды. Көк күмбездің бетінде алтын тамшыдай жұлдыздар дірілдейді...

– Бұ кім?

Мәмет жалп етіп, шөпке бауырын төседі.

– Мәмет, сенбісің? – деді Мәметке еңкейген сыбыр дауыс.

– Сен, Тұрғанбекпісің?

– Тез аттанда, жет. Біз әзірлеп ерттеп қойдық. Әкел. Тұрлыбек! Бол жылдам, Мәмет! Қадырға сәлем айт. Қадыр қайда болса, біздің ауылдың жігіттері де сонда боламыз. Ол бізге ұстаз болсын, біз оның соңынан ереміз.

Қалқам, бауырым! Тәңір жарылқасын... – деп, Мәмет қанды бетін Тұрғанбектің жасты бетіне басып, бауырын құшты да, ырғып ерге мінді.

– Айтармын... Бәрін айтармын... Көп айтармын...

Аяғын бір тебініп, қолын бір сермеп, қараңғы түнге сүңгіп кетті. Шөпті басқан аттың жұмсақ тықыры да, кешікпей басылды.

 

 

III

«Іле»-нің арғы қабағында жотаның екі адырынан Мәмет құстай ұшып өтті.

Қуғыншы жоқ екеніне көзі жеткен соң, аттың басын тежеп, аяңдады. Ентіккен демін бір алып, тізгінді босатты. Төңіректі бір шолды.

Жамжол жотаға шығып, күдістеніп барады. Екі жағы қарауытқан терең шат. Төмендегі судың сыбыры құлағына әрең естіледі. Аттың жалын ұйтқытып, жел ойнайды. Гүлдердің иісі мас қылғандай аңқиды. Жұлдыздар күледі.Тым-тырыс.

– Ой, Алла-ай!Жақсылықты мұнша көп істермісің? Адамдар дәйім жауыздықты неге істейді? – деп  сұрады Мәмет жұлдызды көктен. Жұлдыздар күліп тұр, күлгенінен болар-болмас селк-селк етеді.

Міне «Шыбынсай». Мәмет аттан түсті.

–  Бұ кім? Мәмет сенбісің? Мұнда неге келдің?

–  Мен ауылымды тастадым. Сенімен бірге боламын...

– Мынауың не? Неғылды? Қан ненікі?

– Біздің ауылдың барлық жігіті сен не қылсаң, соны қыламыз деді... Қазақ-орыстың басын кесеміз. Кедей қазақтарды...

Мәметті жас балаша Қадыр көтеріп алып, үйге кіргізді. Уатты. Бетін жуды. Үй иесі жас жігіт болысты. Мәмет қолын сермеп, бір отырып, бір тұрып, кептің қалай болғанын сөйледі. Қадыр тары түйетін келінің үстінде, отқа қарап отырып «міне бүлік!» деп ойлады.

Қадыр тұрып жатып :

– Сен ауылға қайт! Жігіттерге айт, олардың ойындағысын істеуге әлі ерте деп айт...Ұқтың ба? Солай де: ерте... жарамайды.

– Мен ауылға бармаймын. Енді әкеммен пышақтасқым келмейді... – деді Мәмет.

– Оқа етпейді. Менің бір жұмысымды орындап кел, содан кейін тып-тыныш ауылыңа қайта бер. Қой бағу керек.

Түн ортасы кезінде Мәметтің  қарагер аты, ақ бұлтпен айқасқан қара бүркіттей, Қадырдың боз атымен қатар аяңдап келе жатты. Әңгімелері ақырын шықты. Шөпке тұяқтарын жұмсақ басып келеді.

Иттің үргені естілмейді; өзенде сылдырамайды. Жапан түз. Тым-тырыс. Елеусіз жел әнтек ескендей...

– Міне! Қал осы жерде! – деп сыбыр етті Мәметке.

 – Өл! Бірақ жүректің қаққанына даяр бол!.. – деді де Қадыр жоқ болды.

 

 

***

– Ақырын, енесін ұрған...

– Ұқтым, тақсыр...

– Үндеме!

– Алты қазақ-орыс, алдында атаман кісі өлетін қараңғыда қыбырлап, ептеп басып, ылдиға түсті. Біреуінің алдында ерге бүктеп өңгерген қол-аяғы таңулы қыздың денесі. Аузында ақ көбіктей орамал ағараңдайды.

Ылдиға түсісімен лап қойыңдар-деп сыбырлады атаман.

– ...Ы-ы-ы-ғы қараңғыда жұлқысып қалды. Қазақ-орыс қолындағы қыздан айырылып, қапша домалап, аттан ұшты. Ат қорс етіп, жарқ берді, үстіндегі өлікті сүйретіп, ойға қарай алды да жөнелді.

Олжаны қағып алып, ақ тұйғындай сымпылдап, Қадыр ағараң етті.

Көз алдында бұлт беріп, ағараң етіп, сайтандай жоқ болған адамды көріп, қазақ-орыстар: –  Қадыр !Қа-ды-ыр! – деп бақырды. Тау әлем  – тапырық, тас тарсылдап  төмен домалады. Көгерген түнде тітіреді. Үнсіз, тілсіз ақ құстың соңынан түсіп, орды, жарды тыңдамай, аяғының сынғанына қарамай, тау мен тасты талқандап, аттар шауып барады.

 

 

***

Мәмет дір-дір етеді. Қарагер ат  та пысқырып, дір-дір етеді. Жақындады, таянды... Дүрсіл, айғай...

– Мә! – Шап ауылға – Елубайға! Мәмет олжаны құшақтай алды.

– Құрымтай?!. Қарағым!..

– Тез!

Қазақ-орыстар таяу. Бірақ Мәмет жоқ болды. Мәметті қараңғы түн жұтты. Төсіне кешкі арманы балдырғандай майысқан жылаңқысып, жылан емес, таудағы жастықтың хош иісті әнін құшып, қараңғы түнде, қараңғы көлеңкеде елбелектеп, Мәмет ауылына тартты.

Қазақ-орыстар Қадырды көріп қалды:

– Әне! – деп безелектеді; Басы-көзін тер жапқан аттарына тепекті салды.

– Ұста! Ат!

Дер кез.  Қадыр аттың мойнына еңкейді де, тақымын қысты. «Тәңірі» дір етіп, қозғалып кетті. Сүйріктей ақ аяқтары таспен ойнады; дөңдерден дөң асып, ақ бұлттай сырғанап, қара түнге бұраған бенттей сіңіп кетті. Қадыр жоғалды.

– Тфу,әйт!

– У-уф-фф! Мылтықты суыруға да мұршаны келтірмеді...

– Атыңа болайын! – Қазақ-орыстар тоқтады.

Түн тымық. Аттар танауратқан: бүйірін соғады, буы бұрқырап, ыстық тер пұшпағынан ағып, сүмектей.

– Әй, Язби – тебе ... Соғылған... Тұра тұр, бәлем! Атаман қылатын кім екенін танытармын – деді долданған атаман. «Енді полковник күлкі қылады-ау!» деп ойлады тыржиып... « Мен айтпап па едім саған...» дейді ау! Тфуу-у!

– Кісі емес, құдайдың бір бәлесі ғой!..

– Үндеме!

– Қойдым, тақсыр...

 

 

IV

Ауыл жым-жырт. Жан жоқ. Таудың қарын күн ерітіп жатыр. Қар жылт-жылт етеді; қия тастар танадай жалтырайды, жайлаудың жасыл кілеміне денесі жалаңаш, қола тәрізді балалар асыр салады, иттер сілекейін шұбыртады.

Кеш жақын ба?..

Түннің қара көк шапанын жамылып, екі қара көздің жолығуы жақын ба?..

Құрымтай мен Мәмет.

– Кеш таяу ма?...

Күні бойы көкке көзін сүзіп, қой көзде де отыр. Қой бағу Құрымтайдың қара көзіне қарағанынан ләззатты ма?  Мәметтің де кібірі қалмай: қойын ауыл қасындағы қырқаға таман қаптатып салып, төбе басына шығып,  жер бауырлап жатты. Екі көзі ауылда. Онда сәулесі бар ғой; оны көрмей, қалай шыдасын?..

Қошқыл арқаны күнгейге қарсалап, көйлекпен жел ойнайды. Бұйра қойлар шөпті бырт-бырт жұлады. Баурай жым-жырт. Тек анда-санда даладай байтақ, жолдай ұзын, жалғыз кісінің салған әні беткейден-беткейге сорғалап, құлаққа жылы құйылады.

Бірақ... бұл не?

Ит шабаланды: ауыл әбігер, ауыл қырылдады. Ауыл сақшысы иттердің кедір-бұдыр дауысы желпілдетіп, жарыса-жарыса ұлып естіледі. Иттер орысқа ғана бұлай үруші еді... Жасыл зүмріттей жайнаған жайлау күрілдеді, дірілдеді; ауылға қимыл кірді.

Найзалары жарқылдап, қамшылары зуылдап, таудан қазақ-орыстар құлады. Қара атты, қызыл бөрікті жігіт алдында келеді ойнақтап.

Бәкей! – Тани кетті Мәмет, көкірегінде  бірдеме қолға түскен құстай тыпырлады... «Қадырды іздеп жүрген»  деген ой сап ете түсті. Құлағын түріп, шөпке бұқты. Тамыр біткен сіресті, қаршыға көзі бұрғыдай тесіп барады.

Қазақ-орыстар тоқтады. Қаутаңдап, дірілдеп үйлерінен шалдар да шықты. Шұлғып жатыр. Иығын қысады. «Білмейміз» дегендей қолдарын екі жаққа созады, бөріктерін алды. Қазақ-орыстар ат ойнатады, ақырады.

Қазақ-орыстың қамшылары бүгілген арқаға, тақырбастарға  зу-зу шыпылдады. Иттер қыңсылайды, жан шошырлық ұлыды. Ойбайлаған қатындардың, жылаған балалардың дауысымен тау жаңғырып, сыңсыды.

Мәмет қалтырап қарап тұр.

Әне Бәкейдің қызыл бөркі үй-үйдің арасымен сүңгіп жүр. Елубай Манапты Бәкей атаманға алып келді. Атаман еңкейіп қамшысын көтеріп, бірдеме сұрады... Манаптың семіз қолы көтеріліп, «Шыбынсай» жақты нұсқады...

Мәмет жерден мысықша секіріп тұрды, секіріп атқа мінді. Қазақ-орыстар қозғалды. Манапқа қарғыс айтып, атын басқа-көзге төпелеп, төте жолмен Мәмет Қадырға, Шыбынсайға тартты. Жетсе жарар еді... Аты жығылмаса жарар еді...Тезірек... Өзеннен өтіп тасты – тас, томарды-томар демей салды...

Міне, Шыбынсай. Үй қасында – «Тәңірі», күндегідей ерттеулі.

Тез аттан, Қадыр! Қаш! Қазақ-орыстар оң жақтан келіп қалды! Жақын! Үй теңселді, Қадыр кие-жара шыға келді.

– Мәметпісің?! Қадыр аттанды.

Оң жақта ма? Уақа етпес: сол жақтағы жол ашық. Тыңда. Мәмет!

Қадыр қабағын түйіп-мұныңа алда разы болсын, бірақ, ендігәрі бұны қылма... Есіңде болсын, менен де сенің өмірің қымбат, өзің маған келуші болма... Міне олар ... Ал кетелік, атымызды жаралап жүрер.

Қадырдың белі садақтай бүгілді, аттың жалына жата қалды. Аты ыршып, қайыстай созылып, желдей есіліп, шөпке жабысып, көсіліп сала берді. Таудың үңгіріне қарай атқан оқтай зымырап, Қадыр көзден ғайып болды.

Мылтық тарс етті.

Бірақ кеш атты.

 

V

Ей, тауларым, тауларым, мұнарланған тауларым! Әрі жатым, әрі жақын – тауларым! Күміс басты-қасқыр тісті...  Таудың алысы ақ сандырғы-алыстағы  бақпен тең. Гүлді-балды жасыл жайлау – Іленің бейне кілемі. Кешкі ауылдың бозғыл түтіні, аттың кісінегені, алқаптың желі... Сүйемін сендерді; аңызғақ жанымның жасыл мұңымен сүйемін.

Қоңыр камыз өлді сүйекті. Қошқыл, күдіс жауырындарым! Тақыр, көк аяз бастарым, асқардың таңына, алыстағы бақытқа сермеңдер қолды...

Созылған желдер, қасқырдай иісшіл, секек қой желдер... Бірақ... әлі ерте; ертең  иісі шықпайды, сонау қырдың астынан әзір таң көрінбейді. Найза тастар әзір қанға шомылмайды...

Ерте. Сүйекті жауырындар, қамшыға әлі жоныңды тосып, бүгіле түс, шыдай тұр.

Күтіңдер, кімде-кім бүгіле алмаса – ол әлсіз, ол керексіз Қирада, жоғал...

Қадыр күрсілдеп дем алды. Төскейдей көкірегіне бақырдай басы салбырады. Қола мойнының білеу тамырлары бүлкіл қақты. Қыл арқандай  саусақтары бұдырмақ болып айқасып, ауыр шықырлады.

Жұлдызды түн қара барқыт боп жайқалды.

Ақ бұлт боп, тықыры білінбей, ат жақындады. Еркелі ерінімен иесінің құлағын жыбырлатып, қытықтады.

Буылдық саусақтар тарқатылды. Сүйікті атыңның күлімсі иісті ақ атлас терісін еркелетіп сипады; ақылды аттың тұмсығы тікенек бетке жабысты.

«Досымның аяғы әлі де шабысқа жарайды екен, - деп ойлады Қадыр.

