110 млн теңге айналым: Алматыда заңсыз казиноның ақша айналымы әшкереленді

110 млн теңге айналым: Алматыда заңсыз казиноның ақша айналымы әшкереленді
pexels

Алматыда заңсыз интернет-казинолардың жұмысын қамтамасыз еткен адамдар тобы анықталды. Олардың есепшоттары арқылы ойыншылардан 110 млн теңгеден астам қаражат түскен, деп хабарлайды ult.kz.

Тергеу мәліметінше, күдіктілер «Olymp Casino», «Rukh Poker» және «7Kcasino» интернет-казиноларының төлем жүйесін ұйымдастырған. Ойыншылардан ақша қабылдау және оны өңдеу «Rocket.do» онлайн-платформасы арқылы жүргізілген.

Топ мүшелерінің бірі шетел азаматы болған. Ол банк шоттарын пайдалануға беретін адамдарды іздеп, әрқайсысына 200 долларға дейін сыйақы ұсынған. Кейін табылған дропперлер Қазақстанға әкелініп, ХҚКО-да ЖСН рәсімдетіліп, банк шоттары ашылған.

Тергеу барысында күдіктінің 15 шетел азаматының банк шоттарына қол жеткізгені және өз шотын да пайдалануға бергені анықталды. Нәтижесінде 16 дроппердің шотына ойыншылардан түскен қаражаттың жалпы көлемі 110 млн теңгеден асқан.

Күдіктілердің бірі қамауға алынды. Тағы үш адамға ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.

Қылмыстық іс сотқа жолданды. Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жарияланбайды.