Қазақстанда салафизм ағымына заң түрінде тиым салынуы мүмкін. Мұндай ұсынысты Еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы бірнеше күн бұрын ұсынды, деп хабарлайды «Алматы арнасы».
Соңғы жылдары Қазақстанда болған террорлық актілер салафизм секілді радикалды топтардың ісі деген құзырлы орган басшысының пікірін дінтанушылар да құптайды. Дін істері комитетінің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда 15 мыңдай адам салафизм идеясына ерген.
Еш дұшпанға таптатпай, ешкімге соқтықпай жай жатқан елдің тыныштығын соңғы бір жылдары «жаратқан үшін жанымыз пида» деп ұрандаған жат ағымның өкілдері бұза бастады. «Бұл салафизм. Бұл ағымға тиым салу қажет» дегенді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы бірер күн бұрын өзі мәлімдеді.
«Бұл сұрақ қолға алынды, оны жақтап отырғандар да, қолдамай отырғандар да бар. Идеологияға тыйым салу қиын. Дегенмен 2011 жылдан бері болған оқиғалардың барлығы салафиттермен байланысты болды. Сондықтан бұл мәселе ең жоғары деңгейде Мемлекет басшысы мен Қауіпсіздік кеңесінің деңгейінде қаралады деп ойлаймын», - деді ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің басшысы Владимир ЖҰМАҚАНОВ.
Кеше ғана Парламенттің бірлескен отырысына қатысқан Президент депуттарға арнайы заңдық күшін қатайтатын құжат әзірлеуді табыстады. Өйткені, діни экстремизм мен терроризмнің тамырына балта шабу негізгі міндет. Салафизм ағымына шектеу қоюды теолог мамандар да құп көреді.
«Бұл 2011 жылыда өзектілігін көрсеткен болатын. Заң тұрғыда тыйым салу дұрыс деп есептейміз, керек те. Салафизмнің немесе уахавизм қазақ халқының болашағына, келешегіне ешқандай тигізер пайдасы жоқ. Бұл бағытты ұстанатын адам қазақ халқының ұлттық танымын салт-дәстүрін ешқашан мойындамайды», - деді ҚМДБ маманы Бауыржан ӘЛИҰЛЫ.
2011 жылдан бері елде болған бірнеше террорлық әрекеттердің барлығын дінтанушылар да осы салафизммен байланыстырады. Сондықтан қазірден бастап елдің тыныштығы мен жат ағымның жетегінде кететін жеткіншектерге тосқауыл болатын заң керек деп санайды.
«Соңғы жасалған Ақтөбедегі оқиғалар Елбасымыздың өзі айтқандай салафиттік әрекеттердің нәтижесі. Егер қазір біз бұған тыйым салмасақ, бұдан үлкен көретін боламыз келесі жылдықта. Бұл өзінің пісуіне жетіліп келе жатыр. Қазір белгілі бір адамдар тарапынан жасалып жатыр. Кейін үлкен топ болып ауыздықтай алмай қалатын дәрежеге жетуіміз мүмкін. Сондықтан қазір салу керек тыйымды», - деді ҚМДБ маманы Бауыржан ӘЛИҰЛЫ.
Дін мамандарының айтуынша, салафизм бағытын ұстанушылар шынына келгенде, мемлекеттің негізгі заңнамаларын, тіпті ата заңын да мойындамайды. Бұл елдің болашағына балта шауып, іштей ірітеміз деген арампиғылдылардың ұстанымы, дейді. Бүгінде дін туралы заңға өзгертулер енгізілу үшін бірқатар құжаттар әзірленіп жатқан көрінеді.
«Маусым айында Елбасының төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесі өткізілген болатын. Қауіпсіздік кеңестің отырысында нақты тапсырмалар берілді орталық және жергілікті атқарушы органдарға. Қауіпсіздік кеңестегі Елбасының тапсырмасы бойынша діни экстремизм және терроризммен күресу жөнінде заңнамалық актілерге қосымша толықтырулар мен өзгертулер енгізу туралы тапсырма берілген. Қазір орталық мемлекеттік органдарда заңнамалық актілер әзірленіп жатыр», - деді Алматы қаласы дін істері жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Нұрмұхаммед МЕЙМАНҚОЖА.
Еліміздің дін істері жөніндегі комитет мәліметіне сәйкес, Қазақстанда 15 мыңдай салафизм бағытын ұстанушы бар. Айта кетейік, салафизм идеясына Өзбекстанда бейресми түрде, Тәжікстанда ресми түрде тыйым салынған.