– Кең жауырынымның әлі де күші көп екен. Іле Алатауында осынша жыл мені жасырып, сақтап келген ой, шұқыр, қуыс үңгір аз емес. Әлі де алысуға болады. Бірақ... алысуға тұра ма? Керегі не? Күні жетпей жас гүлдерді деміммен жылыттым. Ауылдың жаман шапаны ішінде қара барқын қан қайнап, жалғыз жарым бастар көтеріліп жүр... Өйткенмен... ерте... тау желінің лебі әлде болса, аяз бен қар; әлі де бір адамнын басына жүздеген мылтық, найза, қазақ-орыстың қамшысы төніп тұр.

Бірі қалмай, қырылса сонда жалғыз мен жазықты...» – деген ойлар тасты сеңдей ойын кернеп, булықтырды...

Қара жел қия тасқа қалықтайды.

Қараңғы.

Жым-жырт.

– Бұ кім? – Қадыр пышаққа тап берді,

– Бұл мен, Мәмет, –  деді ақырын қара түн.

Мәмет аттан түсіп, жақын келіп, қатар отырды.

– Мені қалай таптың?

– Үш күндей шаптым...Таптым.

– Есіңде жоқпа? Мен үшін басыңды қатерге салма, маған бола келме дегенім қайда?

– Қадыр, мені жақын дос қылғың келмей ме? – деп, жастың дауысы дірілдеді.

Тегеурінді қол жылы еркелікпен Мәметтің арық арқасын аялады.

– Балам, Мәмет! Топты күйкентай кәрі тұйғынға жабылса, көк шымшық не қайран қылмақ; тұйғыннан бұрын өзі өледі ғой.

Мәмет, қайнаған судай, бұрқ-сарқ етті:

– Қадыр, күллі ауылдың жігіттері сені күтіп жүр, бәрімізді өзіңе ертіп алсаң...

– Жігіттер түгілі «бүкіл» қазақ қолына пышақ алса да, түк өнбейді, – деп Қадыр басын шайқады. – Әлі ерте... кімді пышақтауды, не үшін пышақтауды, арты не боларын ешкім білмейді. Байлар ешкіммен қырқыспайды, өздерінің тұрмысы жақсы: не қылсын; кедейді қайда апарсаң да, кіммен соғыстырсаң да даяр... Бірақ кіммен кескілесерін білмейді.

– Неге білмейміз? Орысты кескілеу керек!

– Міне, қолға пышақ алу ерте дегенім осы, жұрттың көбі солай ойлайды... Орысты неге кескілеу керек?

– Неге десең, орыс емес пе бізді қамшының астында шірітіп, жұмысын текке істететін, қойымызды қуып кететін...

– Қазақ бірін-бірі ұрмай ма? Жұмысын істетпей ме? Бірінің қойын бірі тартып алмай ма? Біздің байларымыз, манаптарымыз малайларын ұрмай ма? Жұмысты текке қылдырмай ма?

–Енді кімді кескілеу керек?

– Білмеймін. Менде білмеймін, – деп Қадыр маңдайын қысып, қынжылып тағы сөйледі. – Бұрын мен күллі орысты қырып тастау керек деп ойлаушы ем; міне мен жаз осы тауды жайлап, қыс Қашқарды қыстағаныма он жылға айналып барады; содан бері ойлаудамын: «Кімді қыру керек», әлі күнге шейін білмеймін, ойласам да таба алмаймын. О-о-й, дариға-ай! Егер мен көп-кө-ө-п білсем! Орыстардай білсем... мен онда... ім-м!.. мен онда... -еһ!..

Мәмет Қадырды аяп кетті.

–  Бай біткен жарлыны жаншады... Орыста, қазақта... бәрі де-ендеше бай біткенді қыру керек! – деп ышқынды Мәмет ақырып. – Орысты да, қазақты да!

–  Міне! Орыстың малайлары неге үнін шығармайды, таяққа арқасын тосып жүре береді, өз байларын атпайды? Ә? Қазақ малайынан олар әлде қайда ақылды емес пе? Олардың қолынан бәрі келеді, олар атуды да біледі. Олар неге көтерілмейді? Орыстың бәрін қазақ неге қырады? Қыра ала ма? Оның арты неге соғады? – Бізде мылтық жоқ, мылтық атуды білмейміз... Не шығады?

– Енді қайту керек?..

«Қайту керек?» – деп күрсінді қара түн. – «Қайту керек?» – деп сұрады қия тас.

–  Орыс малайы не қылса, біз де соны қылу керек... Мылтықты қашан қолға алу керек екенін олар біледі; олардың ақылы көп. Міне солар бас көтерген кезде, біздің ауылдың жігіттері де қолына пышақ алу керек... Әзір шыдау керек,  жоныңды тосып, беліңді бүгу керек...  – Иә... менің жонымды... көрмейсің бе, – деп Іленің жотасындай иір-иір жотасын қырындатты. – Мұндай арқа майыспайды, – Міне... Менің басымдағы қырсық осы... майыспаған нәрсе, сынып кетеді.

Қадыр Мәметті иықтан қатты ұстады.

– Мәмет, сен - менің сенгенім... Сен – қазақтың, малайдың алдындағы ырыс боласың. Құлағыңды сал айтқанымды ұғып ал:

–  Менің істегенімді сен істеме... Мен қазақ-орыстың басын көп кестім... Тегіннен тигем жоқ, жазығы болды, оларға сол керек еді... бірақ одан не пайда шықты? Түк шыққан жоқ... Ол керек емес. Мәмет, сенің саңылауың бар, буының әлі қатқан жоқ... Сен орысқа бар, беліңді бүк, олармен бірік. Олар не істесе оның бәрін сен де көр, үйрен, сен бәрін білсең: хат танысаң, орыстың білгенін түгел үйренсең, кіммен жауласу, қалай жауласу керек екенін сонда білерсің... сонда менің жете алмай кеткен арманыма, менің істей алмағаныма сен жетерсің... Бұл күнде әлі ерте... Сен Іле  тауының күллі жігітін жинап, басын қосасың...

Қадырдың жылқыдай денесіне бұраңдап, сүйеніп, көзі бажырайып Мәмет тыңдады. Қара сеңсеңдей қара түн қараңғылығына екеуін де бөледі. Мәмет ұзақ тыңдады...

 

 

VI

Шылғи терідей ауыр аспан, қасқырдың тісіндей сүңгі тастарға қарнын тіледі. Қышқыл-қошқыл  сеңсеңдей қара бұлттар далба-дұлба болып, дәні сорғалайтын тәрізді. Тезек түтіні сары зәрге ауыл оранды... Алуан айқай қиқы-жиқы дүрлігу мал тұяғының дүрсілі жайлауды күңгірлетті. Үйде ит, түзде қасқыр ұлыды. Оттың оқтары шатқа шапшыды. Сынық қиқым, уақ тастар біріне бірі шақылдап; ойға домалады. Жасыл көбік боп, өзендер шашырады. Қой терісіндей бұлттар сорғалады, сауылдады.

Алда кәріне мінді – жақсы болмас...

Мұндай нөсер сирек болады. Шылқылдаған, құрым сасыған киіз үйлерде сар сақалдар сыбырлады.

Мәмет тұншығып барады. Тыныштық жоқ.

Қадыр есіне түссе  – кеудесі қарсы айырылады... Үйден шықты. Тастан жасаған заңғар киіз үйдей «Құмбел» тауы мұнарланады. Тұрғанбекке Қадырдың сөзін түгел айтты. Өз күйігін де сөйледі.

– Оған өзіміз барайық – деді Тұрғанбек.

–  Келме деді...

– Барайық, көрейік: аман ба екен, сонсоң қайтармыз.

Жүріп кетті. Сабалақ бұлттың астында екі жігіт қанша жорытты. Су киімді сұрқыл желдер айырды. Аттың жалы мен құйрығы араласты. Ұзақ жүрді.

– Енді жақын, – деді Мәмет.

–  Үй! – Тұрғанбек баж етіп, борбайға көміп қалды, – Мына қара Мәмет! Қазақ-орыстар!

...Дыбыссыз, шынжырдай тізіліп, қараңғыда әрең көрініп жауға шабатын түрде Қадыр жатқан үңгірге қарай қазақ-орыстар қыбырлап келеді.

– Тез, тезірек! – деп дірілдеп Мәмет сыбырлады, - Қадыр жоғалды... құрыды Қадыр... Оған  барып, аттан делік те - ауылдағы жігіттерге шабайық...

– А, а, а-ы-еееы!.. – жараланған аңдай ұлыған зарлы айғай таудан тауға жаңғырығып, қияға кетті. Қырғауылдай қырқ етіп, екі қолдар ербеңдеп, аттары ырсылдап, екі жігіт ауылға қарай ат қойды.

 

 

***

Қадыр естіді. Айғайды сезді. Ерге ырғып мініп, тарасуға зымырады. Қазақ - орыстар қиқуды салды. Жарақтары сыңғырлап, жүзе ұмтылды. Алдында Бәкей.

– Атпа, атаман! Айтқанымды қыл! Қадыр құтылмайды, алдында жол жоқ... Ха-ха-ха! «Қасқырсайға» өзі кетіп барады.

Іленің тауын Қадыр  жақсы білетін, Бәкей одан да жетік... Ол мұнда туған. Қадыр қақпанға түсті... Қашар жері шамалы-ақ. Алдында «Қасқырсай», ар жағы терең құз, екі жағы тік жартас.

– Ей! Ұмтыл! Аха, қолға түсті! Қарақшы!

–  Атпа, атаман! – деп Бәкей бақырып келеді: - Атын өлтіресің! Тірідей ұстайық! Міне. Бітті. Қадыр тоқтады. Құз айдаһардай аузын ашты. Қараңғы аузын. Аты пысқырды, ыршыды.

– Е-ей! – қазақ орыстар да тоқтады.

Қадыр артына бұрылып, қараңғы тасқа баяу қарап көзімен бір шолды. Қазақ-орыстар тосып тұр. Салмақпен қылжыр мырс етіп, қасқырша бұрылып, ақырды:

– Ей! Аңшының иттері! Қасқыр өлгенін тілейсіңдер ме? Жақсы. Кәрі қасқыр өлсін. Тыңдаңдар! Ол өлгенмен, Іле Алатауында оның толып жатқан бөлтіріктері қалады... Білдіңдер ме? Бөлтірігінде есеп жоқ. Қасқыр қазір өледі. Бәкей, сен ер жігіт едің, осынша қыр соңымнан қалмай, кімнің қамын ойлап жүрсің? Ә? Қызыққаның менің астымдағы аяулы ақ боз атым ба? Ха-ха-ха-ха! Білемін мен! Жоқ, шырағым! Сен жақсы атқа мінуге жеткен жоқсың... Ал, ей!..

Алыста дөң басында жігіттер де көрініп қалды. Олар тек Қадырдың ат жалын құшып, атын аспанға шапшытып, құздың үстінде ақ жаулықша  қалбандап, жоқ болғанын көріп қалды.

Жігіттер дір етті. Бәрінің «ах!» деген ауыр ыңқылы бірақ шықты... Бәрі бірақ өкірді,  атой берді, ақырды, тұяқтары дүңгірлеп, аттай пысқырып, қара бұлттай, жанды еттей қазақ -орыстарға қаптады.

Ыңқыл. Ыңыраныс. Зар. Шықыр...

Қорқырау...

– А-е-ей! Ей!

– Тоқта!

– Бәкейді! Бәкейді!

–  Әга!

–Уух-х!

– м м – м м...

– Ай!

– Ақымақтар! Ха-ха-ха-ха!

– Охо-хо-хо!

– Ох!

Тау ыңқылдап ыңыранды. Жер солқылдап, ішін тартады. Кемзал ішіндегі еттер шапқыланады, кескіленеді, қорқырау, ащы кісінеу, қылыш сыңғырлау,  жігіттер бірінен соң бірі баудай түседі, өлі еттей домалайды; бас сүйектер сақырлап жарылады. Әуе тер, қан, тері, кемзал сасыды. Атыс болмады...

Жаралы Мәмет пен төрт-ақ жігіт ауылға қайтты.

« Ерте деп Қадыр шын айтқан екен».

 

 

Екінші тарау

I

Әскери нәзіреттің төртінші шатыры жым-жырт шаттықта. Сырлы еден айнадай жарқырайды. Мешіттің қан - қызыл көмейі шырт-шырт етеді. Жылы, таза тізілген ақ төсектер. Дәрі иісі аңқиды. Сенекте дүңгірлеген аяқтың тықыры көпке шейін басылмайды. Мәмет әбден оңалды. Үлкен дәрігер әлдеқашан шығармақ еді, бірақ күтуші әйел аялдатып жүр. Ол Мәметтің барар жері жоғын біледі. Көше қыс. Қаралы қазақтар  далаға, қыстауларына көшіп кеткен.

Нәзіретте жату Мәметке ауыр. «Көңілің неге шабады? Ас іш...» – деп сұрағаны, күткені, мәпелегені, бәрі жат, Мәмет оған үйрене алмайды. Бәрі мазақ еткендей көрінеді. Ерігеді, еркіндік тілейді... қандай жұмыс болса да шамасы келетін.

Бір күні Мәмет шелек алып, ас үйге шәй алуға барды; артқы қорада екі қазақ тымақтарын желкесіне кекжитіп, тері бұрқырап отын кесіп жатыр екен.

«Міне жұмыс!»

Шәйдан кейін Мәмет нәзіреттің шалжиған кебісін сүйретіп, тоң көшемен жүріп қораға барды. Ат қораға кірді.

–  Отын кесейін деп пе едің? Нәзіреттен шығасың ба? Шыға сала жұмысқа түсейін деп пе едің? Жігіт! Сенің туысқандарың көбі жұмысқа қырбай ғой...

Мәмет атшымен сөйлесті. Жел қаққаннан болса керек, атшының сіңірлі қызыл мойыны, аяз қарып түлеген мұрыны, ақ кірпіктің астында сығырайған, мұңды ойлы көзді атшы екенін көрсетуші еді. Буы бұрқыраған боқтыққа ашасын қадап қойып, майлы шинелінің өңірін қайырып, атшы қалтасынан кестелі көк дорбасын суырды. Неліктен екені белгісіз, Мәметке орыспен әңгімелесу бір түрлі жеңіл көрінді. Ең алғаш сезгені осы.

