Ақмола облысының арнайы прокурорлары «Центр плова Loft» кафесіндегі қайғылы өртке қатысты қылмыстық істі тергеп-тексеруді аяқтады, деп хабарлайды ult.kz.
Еске салсақ, 2026 жылғы 26 ақпанда газ баллоны жарылып, артынан өрт шыққан болатын. Қайғылы оқиға салдарынан 12 адам қаза тауып, тағы 11 адам түрлі дәрежедегі дене жарақатын алған. Сонымен қатар ғимарат иесіне аса ірі көлемде материалдық шығын келтірілген.
Тергеу нәтижесінде қылмыстық жауапкершілікке кафені жалға алушы, автогаз құю станциясының директоры және газ жеткізумен айналысқан тұлға тартылып отыр.
Олардың әрекеттері Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі (өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) және 306-бабының 3-бөлігі (қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету) бойынша сараланған.
Арнайы прокурорлардың мәліметінше, тергеу барысында қауіпсіздік талаптарының бұзылуы мен орын алған ауыр зардаптар арасында тікелей себеп-салдарлық байланыс анықталған.
Қазір қылмыстық іс бойынша материалдар сотқа жолданған. Іс бойынша түпкілікті шешімді сот қабылдайды.