Көкшетауда балалардың интернеттегі қауіпсіздігін тексеру барысында кәмелетке толмаған қызбен кездесуге әрекеттенді деген күдікке ілінген ер адам анықталды, деп хабарлайды ult.kz.
«Жаңа адамдар» қозғалысының мәліметінше, белсенділер 12 жастағы қыздың жалған парақшасын ашып, әлеуметтік желідегі ықтимал қауіптерді бақылаған. Көп ұзамай қолданушылардың бірі байланысқа шығып, әңгіме мазмұнын орынсыз арнаға бұрған. Қыздың жасы бірнеше рет айтылғанына қарамастан, ол хат алмасуды жалғастырған.
Ұйым өкілдерінің айтуынша, ер адам жыныстық сипаттағы материалдар жіберіп, кездесуді ұйымдастыру мақсатында пәтер жалдаған. Алайда белгіленген орынға баланың орнына қозғалыс белсенділері барған.
Олардың мәліметінше, күдікті 2001 жылы туған Шансанхан Бейбарыс болып шыққан. Жиналған материалдар құқықтық баға беру үшін құқық қорғау органдарына тапсырылды.
«Жаңа адамдар» қозғалысы балалардың цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігіне қатысты мониторинг жұмыстарын жалғастыратынын мәлімдеді.
Азаматтың іс-әрекетіне құқықтық баға тергеу қорытындысы бойынша беріліп, тиісті процессуалдық шешім қабылданады.