– Ал, енді мынау... нәзіреттен шық, бізге ат қораға түс. Мұнда біз Нүнза екеуміз тұрамыз.

Нүнза – дүңген, аяулы жігіт. Түнде – отын кесіп, үйімізге тебен-тиын табамыз. Сен келсең, бірігіп жұмыс істейік.

Шапанының етегіне сүрініп, мәз болған Мәмет қайта жүгірді. Аязды көк ауаны судай жұтып шашалды. Шатырға келіп, жұмсақ көрпеге оранып, ертең үлкен дәрігерге қалай шығам деп айтатынын, қалай жақауратып көндіретінін ойлады. (Паңсыған қатал шалды Мәмет жаратпайтын). Соны ойлап жатып, қолын жастықтың астына жіберіп көзі ілініп кетті.

 

 

***

Ай жүрген көгілдір түн самаладай - мейлің кесте тік, сықырлаған көк қар жылт-жылт етеді. Шықырлаған отынның үстінде шыныдай аяз қужаңдап,  ағаштан-ағашқа секіреді. Өткір ара шыңылдап ән салады. Мықыр келдекті аунатып, келдек балта гүрс-гүрс ұрады. Жабысқақ шайыры сорғалап үйеңкінің кесіндісі орман иісін мүңкітіп, күрсінеді.

Мәмет ыстықтады. Тамаша. Жылы қолғаптың ішінде қолдарын ыстық қан кеуледі. Балтаның сабын мықтап қысты. Құлағы қыз-қыз жанады.

– А а-ап!

Ағаш шытырлап жарылады.

– А а ап!

– Жат солай! А-бәлем!

Жұмыс қызды. Қол дуылдады. Шолақ тонның буы терлеген аттай будақтайды.

– Ей, жігіттер! Бітіріңдер! Сағат үш. Тамақ суып қалды!

– Пазлов бақырып тұр. Рас қоятын мезгіл: қарашы, қанша өкіртіп тастадық! Болар. Жүріңдер тамаққа. Аспапты ала жүр.

– Мәмет! Қарның ашты ма, құлыным?

Ойнап, қалжыңдасып, аспаптары сылдырлап, терлеген арқасын жазып, қарды сықырлатты.

– Түфу, шайтан! Осынша жағып! Дем аларлық емес қой!

Ат қорамен астасқан кішкене бөлме, моншадай қайнайды, қуырған етпен сарымсақ иісі тым қою, жемей тойғысыз. Қабырғада жүген, айыл-тұрман ілулі, бұрышта қамыт, ершіктер, бөлме тар, түтін, бірақ тұянадай жылы, суық көшеден келген кісіге мешіттің үсті тәрізді.

Тамақтанып алып, бәрі де киіз үстіне тыраңдап жатып қара май сасыған махоркі темекілерін тартты; жатар алдында рахаттанып керіліп құрысқан денелерін жазып, кешкі кеңестерін шертеді.

Кеңестері: қызмет, төре, «тамақ» жайынан.

Мәмет малдасын құрып отыр. Үн жоқ. Тыңдайды. Жылы: бұйрық. Оған қызық: мынау адамдарды алғаш көргені осы, олар жақын бауыр тәрізді... Логинов, Нүнза, Пазлов, орыс, дүңген, ноғай, бәрі бір туғандай... Тұрғанбектен де жақсы жоқ... тіпті  Қадыр тәрізді... есіне түсіп кетті... бірдеңе көкірегін қысқандай болды, сон соң мұрны жыбыршыды. Мәмет қызарып кетті, теріс айналып, қараңғы бұрышқа қарады.

Қысқы іңір құлпы көк елес болып жүзді. Сорайған талдың басында шатырдың қарайған үстінде, өлген тамның крешінде сабалақ құзғындар тамағынан қарқылдады.

Мәмет суаттан қайтты. Ат қораның іші жылы, аттың тері, көк, жоңышқа иісі мүңкіді.

Шөп салып жатып, аттарды Мәмет еркелетіп қақты. Оларды жақсы көруші еді.

«Олар да біздер, малайлар сықылды, үндемей жұмыс қыла береді»... Мәмет лашығына кіргенде, аң-таң болып, қалтиып қалды; Логинов Қадыр жайынан сөйлеп отыр екен.

Мешіттің аузында Нүнза мен Пазлов тек отыр. Бажырайған қыли көздер жайнаған оттай құлпырады. Әңгімені тыңдап, ойға қалып, бас изесті...  Мәметті Логиновке бір магнит тартқандай...

Бір күні екеуі мешіттің аузында кәші істеп, қаладан Нүнзаны тосып отыр еді. Мәмет: - Айбан, сен Қадырды қайдан білесің? – деп сұрады. Логинов жанған шоқты шымшуырмен алып, сабалақ шылымына жақындатты, бірақ тұтата алмады; Мәметке толықсыған алтындай сары басын бұрып (жарықтан жасқанып көзін қысып), зекіп айтты:

– Қадырды білмеу бізге ұят.

Шылымын тұтатты да, Қадыр қазақ - орыстаға қандай қылғанын сөйледі.

Көп сөйлесті. Қазақ орыстар неге бай, солдат пен мұжық неліктен кедей. Солдаттар «қамшытартқыштар» - ды (онысы қазақ - орыстарды) неге жарадай көреді. Бұдан он жыл бұрын Логинов Ресейде үйінде жүргенде, зауытта жұмыс қылғанын – бунт (бүлік) болғанын, жұмысшылар жұмысты байлар үшін текке істемейміз дегенін, оларды қазақ - орыстар қамшы, найзаның күшімен жұмысқа  айдағанын әңгіме қылды.

Солдат немене... олардың өзі де қарақасқа, өздері де малай... немене? оның сау десе жері барма? Солдат өз туысқаны жұмысшыны ата ма?..

Логинов Ресей туралы, зауыт, жұмысшысы туралы сөйледі. Малайлар неге үлкен бүлік шығармайды? Логинов Мәметтің бақырайған қыли көзіне қадала қарап, әнтек жымиып, иыққа қақты.

– Мәмет, сен аяулы жігітсің... күте тұр, бауырым... әр ненің мезгілі бар... енді өзі де таяу...

Мәмет Айбанмен шын дос болды. Бәрін айтты; Қадыр жайынан, ауылдағы өмір жайынан... Қыс түндерінде ат қора жоңышқа сасиды; пеш қызу гуледі, қызыл сәуле қамыттарға секіреді. Есік көзі будақтаған бу; пеш үстінде Пазлов ыңырсып өлең айтып отыр, Мәмет Логиновтың кеңесін тыңдап отыр.

Өзі де көйтті кеңесті: Қадыр, Тұрғанбек  жайынан, әкесі жайынан, Құрымтай жайынан... сөйледі.

–  Сен орысша жақсы сөйлейсің, хат үйрену керек - деді Логинов.

– Мені кім оқытады?

– Мен ше.

– Сен хат білесің бе ?

– Аха! – деді мына жақтан Нүмза. – Ол әлдеқашан прапессер болар еді, өзі болмайды, атшы болғанын тәуір көреді.

– Неге?

– Бірдеме ғып, жылтырауықсыз - ақ күнелтерміз – деді Логинов отқа түкіріп сон соң қабағын түкситіп:

«Өзімде көрінген иттердің жағасынан алуға қолым қышып жүр»  – деді.Кроваттан дорбасын алып, қара майлы күс қолымен тарқатты да, кестелеген қарыпты көрсетті: мынаны көрдің бе... қалаш тәрізденген... бұл «ув» (в), «у у у...» ұқтың ба? «в вв» шырағым бұл онша қиын емес...

– Иә... мынау скамиенің аяғы тәрізденген «А» (А).

– Бұған неге салып қойған?

– Бұ ма? жәй әшейін... – деп жымиды Логинов.

Нүнза күлді:

– Ал... айт, айт.

Бұ ма? Бұны Ресейден зауыттан қалыңдығым жіберген... Сол белгіге тіккені ғой, «сүйікті Айбанға»... бірақ ол хатты жөнді білмейді... мен оны оқытып болған жоқ едім.

Әліпби оқыту басталды. Қара таңбалар Мәметтің миына жасырынғандай жабысып түнде қимылдап айғай салып жүрді.

 

 

II

Қыс бітуге айналды. Жер иісі, тау иісі аңқыды. Мәмет баяғы ат қорасында, қамыттармен аралас кішкене бөлмесінде тұрып жатты.

Нүнзамен еріп, бір күні қалаға барып, сұлы алып қайтты. Қабағы түсіп, ызалы қайтты. Логинов біле қойды да, «Не болды?» – деп сұрады.

– Тұрғанбекті көрдім. Интернатта оқып жүр екен... орыс көйлегі бар, алтын түймелі, алтын белбеулі...

– Оның несі бар? – деді Логинов.

– Маған онда түсуге болмайды екен, көп ақша керек - дейді.

– Тұрғанбек айтып еді, ұмыттым. Әйтеуір көп ақша керек...

«Рас, екеумізге ондай ақша табу оңай емес...» – деп ойлады Логинов,

Нәзіреттен шығысты: нәзіреттің қызметшілері ақ киімдерін киіп, шелектері, шынылары салдырап, сықырлаған қарды басып жүгірісіп жүр. Дәрі сасыды. Қар еріп жатыр.

Шұрық-шұрық, кеудірлек қардың астынан өрісті жасыл төмпейлер шығып калыпты. Екі жел бірін-бірі қуады: бірі көгілдір, бірі жасыл, бірі суық, бірі жылы. Сенің асқары аспандаған қорғандай көнеді.

Ақсақал алыптың ажымданған жүзіне Мәмет ғашықтарша тесірейді. Қар астынан таныс ажымдарды іздеді. Ойға батып:

–  Жиырма шақты күннен соң ел жайлауға, тауға көшеді ғой – деді.

Ақырын қыдырысты. Ойласты. Сөйлесті. Іңірге шейін. Екеуінің көңіліне де қаяу түсті.

Қайтып келген соң, Нүнзаның қарғысын естіді.

Қытайдың көзіндей тышқан көзі бұрынғыдан бетер сығырайып, күлгін күрең бетіне бұғып кетіпті.

«Сәлем бермедің, тұрпайылық еттің» - деп үлкен дәрігер ұрған екен.

Мәмет тым-тырыс болды. Логиновта үн жоқ. Нүнзаның қыңсылаған күшіктің дауысындай, шырылдаған дауысын естіп, жіңішке жирен мұртын тістеп, көк сасыған жұмырығын қатты түйіп, көгерген терезеге түксиіп қарады. Солай көп отырды, бір ауыз сөз айтпады.

Логинов тістенген, тісінен сызықтатып, күбірлеп, боқтады да, қолын желкесіне қойып, шалқасынан жатты. Ол мұндай кептің талайын көрген. Бұдан да сорақысын білетін.

Үй төбесі, көгі, қоңыры аралас тембіл таңбалар. Сондай таңбалармен күндерден күн өтеді.

 

 

***

Мәмет бір жұмадай салбырып, еңсесі түсіп жүрді. Ап соққандай болды. Оқуды да доғарды.

– Иван!.. Сен неге Нүнзаға ұқсап сап-сары болып кеттің?

Логинов үндемей аз отырды да, жан-жағына қарады.

– Мәмет саған мына бір сөз...

 –Сен қорқақ емеспісің?

– Жоқ! – деп қыли көзінің оты жарқ етті.

Логинов не ойлап жүргенін Мәметке айтты.

Мәмет қызайын деді де, қайта басылды.

Қадыр жарамайды деп еді...

Бұл ол емес басқа жұмыс... Бұл үлкен жұмыс. Бұны  істейтін сен емес, «біз»...келістік бе?  Бәріне жауап беретін мен... Зәуде бірдеңе болса... қаладан оны мен алып шығайын...

...Екі күннен кейін, газетте басылған тосын хабар қаланы сілтілей тындырды:

« Осы жылдың жиырмасыншы мартында қаланың шетіндегі жол үстінде әскери нәзіреттің бас докторы Линетскийдің денесі табылған. Мәлімсіз қанішер қолы қалтырамастан еңгезердей доктордың тамағын бірақ орып жіберген, ұзамай өлтірген қаруын, нәзіреттің  лөкет пышағын тастап кеткен. Өлтіру мақсаты тонау болса керек, өйткені көп сомасы ұрланған... Нәзірет ішінде тергеу жасалып жатыр, жақын арада айуан қанішердің ізі...» тағы тағылар.

Бұл әңгіме әлеумет ортасында да, базарда да, нәзіретте де сөз болды. Жұрттың сезікті қылған адамы Нүнза болды.

Логинов түнде ақшаны қалаға апарып жытырды, Мәметке өлсең аузыңнан шығарма деп шегелеп, тергеу болғанда, өзі айыпты мойнына алып қараңғы үйге қамалды. Мұның алдында Мәмет жылады, Логинов айтты:

– Түк етпейді,  ұзаққа өзі де бармайды... күздігүні сен барып интернатқа түс, ақшаны орыс төлейді. Қазір қар кетісімен, елдерің жайлауға көшкенде  ауылыңа қайт, мен өзіңе не айтып ем, сол туралы жігіттермен ептеп сөйлесіп, даярлана берсін... сақ бол... мен құсап қолға түсіп қап жүрме.

***

Тау тамылжып тұр. Сай, сала салмақты жасыл төсек. Ауыл тынды. От бықсымайды. Өзен өлшеумен сылдырап әндетеді. Оқта-текте саңқ еткен ит, пысқырған жылқы, сыбайлас ауылдан: « Е-е-е-е-ей! Ай-та-а-ақ!» деген дауыс қана естіледі.

Жақын үйден дыңғылдаған домбыра дауысы шығады. Жұлдызды көрпе жамылып, көкшіл түн жүзеді. – Құрымтай, сен неге жылайсың?

