Қызылорда қаласында «WornerBros» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқарған азамат 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті хабарлады, деп хабарлайды ult.kz.
Тергеу мәліметінше, ұйымдастырушы тұрғындарды «WornerBros» платформасы арқылы қысқа бейнероликтер мен фильмдерді көріп, табыс табуға болады деген желеумен жүйеге тартқан. Қатысушылар рефералдық сілтеме арқылы тіркеліп, құны 10 мың теңгеден 11 миллион теңгеге дейінгі VIP-пакеттердің бірін сатып алған.
Оларға күніне 735 мың теңгеге дейін табыс табу мүмкіндігі уәде етілген. Сонымен қатар әрбір жаңа қатысушыны тартқаны үшін бонус төленіп отырған. Жүйені насихаттау үшін WhatsApp мессенджеріндегі топтар, әлеуметтік желілердегі жарнамалар және түрлі үгіт-насихат кездесулері пайдаланылған.
Тергеу барысында салымшылардың қаражатын жинау мен аударуға қолданылған криптоәмияндар анықталды. Сот санкциясымен 3 миллион USDT көлеміндегі криптоактивтерге тыйым салынды.
Сот айыпталушыны кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар 24 жәбірленушінің азаматтық талап-арыздары қанағаттандырылды.
Үкім заңды күшіне енді.