Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті мемлекеттік субсидияларды заңсыз иемденді деген күдікке ілінген топқа қатысты тергеуді аяқтап, қылмыстық істі сотқа жолдады, деп хабарлайды ult.kz.
Тергеу нұсқасына сәйкес, күдіктілер заңсыз схеманы жүзеге асыру үшін үшінші тұлғалардың атына тіркелген төрт жеке кәсіпкерлікті, сондай-ақ «Нұр-Келес» ЖШС мен «Бимен С.» ЖШС-ін пайдаланған. Аталған кәсіпкерлік нысандарының іс жүзіндегі бақылауы электрондық цифрлық қолтаңбалар, мөрлер және банк шоттарын басқаруға мүмкіндік беретін нотариалды сенімхаттар арқылы күдіктілердің қолында болған.
Агенттік мәліметінше, осы кәсіпкерлік нысандары арқылы ақпараттық жүйелерге ауыл шаруашылығы жануарларын сатып алу, олардың саны және асылдандыру жұмыстары жүргізілгені туралы көрінеу жалған мәліметтер енгізілген. Кейін сол деректер негізінде мемлекеттік субсидия алуға электронды өтінімдер берілген.
Бюджеттен алынған қаражат кейін қолма-қол ақшаға айналдырылып, схемаға қатысушылар арасында бөлінген және жеке мақсаттарына жұмсалған деген күдік бар.
Тергеу дерегіне сәйкес, мемлекетке келтірілген залалдың жалпы көлемі 103 млн теңгені құраған. Қаражат ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға және өңірдегі мал шаруашылығын дамытуға арналса да, тергеу нұсқасы бойынша мақсатсыз пайдаланылған.
Сот санкциясымен күдіктілердің мүлкіне тыйым салынған. Тізімде екі тұрғын үй, төрт автокөлік, автотұрақ орны және жер телімі бар.
Күдіктілердің біреуі қамауға алынған, ал екіншісіне кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, істің өзге мән-жайлары әзірге жарияланбайды.