– Жасым он беске келді. Жуырда Сейітбайға қатын болам деп жылаймын...

– Болмайсың... ұзын қара шашына тағылған теңге шолпысы сылдыр қағып, өкшесін соғады. Еркелі, қысық қара көзі жұлдыз боп жылтылдайды.

Сейітбай шошқаға сәулесін, жұлдызын, жанындай жарын Мәмет беріп қоя бергені ме? – Жоқ бермеймін, жаным...

Құрымтайдың тыйнақтай ашаң қолын Мәмет қолына алды. Төбеден екеуіне жұлдыздар жайдары жыпылықтады...

– Құрымтай-ай! Ойбай! – Құрымтай селк етті, қолын жұлып ап, шолпысы сылдырап үйге жүгіріп жөнелді. Ертеңінде Мәмет Елубайға: Құрымтайды Сейітбайға берме - деді.

– Неге? Қалай «бермеймін?» Құрымтай онға келмей тұрғанда Сейітбайға құда болғанымды білмейсің бе? Әлде сен құдайдың құранын ұмыттың ба? Мәмет қалтырап кетті. – Құранды шайтанға жіберейін - деп бір оқтанды да қайта ойланды. Құрымтайдың өмір бойы көзінен жас кетпейді ғой; оны білмейсің бе, Елубай? Өз қызыңды өзің аямағаның ба? Құрымтай маған тигісі келеді оны білмейсің бе?

– Не дейсе-е-ң?!

Мәмет көп сөйлесті. Мәмет қалыңды екі есе артық төлеймін деген соң ғана, Манап көнді. Қайтсін? Құранда солай деген: қызды кім көп берсе сол алады...

Қар баяғысындай жарқылдады, көз шағылыстырады, жасыл жайлауда баяғыдай шымырлап жатыр, ауыл бықсып мал дүрілдейді.

Жігіттер де бұрынғыдай тауға шығып отыр, төңірекке көз салады, қарайды... Алысқа да емес, көгерген қырға да емес, тымағының астынан көздерін жылтыратып Мәметтің аузына қарайды, сөзін тыңдайды...

Мәмет орыс кітабын ақтарып, ішіндегі әңгімені сөйлейді... орыстан естіген білгенін айтады... Аяқтың астында өзен де бұрынғыдай сарқырайды...

 

 

***

Мүк шөпті тастар да, жасыл-қоңыр шаттар да, қатты сарқыраған тау өзені де Мәметті қолындағы кітабымен көрді.

Майысқан балы тамған гүлдер де Мәметтің кітапшасын көрді.

Күздігүні өрім-өрім, үсті-басы шаң Мәметті интернатта бордақыланған май тұмсық балалар мазақтап қарсы алғанда, Мәметке істейтін дәнеме болмады: Ол бәрінен жақсы оқи, бәрінен таза сөйлей білуші еді.

Мәметті тура пансионге түсірді.

 

 

III

Пансион үй қараңғы, сыз. Қараңғы, ұзын сенектер тым-тырыс, үрейлі көзілдірікті молдалар қатал.

Мәмет қорқады... Қатал молдалардан қорқады, көңіл сүймейді, әдепті шәкірттерді одан жаман жек көреді. Алтын түймелер де, мысықтың арқасындай беліне жабысқан сұр кемзал да, Мәметтің көңілін жұбатпайды.

Біресе Қадыр есіне түседі, біресе үлкен доктор... біресе Логинов... қайда жүргенін ұмытып, Мәмет анда-санда мұңды, ұзын қоңыр әніне салып қояды...

Бір мейрамда рұқсат алып,  түрмедегі Логиновті білуге барды.

– Немене? Пансиондамысың? Әй,інім -ай, онда пәлендей білім үйрене алмайсың ғой... Тұрмысы саған ауыр шығар?

Бір түрлі қапа...

Саған онда түсіп керегі жоқ еді. Мен айтайын. Сендердің пансиондарыңның жанында учительский семинария бар, көрдің бе?

– Көрдім. Ондағы балалар біздікіндей емес, тәуір сияқты...

 Ап-айқын... Саған сонда көшу керек.

–  Қалайша?

– Келтірерміз есебін. Семинарияда менің таныс учителім бар. Мен оған хат жазайын. Ол жанын салып көрер.

Логинов хат сызды.

– Міне. Онда Милослав дейтін учитель бар. Соған тапсыр, ол сені біледі.

Абақты. Бақылаушы хатты олай оқыды, бұлай оқыды. Әйтеуір босатты...

 

 

***

Пансионда қатал, суық, сұр күндер көп өтті. Класта отырып, өз ауылын Мәмет талай ойлады... Атқорадағы бықсыған үйшігін де есіне түсірді... Жоңышқаның, жылы тезектің, қой етінің иістерін де сағынды; кеш болуын күтті.

Кешке Милославтың бөлмесінде, жасыл қалпақты лампы қасында, молдасының барылдақ дауысын тыңдап, аңсаған көзі цисіингердіңхозяйкесінКиселовтыңәлжебірін ақтарып, тесірейіп отырды. Көрші бөлмеде Матсутсын деген семинарис роял тартып жатты.

Тауда ескен жасыл жел гүлдердің бал иісін жаңадан мұрынға аңқытқанда, қызара бөрткен гимназистер сұр кемзалдарын киіп, сабақ арасында доп соғып жатқанда, «Гепсиманс бағының жолы кеуіп, серуендеген жандардың саңқылдаған күлкісімен гүлденгенде иықты, көккөз учитель Мәметке :

– Ал, жаздыгүні де осылай оқысақ, күз-семинарияға кіруің де сөз жоқ –  деді.

 

 

***

Оқу тоқтады. Пансиондағылар үйді-үйіне тарады. Екі-үш ақ кісі қалды.

Бұйра бақша мен жасыл қала гүлденді. Дымқыл көлеңке алма бақшасында күннің көзінен жасырынды. Шөп басқан көшелер-тауық пен шошқа. Арба сықырлап қаңсылайды. Бақшашы қарт дүнген: « Лу-уға-а... марғауға-а... редізге-е-е-!» –  деп  ән салады.

Қамшы зуы құлақты жарады. Алма, қауынның тәтті исі ауаны алады. Күн ыстық. Тау басынан жүйрік жел домалап, хош иісті аңызғақты алай-дүлей қылады.

– Үшбұрыштардың теңдік белгісі...

Бақшадағы қою шөпте, жұмсақ, Мәметтің астындағы пансионның сұр кемзалы да жұмсақ.

Мәмет сым шалбарлы, жалтырауық бәтіңкелі, мүсін аяғын көсілді.

– Бір жағы, екі іргелес бұрыштары...

Кешке Милослав екеуі «сұңқар жырын» тексерді.

Ашық терезеден күмістей сылдыраған кешкі күлкі сап етті, гүл аңқыды, әскер жиылысынан духауай оркестрдің дауысы дауылдатып, гуілдеді.

Жап-жасылды қалпақ жарқырады.

– Дұрыс емес! Жорғалауға туғандар ұша алады!.. Қадыр солай дер еді.

Учительдің көгілдір көзі бажырайды.

Бөлме іші тым-тырыс болды. Терезе артында көк жел гүлді. «Е-е... сен өзің, көгершінім... тіпті! Даяр...

– Ал, жарайды... маған Қадыр жайынан сөйлеші... Қорықпа: мен Логиновтың досымын.

– Логинов сіз мені бұрын біледі деп еді, сіз мені қайдан білесіз?

– Мен көп нәрсені білемін... Үлкен доктор туралы да...

–Немене?! Қалай... сасып қалды Мәмет, ерні дірілдеп.

– Саспа, жолдас, деп, Милослав қолын Мәметтің иығына артты, ондай жұмысқа ұялып керек емес, ұят. Ақша «бізде» ғой...  Жүр, қыдырайық.

Қаладан шықты, «Ұлы арықтың» ар жағына кетті.

Ай жүзген аспанды, жапырақтары сыбдырлап, орымды теректер тіреп тұр.

Үнсіз қызбен жігіт, қолтықтасып қыдырып жүр.

Нәзіреттің  қаралдысы алыстан қарауытып, қатерлі көрінді.

Іле биігінің басындағы қары мен көктегі жұлдыздар сыбырласты.

Бақша жолында қолтықтасып қыдырды.

– «Мәссаған... бұл қалай»?... – деп ойлады абдыраған Мәмет. Милославтың байсалды, нығыз дауысы әлдеқайда қатар келе жатып, іңір қараңғысында әңгіме сөйлейді, жақында болар істі айтады...

Бір күні ауылдан Тұрғанбек келді.

Екеуі абақтыға, Логиновке барды. Қайтарда Мәмет Тұрғанбектің әңгімесін тыңдады.

Ауыл жігіттері ызалы, әкелерімен қырқысып жүр... Мәметті күтеді... Құрымтай жылайды... Мәметке сәлемдемеге тақиясына шоқ беріп жіберіпті. Қытай жібегінен өзім өрдім – депті... Ақылы жоқ сорлы: Мәмет осы күнге шейін қазақ тақиясын киіп жүр дей ме екен...

Екеуі «гепсімен» бақшасында отырып, жайлауды естеріне алып, өздерінің ұзақ қоңыр әнін ақырын ғана ыңырсып жырлады... Милославтікіне келгенде, ол:

– Неге, Мәмет жабырқаусың? – деп сұрады.

– Тауға барғым келеді...

– Тауға ма? Ім - м... тауға неге бармаймыз? Бәрімізде барайық, солай ма?

– Оқуды қайтеміз?

– Онда бұдан да жақсысын оқырмыз – деп Милослав көзін қысты.

Кешікпей бәрі де тауға жүрді.

Алыстан, Шыбынсайдың ар жағында жалғыз киіз үй тұр. Кешкі күн Алматы шоқыларын қызыл қанға шомылдырған да, ауыл-ауылдан бір-бірлеп күнде кешке осы үйге жігіттер жиналады...

 

***

Кешкі желдер ақ бурыл тұманды қараңғы құзға айдайды. Тастары сақау күңгірлеп, төменде өзен күрілдейді.

Үй жанында от маздап жанады. Отты айнала көп жігіт отыр. Ұзын бойлы орыс көгілдір көзі жарқырап, дауысы саңқылдап сөйлейді; Мәмет тілмаш болып, қазақшаға аударады.

Сол қалпында көп отырады. Түн ортасына дейін отырады.

Өзен суылдайды, ертті аттар пысқырады.

Күндегісі осы.

 

***

Тағы да қыс түсті. Бозарған мұң мен жотаны басты. Жапалақ-жапалақ қар жауды, дала сонар болды. Таудан Ілеге дейін қара жіптей керуен созылды. Беймаза қыс мешіттің мойнындай бықсып, топтанған тағандай қарқ етті.

Мәмет учительский семинариге түсті.

Семинария шәкірттері жас Милославты жанындай жақсы көрді. Тату-тәтті, бір кісінің баласындай тұрып жатты. «Зиялылар» аз еді, олардан бойын аулақ ұстаушы еді.

Гимназия шәкірттері мен төбелес салысты.

Қармен атысудан бастаса, сөз жоқ, тұмсық бұзармен тарқасады.

Сұр шекпенділерін жұлып тастап, тегеурінді жуан білектерін сыбанып, сақалды жігіттердің тоқпақтай жұдырықтары «әже баласының» (гимназия шәкірттерінің) көкжелкесіне ойнақтағанда, Милослав сүйсініп қарап отырады.

Бір күні семинария шәкірттері уда-шу боп, жиналып, бастығы Мәмет гимназия балаларымен атыспақты салмасын ба... Гимназия балалары ойбайды салды; бұл жолы семинария шәкірттерін оңдырмай  ұрып  шықты.

Басқышта төбелесті бақылап, ақыл үйретіп тұрған Милослав шыдай алмады, төбелеске қызып өзі де кірісіп кетті...

Милославты артынан директор жаман ұялтты:

– Юрий Игнотишь!..  Осынша шектен шыға ма екен кісі... жас екеніңізді де білемін, шәкірттерді жақсы көретініңізді де ұғамын... оларда жақсы көретін-ақ шығар... оның бәрі жақсы, бірақ шәкірттерді бұзу  дұрыс па? Жаман өнеге көрсету жарай ма?...

Семинария өмірі осы сияқты еді. Бір күні ерте жұрт тұрмай тұрып, жатақ үйдің күзетшісі Голуашерский Мәметтің кроватының қасынан бір кітап тауып алды; кітапқа қарап жіберді де, дереу директорге жөнелді.

Учитель бөлмесінде Милославқа жолықты.

– Қайда барасыз?

– Директорге... Мынаны көрдіңіз бе? Жұмабаевтың оқып жүрген кітабын:

– Не қылған кітап?... «ЕрфордПрограми»

Милослав өз кітабын тани кетті. Жан-жағына қарады... ешкім жоқ. Қу шүберектей шәкіртті жағасынан алып сілкіп-сілкіп жіберді; көзі аларып, бадырайып кетті, дауысы қырылдап, сыбырлады:

– Мұндай кітапты директорге көрсетсең, өлтіремін...

 

 

***

Қалаға сыбыр-сыбыр үрейлі хабар жайылды...

Базарда, моншада жұрт патша жайынан, министр, дом жайынан сөйлесіп жүрді...

Бұрын бұлар туралы көп сөйлей қоймаушы еді...

 

 

IV

– Бостандық! Бостандық!

– Туысқандық, бірдейілік!

– Бас бостандығы! Сөз бостандығы!

 Жасыл қалаға киіп-жарып қызыл жалаулар кірді, жазғытұрғы, ұйтқымалы тау желімен  желпілдеді, желбіреді.

Автомобильдер өлердей қорқылдап, қазақ аттарын үркітті.

Алманың, қауынның хош исін бензин иісі шошытты.

Шұп-шұбар, тізілген жандар мен топтар, көшелер тіріліп қозғалды.

«Қара күндер өтті,  азаттық шағы жетті...»

Шешендер борандай көпірді. Оркестрдің күрс-күрс дүмпілі жұлым бұтаны солқылдатты.

 Естімеген,  жат әнге тамақтан жіберіп, Мәметте басты. Қыли көзін жын соққандай  төңкеріп,  қолында қызыл жалау семинаристердің алдында қоқиланып кердең басып келеді.

Саппен бірге аяғын аңдып басып, секек атып, өлеңдетіп келеді:

« Бұ не деген: бұнт!... төңкеріс! Ән... күй, сырнай-керней... жылағың келеді... Әлі соғыс неге болмады?... Ұғымсыз бірдеңе... Жұрттың бәрі мәз -мейрам, тойдағыдай...»

Логиновты абақтыдан шығарып жіберді.

Үшеуі бірігіп қуанышты метингіге барысты, газет оқысты.

Мінбеге Логинов шығып сөйлегенде, қызыл тұмсық станция қазақ -орыстары долдана қарап, ашу кернеп, шаштары селкілдеп кетті. Мәмет көріп тұр. Шешеннің сөзін тыңдамай «түс!» деп айқайласты. Митингі ұранмен де, төңкеріс өлеңмен де бітпеді. Дуылдаған айғаймен, шатақпен тарады. Жұрттың бәрі жиылыстан терлесіп, долданысып,булығып, бірін-бірі жағадан алысатындай болып тарқады.

Милославтың үйінде кеш сайын, түн ортасына шейін гуілдеген қызу әңгіме, сыбдырлаған газет, жазылып жатқан жаныма. Әуелі үшеуі жиналысып жүрді. Содан кейін көп жиналатын болды.

Логинов митингіде өзгелерше сөйлемеген, мәнісін Мәмет кешікпей-ақ ұқты.

Күздігүні қалада «Болшевик» деген құбыжық сөз дүңк етті.

Шкөлдерде шәкірттерге әскер қызметін үйреткізді. «Жолдастар» мен соғысқа әзірледі. Орыс тілі, есеп оқытушылары «қысқаша» большевик программасымен таныстырды; олардың программы әскер бастықтары «погон» (шен) тақпайсың дейді мыс; «болшевиктер»-дің айуандығын сөйлеп жүрді.

Логинов шыдамсызданып, күңкілдейді:

–Бұл ант ұрған құла түз! Не фабрик, не зауыт, не дүкен жоқ! Бейне елсіз орман! Бұларды қозғағанша жыл өтер.

 

 

***

Болшевиктердің келуін қала дірілдеп күтті.

Қала халқы қоңы шолақ былғары бешпент, нәгән, алты атар көрсе, самаурынның артына тығылып, дірілдеп сезіктеніп қарайтын болды.

Күн қалай батты, солай қала тым-тырыс болып бөледі. Өрекпіген тынымдық нөсерді күтіп, қоюланды, қабарды. Көшелер атты қазақтың қызыл лампасымен, едірек бұйра айдарымен быжынады.

Ауқатты шаруалар «Алласына» жалбарынды: «Құтқара көр, жасаған кәріңнен, большевиктік лаңынан!» деп жалынды. Большевиктерді қала адамдары «арда» дан бетер қорқа күтті.

Арыққа суға барса, кәрзеңке алып базар барса, құлау абысындар ыбыр-жыбыр етеді.

– Мәрия, сен естідің бе... Большевиктер бәрін қырып кетеді дейді... Балалардың маңдайына мөр соғады дейді...

– Мөрін естігем жоқ. Қатындардың басын қырқады дегенді шын білем.

Күтті жұрт.

Олар әлде қашан аяқ астында жүреді. Олар қашаннан бері күнде кешке Милославтікінде жиналып, өз жұмыстарын бітіріп жүр...

Келген қызметкерлер мен олардың тобы күн санап көбейеді. Бір күні – қысты күні кеңес құрып отырғанда, мүшелерінің бірі бір жаңа қонақты алып келді. Орта жасқа келген, көзілдірікті, қораш кісі.

– Жаңа келген жолдасымыз, бөтен жақтан да емес, Ташкеннен де емес, нағыз  Мәскеуімізден келген кісі - деп таныстырды.

– Мәскеуден?

– Мәскеуден!!

–  Қойшы!

Шуылдасып, шұрқырасып, орындықтарын қозғасып, көздері жайнасып кетті...

– «Ақыры-ақ! Мәскеуден!»

– Ал, немене? Онда қалай?

Арбадан түсісімен – баяндамаға кірісті.

Үш сағаттай орындық тықыр етпеді, бір адам тырс етпеді. Намазда тұрған мұсылмандай, Панамаров жолдастың өткір дауысын тыңдап, тырп етпестен, тыныш отырысты.

Сөйлеушінің қырма қара сақалды жүдеу бетіне қарап, Мәметтің қыли көзі ішіп-жеп барады.

«... Үкімет кеңестерге... қызыл жаран...»

«Қызыл жара... қызыл жаран!» онда төбелесіп, қырылысып жатыр, Мәмет мұнда қолын қусырып отырғаны ма... Көкірегін ыза кернеді...Тезірек... Панамаров сөзін бітіріп, шылымын оптыға сорып, көзілдірігінің үстін ала отырғандарға тесіле қарағанда, Логинов бұл облыстағы жай-күйді саулата бастады.

Өзгеріс жасауға кіріссең-ақ, қазақ-орыстар қарсы шығуға даяр отыр. Қызыл жаранға солдаттың бәрі түгел аунаған жоқ, әлі де үндеу керек.

Логинов Панамаровтың былғары парт сығарынан шылым алып тартты да, Мәметке бір қарап сөзін айта берді:

– Ал, енді, қымбатты жолдас, мен сізге айтуым керек: қазақ-орыстардың бар күшін есептегенде... қиынырақ...  Иә. Ең жаманы: ел сенімсіз, жуан жұдырықтар... тегісімен... қазақ-орыс, сөз жоқ, бүлдіреді. Енді мынау менің жалғыз ғана  үмітім бар. Ол – қазақтар... Жалпысын алғанда, онша сенуге болмайды, жаншылып, құл боп қалған жұрт, бірақ бұл жолы өз пайдамызға пайдаланарымыз деп сенемін...

Шылымымен Мәметті нұсқап: – Алдыңызда отырған жігіт қазақтарға белгілі, беделді жолдас. Бұның артынын қазақтар серкеге ерген қойдай тоғытылады. Бір ғана қиыншылық бар, ол бірақ қолдан келетін нәрсе, олардың көбі мылтық ата білмейді. Ол үшін менің ұсынатын жобам: Мәметке инструктерлер қосып беріп, дереу елге жіберу керек. Сон соң жұмыстың біткені.

– Сіз бұны қалай көресіз?

– «А-атишы қолға» Мәметтің жүрегі дүрсіл қақты... Қадырдың сөздері ойына түсті. Логиновты қатты құшақтап, ақылды ашудан басын сүйгісі келіп кетті.

Көзілдірікті, түсі суық кісінің тесірейе қараған көзіне көзі бір түсіп, жымиған Логиновтың жылы көзіне бір қарап, Мәмет азырақ именіңкіреп, түрегелді...

Ертеңінде, Алматы биіктерінің қызарған нұрлы жүзі сөнгенде, алыстағы көкжиек қызылдыққа малынып, қанды пышағымен дүниені қақ тілгенде, қыстың үрейлі іңірінде босаға артына ұрыдай бұқты, төңіректе елегізіп маужырады. Қару-жарақ асынған бес салт атты да үн-түн жоқ тауға қарай кіріп бара жатты.

– Әлде қазір тауда біреу барма? – деп сұрады біреуі сыбырлап.

– Бар. Қырдың жігіттері күн сайын жиналып жатыр. Бүрсігүні тіпті көбейеді.

– Неге?

– Бүгін таңертең інісімен тағы үш жігіт ертіп Тұрғанбек елге кетті; Мәмет тауда күтіп жатыр деп олар айтады.

 

 

V

Сонда станциядан мылтық дауысы дүмп етті... Казарма көшесінен екінші дүмпіл, кеңес дүмпілі жауап берді...

Дамылсыз жаңғырығып таулар да күңгірлеп кетті...

Тағы иттерше құздар да шабаланды. Маңайдағы бозғыл көк далалар да сілкінді.

Аязды әуе шатынап, шытынап,  қақ айырылады. Әйнектері күл - күл боп үйлер сылдырайды.

Қолдары қалтырап, тұрғын ел  терезесіне киіз, тақтай тығындайды...

Біреулер погрібке тығылған... сенімді, терең погрібтер бар. Капуста, қияр, қарбыз, алма толтырған шелектермен қоршаған... Ешбір оқ өтпейтін тәрізді, бірақ қауіпті... Сондай қауіпті, қатындар да,  ызбарлы әкелелер де, қадірлі байлар да погрібтен шықпағалы алты күн болды. Капуста, қияр жеп, күн еліккелі алтыншы күн. Шөп салынбаған, су арылмаған мал қорада азан-қазан, тауықтар да қанаттары далбылтап, қақылдап жан дауысы шығады.

Қорқыныш! Қиямет!...

Бұдан да жер сілкінсе етті.

Көрдік  қой көресіні...

Адамға не жетпейді екен? Құрылтай  болсын, кеңес үкіметі болсын, әйтеуір патша болмаған соң бірі де артық емес қой. Ой! Жасаған-ай!

Күн-түні сатырлаған мылтық, қыраулы көшелерде оқтар зуылдайды.

Қаланың шетінде жуандығы екі құлаш тораңғыны кесіп, көшеге үйіп жатыр. Ор қазып жатыр. Бақшалардың балшық булығын сұққылар тесіп жатыр.

Мылтық түтіні көшелерді қаптайды.

Мотоциклдер  дырылдайды.

Пулеметтер тызылдайды.

Алты күндей осы...

 

 

***

Үйренбеген тыныштық Панамаровты оятты. Етігімен былғаған төсектен ыршып тұрды да,  көзілдірігін киіп сенекке шықты.

Таң атып қалған  екен. Қорада шылбырын үзіп кеткен мес тор бие буы бұрқыраған ыстық ернімен ашқарақтанып қарды асап жүр. Тым-тырыс. Мылтық тырс еткен жоқ. Станса жақтан «қызыл жұмыртқа» мейрамының масайрай соққан қоңырауы салдыр-күлдір етеді.

– Жын соғып кетті ме?!

Таң алдында Логиновты күзетке қойып, өзі ұйықтауға кеткенде қазақ орыстар дүркін- дүркін атысып жатыр еді.

– Бұл қалай тым-тырыс?!

Ұғылмайды... деді Панамаров бөлмесіне келе жатып, күбірлеп.

Ұйықтап жатқанда артына айналып кеткен алтыатарын түзетіп, сеңсең бөркін, сұр шекпенін киіп, темекі тартты да, аяғын жыбырлата,  жүгіре басып, жан-жағына алаңдап репкомды барып қақты.

Түтінді бұлттын ішінде көздері қызарған, ісінген екі командир мен Логинов тұр.

Еденде махорке шылымының қыржиған сарқыты, табанмен сүйретілген қақырық, есікке қарай созылған дымқыл жол.

Панамаров үстел қасына келіп, жалтыраған орындыққа отырып, әлі жанып тұрған лампыны үріп сөндірді.

– Кересінді босқа неге жағасыңдар...

– Ал, жұмыс қалай?

– Қамады.

– Жан-жақтан ба?

– Жан-жақтан.

– Солай. Тағы не?

– Басқа стансалардан басқа уездерден іздеп жинап жатыр.

– Ендеше, серт күт десейші?

– Солай білем.

Телефон шылдыр етті.

Логинов түтікті алып:

– Ал,  тыңдадым Логинов...

– қандай арбалы? Ал?!.

– Жарайды...

– тағы немене?

– Астық әкеле жатқан арбалыларды ұстапты.

Тағы қоңырау.

– Тыңдап тұрмын... иә... а-а!

Өткізіңіз,- бері қазап: ақ тулы қазақ-орыстар.

– Ал, тыңдайық.

Есік арты топыр.

 – Жолдастар!  Қайда итеріп барасыңдар? Ес болуы керек қой! – деп біреу тәртіп үйретіп жатыр.

Жарқырақ етігі, жаңа погоны бар, өне-бойы жалтыраған соқтауылдай қазақ-орыс мылтығына ақ жалау тағып, кие жара кіріп келді.

Шпоры сылдырап, үстелге шейін солдатша қаздаңдап барады да, пакетті беріп, сол жағына ұршықтай бұрылып, кеудесін көтеріп, тақ-тақ басып шығып кетті.

– Бишара – деп Логинов мырс етті.

– Айбат шегуде! «Демонстрация».

Панамаров пакетті жарыққа қаратып көрді де, ашып, оқыды: «Бұйырылады 48 сағаттың ішінде қаланы босатасыңдар, пәлендей, пәлендей (аттар аталады) Кемесерлерді қолымызға бересіңдер»...

 

 

***

Қу шөпшектің отта ысылдап, жыланша бұраңдап жанғанына қарап отырып Мәмет қалғыды.

Жанында алты жігіт отыр. Тізесіне мылтығын қысып, басын қолына жастанып, кейбіреуі қалғып отыр.

Енді  біреулері жайбарақат кемзалының тігісін аударыстырып, әккі тістерімен тігісті сыдыртып өтіп жатыр.

Қойдың терілері мүңкіп, ауылды еске салады. От басында жанды денелері қақтан ысады. Тек құздың жықпылында қар сасыған, суық жел ғана ысқырады.

Мәметтің маужырап ашылып-жұмылып бара жатқан ұйқылы көзі тісімен битін сығып отырған (олар сірі кемірген ит сықылды) жігіттерге түседі; Мәмет ойланып, олар қашан таза жаңа киім киер екен (орысша киінер екен) деп ойланды.

«Тап осы жерде өлер алдында Қадыр отырып еді. Енді болды... бәрі бар... қолымнан келер ме екен... Ах. Дүние-ай! Қадыр болар ма еді?..

Төмендегі иу-қиу дауысты жел айдап құлаққа әкелді.

Жігіттер елегізіп ұшып түрегелді. Мәмет басын көтеріп көзін қысып, оттан асыра қарады.

Үңгірге ескі сұр шекпенді мылтықты кәрі орысты алып келді.

Мұрты сүңгі ақ қырау, беті піскен бір көз (малине)дей  қып-қызыл.

Мәметке пакетін берді де тоңған қолын отқа қарсалады.

Қисық пышақтай қыли көзін қадап жіберіп... тонын жұлып тастап атып тұрды. Жігіттеріне қазақшалап:

– Тұрғанбек пен Шүршітті жіберіңдер – деді.

Үйшіксіз, түлеген иттей жалба-жұлба жігіттер жұлқынып, от артына дыбыссыз сүңгіп кетті.

Көптен қамады ма? – деп сұрады Мәмет көз іледе жаюлы тұрған бешпетін киіп жатып.

Бүгін таңертең.

Үңгірдегі атшылар жиналды.

Орысша мен қазақшаны араластырып от басында Мәмет, Тұрғанбек, Шүршіт  үшеуі сөйлесті, жігіттердің құлағына еміс, еміс тиеді.

Қамапты... бөгеу керек...

Станса...арба...

 

VI

Станса қыстың қатты ұйқысына батқан. Түнде дыбыс жоқ. Сондай тымық, сықырлаған қармен жүру тоқталса, бұл тымықтық естілмес еді. (Жалғыз ақ оқта текте қорадағы сиыр ауыр күрсінеді, жақтауға ат басын үйкейді).

Үш көк арба оқ салған жәшіктерімен тиеліп,  қалың кенеп (брезент) пен ораулы.

Мол тон, ақ ұйық киген екі күзетші біресе арбаны айналады, біресе қайта қосылады.

Неге келмей жатыр, Ланет! – деп бірі тоқтады. Дауысы кенет ашынды. Мыналардың орнына  мана келді деп екіншісі көрші қораға қарап иек көтерді.

Бұйығып, қатып жатыр қой. Қатып жатыр деп жоғары тұрғаны бас изеп, ұйығын дөңгелекке қақты, – кел шылым орайық.

Қарауыл басы...  – деп күңкілдеді алғашқы. Мылтығын арбаға сүйеп, қолын қалтадағы дорбасына жұмсады. – Ұйықтап жатыр ғой... өтірік айтады дейсің бе? Ұйықтап жатыр. Барып оятып көрші... – Ол саған қандай тәртіп үйретер екен...

Арбаның астынан жалба-жұлба екі көлеңке көтеріліп қазақ орыстардың үстіне құлады.

Төртеуі де қар үстіне ақырын құлады. Бірдеме сылқ етті.

Арбанын ар жағында жиырма шақты жігіт.

Үйдің есігі жабулы.

«Тып-тыныш ұйқтап жатқанын» деп ойлады Мәмет; Біреудің аяғын басып кетті.

– Әй?... бұ кім? – бұ кім деп оянып кеткен қазақ-орыс қараңғыда Мәметтің етегінен ұстай алды. Мәмет еңкейіп, о да қолын созды. Бұйрабасы... пышағын сермеп қалды, қазақ-орысты бүйірден сұғып алды.

Оған қатар қараңғыда әуелі бірдеме гүрілдеді де, кейін күрсінді. Есік сықыр етті.

Мәмет шырпы тартып жіберді. Үш қазақ-орыс терейіп өліп жатыр. Жігіттер бүкшеңдеп екінші бөлмеге кірді. Онда үй иелері ұйықтап жатыр екен.

Тыншу, аяқтың шуашы. Жусан сыпырғыштың қышқыл иісі мүңкіді.

Жігіттер қораның ішінде жүгірісіп, таң асқан аттарды жегіп жатыр.

Мәмет қақпаға, оны (ал-ал үзілді) қатты тырсылдатып бұраған ішектей: «Бар қорада осындай болса»...

Тораңғыда байлаулы аттар. Аттанысып, қора-қораға  шабуыл. Қоралардан арба,  шаналар сүйреліп шығарылып, кең көшемен көпірге қарай желіге тартып барады.

Жігіт шауып келеді.

– Ондағылар жеңе алмай жатыр – деп, қамшысымен артын нұсқады. қайдан шықты, белгісіз, мылтық беріп кетті, жігіт аттан құлады.

Мәмет борбайға бір басып, көшеге ұмтылды. (Үйлердің қайбірінде терезелеріне жарық пайда боп, есіктері ашылып, жабылды).

Мәмет ағаштай қақиған айылдарын тартып жатып, көшеде кенеп жабылған соңғы арбалар желіп бара жатқанын көрді.

Үйлердің, албардың шатырлары көгілдірленіп, атып келе жатқан таң станса үстінде қызыл таңбадай секірді.

Бұл жалындаған жоңышқа мая, шыртылдап, ұйтқыды, биледі, құшақ-құшақ лаулаған шөптерді лақтырып, көкке шапшып, аласұрған қомағай жалын тілін жалаңдатты.

Күйген жүннің иісі аңқыды. Соңғы лаумен Мәмет жүкті арбалады қуып жетті.

Жейдешең, аяғында ұйық, қолында арс еңгезердей жігіт қақпадан ата шықты.

–  Осы ма?...

Мәметке тап берді; Арысты ауыр сермеп, аузынан оқ тиіп, қарқылы басылғандай, үйітілген жирен сақалы қарға көміле, мойнын астына ала жер кұшты...

Он сегіз лаумен жігіттер қырға тартты.

Оттың елірген құйыны ал қызыл сүлгідей көкке шашырады...

Тас түбіндегі өрт кәдімгі отқа айналғанда, өртенген жүннің, жанған шөптің иісі басылғанда, Тұрғанбек атынын басын тартып, өз басын көтеріп, құлақ салды.

– Естідің бе?

Алыста-а, алыста, әлдеқайда мылтықтың дауысы күмп етті...

 

 

***

Бал иісі мен тау желдері гүлденді. Қала бақшалары сыбдыр қағып, жабысқақ жапырақ киінді. Қуанышты, шық бүркенген таңдар орнын кештік қанды қызыл сәулесі, үлбіреген көкшіл іңір басты.

Көшелердің майысқақ жері құрғады, қызғылт тартты; Халық олай-бұлай өтіп жатты. Қола үсті. Көнетоз көйлекті  мылтық найзалары сыңғырлап,  майданшалар жиі - жиі тырағайлап жүріп жатты. Ондаған сабалақ иттерді абалатып, соңынан ертіп атты әскер салмақпен шоқырақтатып кетіп жатты.

Тауларда қара көрпесін серпе тастап, ақ бұлт боп ойнап, тұман боп бықсып, жасыл сай боп жасарды. Құстың ұясындай тағы да ауылдар тасты шаттардың бетіне жабысты, гүлді жайлауда күрең теңбіл дақ боп көрінді. Табын-табын малдар кешке таман ән қосып жаңадан тағы гуледі. Өзендер де сарқырай бастады.

Көктем болды.

Қала тынды, тыныштанды. Әлдеқашаннан зеңбірек күрсілеп, пулемет сыртылы естілмейді.

Көше-көшеде былғары келте кемзалды, былғары портпелі бар адамдар әбігерленді, автомобильдер серігіп қырқылдады. Қолында кәрзеңке әйелдер азық алуға базарға кетіп барады. Балалар бір жағы-ақ, бір жағы-қызыл боп ойнады. Шойын жолы, фабригі жоқ кішкене қаланың он сегіз шіркеуі – бірден күңгір-күңгір қоңыр күйлі қоңыраулармен сөйлесті.

Әркім өз жұмысымен.

Бірақ... қалада ғана солай... Қала төңірегіндегі қалашықтар, отарлар, стансалар, қыстақтар өрт боп бықсыды. Біресе, ақтар, біресе, қызылдар құйындай ұйтқып, үйлерге бекініп, атыс салды.

Егін салған мұжықтарды еріксіз лауға айдады; Жақын ауылдарда кедейлерден басқа жан қалмады; Топты жылқы, қотанды қойы бар байлар не Балқаш төңірегін сағалап, не жан бармайтын таудың түкпіріне көшіп кетті.

Бос өлкенің әр мұжығы, ауылдың әр қазағы «реквезиция» деген қатерлі сөзді біліп алды. Үрейленгенде, дүрліккенде, ат та, арба да, астық та тартып алынды...

Тау түбінде керемет лапылдаған оттар шынжырдай тізіліп, түтін, жалын болып, жалаулатты... «Іле» жотасының етегі ыңырсыды, ыңқылдады.

Қазақ-орыстардың көп әскері «Іле» өзенінің арғы бетінде. Маңайдың бәрін қызыл жасақтар «әтіреттер» тазалап, бірте-бірте Қытай шегіне таяды.

Қазақтың қызыл жасағының даңқы күллі тауға дүңкілдеді.

Қазақ жасағы айлакерлік пен қаталдыққа қазақ-орыстан асып соқты. Қазақ-орыстың әкесін танытты. Қазақ ақтарға келген зобалаң еді. Қолға түссе түспес, шақса батпас бір пәле еді.

Азиялықтың соғыс тәсіліне жетіктігі қазақ әтіретін ел аузына іліндірді, елеткізді...

Жұмабайдың Мәметін білмеген қазақ-орыс қалмады...

Қазақ-орыстар асудан өтіп бара жатқанда, шаттан жолбарыстай атып шыққан қыли көзді әскер тұтқиылдан дүрсе қоя беріп, қиқуды салып тиіп кетеді; Қазақ-орыстарды баудай түсіріп, пулеметтерін өңгере қашып, өздеріне жара түсірмей жоқ болады да кетеді. Еш уақытта алды-артына қаратпайды. Қапылыста басады. Шатыр-шұтыр айқасып қалады да, заматында көзден ғайып болады...

Қазақ-орыстың бір емес, әлденеше жасаулы «атаманы» төбе шашын жұлды. Әлде неше қора мал қапты; бәрін қылатын Мәмет. Бір емес, қазақ-орыстың әлденеше жүз әскері «қасқырсай» да қырғын тапты.

Тау нөсеріндей көзсіз, тілсіз Азияның қанды кегі Тянь-Шань тауының басымен де, етегімен де сайранды салды.

Қашанғыдан бұрын өліп еді ғой жігіттер! Қайтсін? Қашанғы шыдасын! Сонша шыдағанын қайтіп арзан бағаласын?

 

 

VII

«Іле» тауының ар жағында қабағынан қар жауған қара барқын аюдай қараңғы құз бұйықты.

Дүние жаралғалы бұ жерді басқан аяқ некен-саяқ-ақ. Беткейдің жолы бұраң қақпайды. Ауыл бықсымайды, желкілдеп толықсыған әпербақан шөптерде жапырылмайды; Бұл жерде о заманда бұ заман ат кісінеп, адам сөйлегені естілген емес... Бұл жерде елге таяу жерде болмайтын гүлдер гүлденеді.

Жан бармайтын, қиыр құз...

Жалғыз-ақ өмірі адамды көрмеген, өмірі мылтық дауысын естімеген, ен жерде еркімен жүрген таутекелер, қасқырлар сейіл құрады.

Бұл құздың оты шиманды екенін ақсақалдар білетін, бірақ малмен көшіп баруға еш уақытта батылы бармайтын. Бұл терең құзға апаратын бір ғана жол бар, жан шошырлық, қауіпті, қателі, қиын еді осы жол.

Ол жердің отын оттап, суын ішіп, шарлап соқпақ салу малдарға арам; лек - легімен жүретін қасқырымен, борсығымен айқасу қотаншы иттерге арам.

Бұ жерді адам мекен еткен емес.

Енді міне осы жерге адамдар құдиып, түсіп келеді. Жыртық шапанды, арқасында мылтығы, қылқын кескендей, жалаңдаған өңкей жас жігіт. Үсті-басы  көкпең-көк қару жарақ, адам айтқысыз.

Құздың жасыл аясына бірнеше үй, он шақты шатыр тікті. Жат еді бұл ауыл...

Бұл ауыл бір күн, не екі күн ғана байыздап отырып, сонан соң, бүйі тигендей, жалма-жан дүрлігіп, қаруланып, қамданып, құзды тастап кете беріп жүрді.

Міне тағы да келді жігіттер; Сауыт-сайманы салдырап, аттары пысқырып, дүбірлеп: құзды жаңғырықтырып, сансыз мылтық, минөтінде жүз кісіні жоқ қылатын жалмауыз мықыр мәшине әкелді.

Бұл ауыл таудағы өзге ауылдар құсап, даланың толқыған мұңды күйіндей бір келкі, қоңыр өмір сүрген жоқ, біресе долданып, дүрілдеп, біресе ойын, сауық құрып, дуылдап, тасыған тау суындай тулап жатты.

Олардың күңгірлеген мылтық дауысы үйеңкі орманындағы нау етек, талдырмаш тау киіктерін бір емес әлде неше тітір етті, зәресін алып, атой бергізіп, шығандатты.

Жігіттер күні бойы бірдеңемен әуре: Біреулер үйеңкі орманына аңға кетеді, біреулері қару жарақтарын тазалайды, енді біреулері қатар тұрып, қапылыста жалп етіп, біреуден бұққандай болады. Шөп арасына мысықша бұғып, кенеттен атып тұрып, айқайлап мылтығын сермейді: Бастық орыстың айтқанын істеп, жолдастарын састырып, тағы да талай айла көрсетеді.

Бұл ауылда орыстар да бар еді: екеуі еркек, бір әйел. Бәрі де жеңінде қызыл креш жігіттер құзға қайтқанда, олар шатыр біткенді аралап, жараларына шүберек байлап, қаладағы нәзіретке жібергенше, жаралыларды күтеді.

Тау кеші, көк бұйра жалын төккенде, өлкеге жалаулатып от жаққанда, жігіттер қазан-қазан ешкі-қойдың етін асқанда, оларды жағалай қорқақ көлеңкелер ебелек қаққанда, сонда ғана ауыл кәдімгі таудағы ауыл сиқына келуші еді.

Өте шаршап-шалдықпаған жігіттер от басына үймелеп, етті күтіп, кеңесіп, тісі ақсиып, күлісіп отырады. Енді бір оттың басында бірнешеуі қосылып, ұзақ әндерін созады.

Әлде қайдан сақаусыған домбыраның дыңғыры естіледі.

 

 

***

Бұл кеңес кеңестердің қызығы еді: Талғара жайлауында жүрген қазақ -орыстарды қалай өткізу туралы қарқылдасып, күлісіп, Тұрғанбектің сөзін қабыл етісті.

Ертеңінде таңертең ауылда ұғымсыз әзірлену басталды.

Бірнешеуі киізден қап тікті, тағы біреулері қаптарды шөп тығып, кептеді, үшіншілері кептеулі әр түрлі қапты басын қосып байластырды. Мылтықтарын жерге қойып, оларды қоршай жігіттер саңғырлап сөйлесіп тұр. Жөпелдемеде тігілген қаптар, кісі болып түрегелді. Жігіттер мәз-мейрам... Бірталай жастар тұлыптарды айнала, ішек-сілесі қатып, жүгіріп, жыртық шапандары жалбырап билеп жүр.

Тұрғанбектің көрсетуі бойынша, кептеулі тұлыптарға кемзал, шалбар кигізді. Тұлыпты көрген сауықшылдар шөпке аунап, қыран күлкі. Суретшілер «қой!» деп ұрысады.

Тұлыптар әзір болғанда, қастарына Мәмет келді.

Мәмет азамат болып кетіпті. Қысық, қой көзімен, сығырая, үңіле қарады. Шықшытты жалпақ бетін, жел қаққан, күнге күйген қошқыл тартқан, жаумен арбасқан. Күндегі әбігерлік, қауіп-қатер кең маңдайына терең әжім салған. Тал бойы бұрынғыдан да оқтай боп, болаттай иілген. Мәметтің жас тұлғасынан қарттың білімі, алыптың күші сезілгендей боп еседі.

– Енді мына жігіттерді атқа мінгізіп, мықтап байлау керек. Қашан жөнелеміз? –  деп сұрады Тұрғанбек Мәметтен.

– Аттаныңдар – деп жарлық берілді – деді Мәмет қимылдап жатқан жігіттерге көз салып.

Қақтың төңірегі қыбыр-қыбыр қоңыр кемзалдар. Пысқырысқан аттарын ерттесіп, су арысып, бірін-бірі шақырысып, мылтықтарын сартылдасып жатыр. Аттар кісінесті.

Жасақ қозғалды; Қаздай тізіліп, шатқа өрмеледі.

Дым құздан шыққан соң, жігіттер екі-екіден жүрді. Ат үстінде қатар түзеп тұлыптарда ырғалаңдап, жігіттерден қалмай келеді. Мәмет пен Тұғанбек, біресе ердің алдыңғы, біресе артқы қасына мініп, қатарласып, сөйлесіп келеді.

Үйеңкінің жасыл жапырағы, жайлаудың масаты кілемі біресе төбеге шығады, біресе аяқ астына түсіп, гүлденеді.

– Сенің айтуыңша қазақ-орыстар «Қасқырсай»-ға  жеті шақырым болса, ендеше бір құздан екі-үш шақырым шыға тоқтау керек – деді Мәмет.

Иә, ең оңтайлы орын... Бұдан қолайлы орынды ойласаң таба алмайсың. Орыс қатындарының астауындай, деген тар кезең, екі жағы жыныс үйеңкі.

– Қазақ-орыстар «Қасқырсай» қасында екенін білмейді деп сенесің бе?

– Білмейді. Кеше Шүршіт оларға барып, бәрін біліп келгенін айттым ғой. Олар Талғарадан төтесімен қалаға тартып, таудың теріскей бетін алмақ. Сол жерден қалаға оқ жаудырмақ... «Қасқырсай» олардың жолынан бұрыс қалады.

Аттардың ақырын тықырымен аралас екеуі осы әңгімені соғысып келе жатты.

Жігіттердің мың атты шынжыры сұр жыландай жорғалап, қия тасқа жабысып, ылдиға қарай сырғанап, сауыттары жыланның қабығындай саудырлап келе жатыр, төбеде бүркіт лашын қалықтап жүр. Талғара биігінің сіреу қары мен мұзы кемпірқосақ түстеніп, жап - жақын жерде жарқырап, құлпырды.

Міне, аяқ астында тар жік болып, құз тұр.

Міне біз келдік – деді Тұрғанбек; Кеше Шүршітпен бірге шалғыншы болып еді.

Тек ылдиға түсу керек...

Осыдан «Қасқырсай»- ға қарай жарты шақырым жүрсек, құздан қайта шыға алмаймыз, жол жалғыз атқа.

Ыстық, жанды тасқын құзды толтырды.

Екі минуттан кейін 30 салт атты әскерден бөлініп былай шықты.

Жасақты екіге бөліп бытыраңдар деп жарлық беріп, Мәмет топқа таянып, қызыл жалау берді. Сайдың тасындай 30 жігіт шоқырақтатып тұмсықтың астында түсіп кетті.

Жасақ абыр-сабыр әзірленді. Тұлып мінген аттылар қаздай тізіліп, қаннен қаперсіз теңселіп тұр. Әр қайсында екі жігіт,  бірі атты шаужайдан ұстайды, бірі құйрықтан алады; Құйрықтың астында тікенді сым темір қыстырған. Шамданған аттар. Шыңғырып, тұяғымен уақ тасты шәшіп мөңкіп, тулайды, жасақ тыңшыды.

Шайыр иісі мүңкіген әр ағаштың түбінен қыли көздер жылтырайды. Жасыл бұтақтар арасынан шоқпардай құс болып, тақияның шоқтары бұлғаңдайды. Жасыл шытырман ішінде алыстан түк көрінбейді. Тек оқта-текте тұяқ сындырған бұтақтың сытырлағаны, аттың пысқырғаны үнсіз орманның сезікті сырын сыртқа шығарады.

 

 

***

Жиырма минут өткен жоқ, алыстан мылтық күрс етті.

Содан кейін түйдегімен жүре мөте тарс-тарс қойды, бірінен соң бірі тасты саңғыратып, тауды жаңғырықтап, бәрі араласып, күңгірледі де кетті. Үйеңкі орманы тітіреді, жігіттер селк етті.

Әзірлен!.. Көзіңе қара! Баяулады, жым-жырт болды, қалшиды; Әскер орманмен құйылысып жасылданғандай болды. Жалғыз-ақ киіз жігіттердің астындағы көк сандалдар басымырақ пысқырып, арындады.

Тарсыл манағыдан да таяу манағыдан да анығырақ... Кешікпей шапқан аттың тысыры, кісілердің айғайы шықты:

–  Әзірлен! – деп ақырды Мәмет.

Топты жігіт мүйістің артынан сопаң етіп шыға келді, құзға қарай айдап келеді. Оқ жаралаған аттар топырақты қардай боратып, бар пәрменінше өлердей жұлқынып, ауыздықпен алысып келеді... Таянды... Таянды...  Аз-ақ қалды, жалма-жан шашырап кетті де, жасыл орманға келіп жоқ болды.

Пер-!! –  деп ақырды Мәмет.

Құйрығынан тікен қадалған, тұлып мінген аттар аспанға шапшып, қамшының дүмпуімен жұлынып, үстіндегі қаңбақтай жеңіл кісілерін жұлындай ұшырып, «Қасқырсай» қайдасың деп құздың түкпіріне қарай  осқыра жөнелді.

Мүйістің ар жағынан мылтықты батырлатып, қиқуды салып жүз қазақ -орыс дүрсе қоя берді.

Алдында кетіп бара жатқан тұлыпты әскерді көре сала, қазақ - орыстар аюдай ақырып сауыттары саусылдап, құтырған кісідей, қуды да кетті. Оқ батырлап келеді, қашқындар қырау құрлы көрмейді.

Алғашқы жүздің артынан екінші жүз ат қойды.

Бір минуттан соң қазақ-орыстар қазақтың бекінген әскерін жанай өтіп бара жатты. -А-ха!

– Тығырыққа қама! Тығырыққа!

–  Айда! Бастыр!

Үйеңкі орманы сонда сілкінді, дуылдады, қозғалды: Әуелі атой берген жалғыз мылтық күмп берді. Сол-ақ екен, мыңдаған қоңыр лашындар қара құрттай қаптап, орманды тастап, қазақ-орыстарды құздың түкпіріне қарай түре қуды.

Дымқыл құздың тары сайы түтіктей өкірді. Шат күңгірлеп, тау күңіреніп кетті.

Аттың, адамның ауыздықсыз жарқыны аңдай долданып, өкіріп, күжілдеп, екі жүз жауды балшықтай илеп, құздың құламасына қарай тықсырды.

Білді қазақ-орыстар...

Зар, ойбай, сарнау төңіректі тітіретті...

Бет-аузы жап-жасыл, көздері шарасынан шығып, үрейленіп, есінен айырылып, бас қорғауды ұмытып, артымнан керегедей қаптап келе жатқан жігіттерге қарсы ұмтылды... Бірақ таскереге тайсалмайды, табан аудармайды, бұрынғысындай бір сыдырғы қозғалуда...

Жартастың кемерінде қазақ-орыстар тағы жанталас, тағы жағаласуда... Біріне-бірі жабысып, бірін-бірі итеріп, әр кім өзі үшін ананы құлатып, өзі оның орнын алмақшы... Жан дәрмен... жалқын қаптап, таянуда қазақ - орыстар бірінен соң бірі терең құзға топырлап құлады, қол-аяғы сербең қағып, ағып келе жатқан аттан ұшып домалады.

Міне бір қораш неме құйғытқан бойымен құздың қабағына келіп, аты лоқсып қалды; жан ұшырған сорлы жанындағының ерінің қасына жабысып еді, қолына қылышпен шауып жібіргенде, ақтық жан дауысы шырылдап қараңғы тереңге қырындай ұшып жөнелді.

– Сауға!.. – деп дауыстайды әлде кім.

–  Сауға! Сауға! – деп түйдегімен шу етті. Бәрі, әлі де жан қала ма дегендей.

–  Тұр солай!..  – деп ақырды Мәмет.

– Таста мылтықты!

– Көтер қолдарыңды!

– Қаруды құзға лақтырма! Тоқта!..

Мыңдаған әскер бой берсін; тықсырып барады. Қазақ-орыстар қолдары көтерулі «Қасқырсайға» құлауда.

– Тоқ-та-а!! Тоқта!

Жасақ тоқтап қазақ-орыстың қалғанын ала-мала құздан шегінгенде,  жаудың тек жартыдан артығы, бір кезде Қадырды жұтқан «Қасқырсай»-дың түбінде топырақ қауып жатыр еді.

 

 

***

Тәшкеннен жендет әтрет шығыпты деген лақап қаланы кеулеп, аттай желді.

Жалғыз лақаптың өзі бүкіл облысты төбеге ұрғандай қылды.

Қала қорғаушы  әтретті күтті. Бұл сөз тұрғындардың төбе шашын үрпитті...

– Күнә сұмдығымыздың сазайы ғой!. Ой, жасаған ай!.. Кітапта айтқан екен...

Бәрі де қазақ-орыстан, елден алынған ығай мен сығайға мінген, қазақ-орыстың ыңғайлы ер-тоқымы, беттері жарылған, күнге күйген, шаң, мылтық, қоржын, қошқантай, қайыс асынған, үсті-басы кір, жыртық, бірде дара,  бірде түйдек қала бойы шабуылдап, құтырған адамша аласұрады.

Қырық темірдің қылауынан жиналған сансыз қол, ішінде бұрынғы солдат та,  қаланың мешжаны да, берже байшы да, кәсібінен айрылған саудагер де,  алыпсатар да бар.

Қаланың шетінде  әр жерде әскер адамдары бетімен жайылып, «тартып ал» ( рекуіизнро уайт) деген де сөз шығарды; Бірақ тартып алу тоқтатылды: Әскери төңкерісі кәмитет әскер басы Курасовке әскеріңді төңкеріс тәртібінен шығармай ұста деп қатаң жарлық берді.

Маңайдағы мұжық қаласынан қазақ-орыс стансасынан, қазақ ауылынан лау, ат, айдап алысты. Өзі тіленгендер әтіретке топ-тобымен кірісті. Қала кісіге, арбаға, атқалық толы. Сықырлады, дүрілдеді, шаңданды...

Үш күннен соң қаладан ұшан-теңіз арбалылар шығып жөнелді. Таудың етегімен күншығысқа қарай бірнеше шақырымға шейін басқұрдай созылған арба станы, ауыл қыстақты басып, шықырлап, Жәркентке, қытай шегіне қарай бет алды.

Мыңнан аса арба қару-жарақпен, астықпен, сұлымен, азықпен, адаммен сықалған.

Курасов  әтіретінің дені арбаның алды, артында, екі жағында солдатқа мініп, қоқарақтап барады.

Көшбасшы әскер өз ісін істеді:

Қалашықтар, стансалар әтіретті қоңыраулатып қарсы алысты. Тоқтаған жерде күндіз-түні жерошақ қазылып, он, жиырма шақты тайқазанда ет асылып, дәмді сорпа аңқыды. Иісті ақ нанды арбалап тасып, төбе қылып үйеді. Әркім тілегенінше алады: жетпесе-тағы әкеледі.

Тамақтан кейін әтрет сүт ішуге үй-үйге қыдырады. Үгірет жанап, қыз «аулайды».

Әтірет қонады, түстенеді, асықпайды, күніне 25-30  шақырым жер алады.

Стансалардың арасы жайқалған жасыл егін, бақша, қауын, үгірет.

Майда қауында піспейді-ау!.. – деп уайымдайды арбада, киіз, көрпе үстінде тырайып еріккендер.

Жол бойы еріккеннен кейбірі қисық пышағын тасқа қайрайды. Біреулер қарта соғады, кейбіреулер соғыста олжалап кеткен азиялықтардың көр-жерін көріп, кестелі тақияларды бастарына өлшеп ермек етеді...

Міне Құмдалаға кірді. Поселкелі,  қыстақты, зайымкел  таулар мұз сәлдесі жарқырап, оң жақта, алыста қалды; Жалғыз ақ жолдың екі жағындағы сар даланы сексеуілдің сенек бұталары ғана күзетеді.

Қытайдың лай сулы өзені  «Іле» болса таянды.

Қалай, мете, шелпек мейрамы мысықтың көзінен бір-бір ұшты ма? борыш сорпамен сыйлаушы білінбей ме? – деп қалжыңдасады арбадағы жігіттер.

Уақа емес, Жаркентте  одан гөрі тәуірін жерміз.

Әли қайдан білдің? Іледен өткен соң, қазақтар сыбағаңды беріп жүрмесін. Тамақ жемек түгілі, ел-жұртқа қош айтасың...

Уақа етпес... Іле бойында бір әтрет бар дейді ғой; Онда бейбітшілік болса керек, Жаркентте қазақ-орыстар бар ғой, біз барғанша қашып кетпесе, солармен төбелесерміз...

Бірақ төбелес болған жоқ.

Жаркентке таяғанда, қазақ-орыстар жуырда келді, оларды қызылдар  Жаркентке қарай қуып кетті деген хабарды естіді.

Бұған дейін қазақ орыспен жұлысып, майданды бермей тұрған қызылдардың аз ғана екі әтреті көмек таянғанын білген соң күшейіп қазақ -орыстарды тықсыра бастады.

Жаркент жанындағы бар құзыр поселкесіне келгенде, тағы бір жақсы хабар естілді: Қызылдарға қазақтың қызыл жасағы қосылып, күші молайып, қазақ-орыстардың барлық қару-жарағын түсіріп алып, Жаркентті меңгеріпті.

Курасов  әтретінде кейбіреу өкініп, кейбіреуі қуанып, күрсініп демалысты.

Қалаға кірді. Алаңға арыстардан орман отырғызды. Қара бұлттай шаң қаптатып, аттарын кісінетіп, адамдарын шулатып, бақыраштарын салдыратып аңыраған, өлі қаланы әтірет тірілтті.

Қаладағы жалғыз темір шатырлы, үй сықылды үйді штаб алды, орналасты, жайланысты.

Қаланың тұрғын елі көрінбейді. Оқта -текте жүгіре басып, үнсіз, тілсіз, жеңіне ақ шүберек байлаған тараншылар өтеді... Тағы да иен. Жадағай, жайпақ, балшықпен сылаған шатырлар жасыл жапыраққа сүңгіп, жалқынды, аңызғақ әуеде жүзеді.

Ертең ерте арбалы әскер сәнденді, түрленді, гүлденді. Қымбат кілемдер көтерілген арысқа (тертеге) жабылып, күнге көлеңке болды. Кейбірі қара майлы, май топырақты арбаның астына төсеніш болды.

Тараншының, сарттың жібек шапанын киген әтірет масатты үстінде шынтақтап, өрікті көпіртіп, сырнай-кернеймен ләззат алады. Арбаның астында крамбапа, карман, скрепка бажылдайды... Самаурындардан шай ағады. Ол жерде шашылып жатқан, ілулі тұрған айналар да, лампалар да адам көргісіз. Жексұрын куіл, қиқу-қиқу дауыс алаңды жаңғырықтырады.

Орыстың бенжегін, сарттың шапанын, дүңгеннің шалбарын араластырып киіп, қылымсып, салдық құрған Курасовтың  әтіреті иен көшеде сайран салады.

Тараншының тыншу қорасы, жан жоқ... ыдыстың сынығы бұрқыраған құс төсектің жүні пәре-пәре қамыстан тоқыған іші, ас жейтін қытай қалақтары.

Балшық қорадағы бұраңдаған тар өткелдің ар жағы барақ бақша. Бұтақтарды қирата, киімдерін жырта-мырта, солдаттар бақшадағы миуалы өріктерді барып алады.

 Өрмеле, Бәселей, шайқа, біз тере берейік...

–  Үй, басың құрсын! Ресейбас! Жерге шашатын жеміс осындай бола ма? Сен міне қарашы, мен селкілдетейін... ал не болды? Былш етіп, езіліп қалды. Өзің шық та, тұрған жерінде асай бер...

Көшеде командир оны-мұны арқалаған солдаттарды көріп:

– Қайт, қайта апарып, орнына сал!...

– Командир жолдас... байдыкі ғой... 

– Сөйлеме! Кейін қайт!

– Жүр жігіттер, орнына салайық... соңыра қайта алармыз...

Үңдемей, мұңайып, кейде мазақ қып, сөйлегендерін тыңдап жүрісті.

– Не істеп жүрсіңдер, жолдастар? Бостандық үшін өстіп алысушы ма едіңдер? Курасов бірнешеуін жапты, бірақ онымен де тәртіпсіздік тоқтамады.

Төрт-күннен соң, әтрет қаладан қайта шықты, жүкті арбалар қозғалысымен, сасқалақтаған дауыс естілді:

– Тоқта!.. Тоқта...

– Не жұмыс?...

– Тоқта! Тоқта!

Көшені шаңдатып екі солдаты шауып келді-бір орыс, бір қазақ.

Алдыңғы арбаларымен қатарласқанда, қазақ қолын көтеріп, ойбайлап бақырды:

– Тоқта!

Арбалар қарлығып, қыңсылады.

– Тыпыру-у... тоқта... тыпыру-у тоқтады. Қасында екі адютаны бар Курасов келді.

Жолдастар! – үзеңгіде көтеріліп, бетін арбалыларға бұрып, белінде наганы бар қазақ ақырып сөйледі.  –  Мен қазақтың партизан әтретінің командирімін, Голеуенко жолдас қызыл әтреттің командирі.

Кеңес Республикасы үшін жан қиған үш әтреттің атынан мынаны жариялаймын: Бізде 11 пулемет, сегіз зеңбірек, үш жарым мың бес атар бар. Сендер қаладан өздеріңдікінен  өзге бір суыртпақ алып бара жатсаңдар да, сендерді оқтың астына аламыз... Естідіңдер ме?

Лезде жұрт құлақ құрған танадай тым-тырыс болды.

Сонсоң Курасовтың күндей күркірген дауысы шықты:

– Күнде неге келгенін менің әтретім неғып ұмытатын болды? Әлде өз үкіметіміз, өз теңдігіміз, өз тұрмысымыз үшін алысатын жауынгерлерді масқаралату үшін  кіргендерің де бар ма?..

Керуен толқыды, гуілдеді. Үстінде тозған көйлегі бар, басы таңулы ұзын жігіт арбаға секіріп, шығып, жұдырығын тыйып, қолын сермеп сөйледі:

– Жолдастар, ұялсаңдаршы! Біз көп үшін, жұрт үшін алыспақшы ма едік? Жоқ, өз басымыздың қамы үшін жүр ме едік?.. Біз мынау байдың мүлкі еді дейміз... Бәрі бір өзіміз алып отырмыз ғой. Ендеше, қара басымыз үшін жүр екенбіз ғой? Солай ма? Жұмабаев жолдас дұрыс айтады! Сендерді бұл үшін оқытып шығын қылмай, дарға асу керек! Кеңестін екі әтретін қырқыстырып қоймаймыз! Алған нәрсесін қайырмағанды өзіміз атамыз!...

– Дұрыс! Дұрыс!... 

– Түсіріңдер! Тастаңдар!

– Митке,  таста бәрін де, құрысын!

Минуттан кейін алдыңғы арбаларды қарауылшылар қамады, бірінен соң  бірі келіп, арбаларындағы айна, крамбапан, іс мәшинесі, самаурын, ыдыс, жасау сықылды мүліктерді түсіре бастады.

Курасов  адютандар мен Мәметке келіп айтты.

Жолдастар! Төңкерістік жауынгер қызыл жалауын масқаралаушылардан бізді құтқарғаныңызға штабтың атынан алғыс айтамын.

Ат үстінен еңкейіп, Мәметтің қолын қысты.

Бөдес қарагер ат құйрығын тігіп, Мәметті алып, көшені бұрқыратып кетті.

 

 

IX

Қазақ орыстар кетті, жарымы Калшакқа, жарымы қытайға. Майданды бітіріп, қызыл армия мейрам қылды.

Желкілдеген қызыл жалау мен марш күйімен қала гүлденді. Көшелер лек-лек әскер. Мыңдаған көкіректен жауын жеңген ерлерге құттықтау сөз гуледі. «Ура» деген айқай жерді күңірентті.

Жасыл қала масайрады.

Кешке бұрынғысындай Милославтың үйінде Мәмет, Логинов, Тұрғанбектер жиналды.

Гүлдері аңқып, оркестрдің есірген күйі шалқып, тағы да мәңгі көк өрім көктем сыңғырлады, ойнады. Күлкісі сыңғырлап терезеден тағы  көктемнің жайдары кеші сақылдап, қызықтырды.

Көрші бөлмеде біреу роял ойнап, «интернационал» күйін сала-алмай жатыр.

Шиемен шай ішті, шылым тартысты. Шат болып кеңесті.

– Ал, Мәмет, сен қандай сый алғың келеді?  – деп сұрады Логинов.

– Етігім жыртылып жүр...  – деді Мәмет етігіне қарап.

Бәріне қарқылдап күлісті:

– Ха-ха-ха! Дұрыс-ақ! Жарайсың, Мәмет! Бес!

Логинов сасқалақтаған Мәметті жауырынға қағып.

 - Жарайды, алдымен етік, етік... – деді.

Оның сөзін Милослав бөлді:

-Сен бір жаққа, Мәскеу, Питограв сықылды қалаға оқуға сұранғың келмей ме?..

-Несіне сұранам? Мен сонша қызметім өткен болса, сұранбасам да жібермей ме...

Кешікпей газет бас мақаласында:

«Жетісу майданы ажырады» деп басты.

Аяқ кезінде төңкеріс жауларымен аянбай алысып, қаһармандық көрсеткен үшін, республикадан сый алған жолдастардың аты саналды. Соның ішінде:

« ... қазақтың 1 партизан әтретінің командирі Жұмабаев Мәмет жолдасқа көрсеткен ерлігіне қызыл ту ордені берілді»... деп жазыпты.

Күздігүні Мәмет Мәскеуге оқуға кетті.

 

СӨЗ АЯҒЫ

Екі жыл өтті.

Бір күні Мәмет театрдан қайтып, басқышпен жоғары шығып пәтеріне кіріп келе жатыр еді, біреу:

– Жұмабаев жолдас! Сізге хат бар – деді.

– Кәне?.. Тәңір жалғасын!

Бөлмесіне келіп, электрді бұрап жіберіп, хаттың адресіне қарады:

«Мәскеу. Күншығыс еңбекшілерінің комун университетінің студенті Мәмет Жұмабайұлына».

«Тұрғанбек жазды». Мәмет хатты ашып оқыды.

«Қымбатты жолдасым, Мәмет,  аман-сау жүрсің бе?

Біздің ауыл өзінің ұлын көрмегелі екі жыл болды. Неғып жүрсің? Қайдасың? « Мәскеуде»... немене?... қалай екен?  Мен хат танитын, оқығаным бар кісімін ғой »  – Мәскеу еуропаның үлкен шәрі шығар, «қайнаған әлеумет өмірі», «дүрілдеген автомобиль», «сылдырлаған трамвай», тағы сондай, сондай... Оның бәрі көз алдымда анық елестете алмаймын... Бірақ сені анық көргендей елестетемін... Сенің көз алдыңа біздің таулар, жайлау, ауыл, мен, Құрымтайлар елестемей ме?..  Құрымтай әлі үйінде, сені күтіп жүр. Мен былтыр орыс қызын алғамын, (ол да коммунист әйел), бәріміз де қалада тұрамыз. Мен қазір опкомда жауапты қызметтемін.

Газеттен оқыған шығарсың, біздің қаланың аты өзгеріп «Алматы» болған, облыс «Жетісу» атанған. Ауыл тұрмысы әлдеқайда түзелді, түзеліп келеді: жұрт отырықшылыққа, шаруаға айналып келеді... Жақын арада қазақтарға жер үлестіріледі.

Бір сөзбен айтқанда  «Іленің қырағысы» Қадырдың мақсұты орындалып келеді...

Логинов пен  Милослав саған салем  айтады. Екеуі де баяғыдай партия жұмысынан босамайды, ешқайда барғысы келмейді.

Жаз кел. Ел қыдырып, ет жеп, қымыз ішейік, азырақ көңіл көтерейік. Қош, сау бол! Ұмытпа, жазып тұр.

Досың Тұрғанбек Елубайыф».

 

Хатты оқып болғанда, Мәметтің қыли көзі Алатаудың басындағы қарындай жылтылдап, әлденелер есіне түсті, түктеліп келе жатқан еріні ақырын мұңайып, жымиғандай болды. Көздері бір нүктеге қадала қарады.

Кітап тұрған үстелге көсемдердің ілулі суретіне тап-таза ағаш еденге... электр лампасының сарғыш сәулесі, майда толқындай, қаймақшып түсіп тұрды.

«Тау қырағысының арманы орындалды».

– Аяулы, қырағы сұңқар. Болашақты бұлжытпай болжаған екен... 

Бітті!

"Жұлдыз" журналы