Батыс Қазақстан облысында 10 жастағы ұлын қараусыз қалдырған әйел ата-ана құқығынан айырылды, деп хабарлайды ult.kz.
Жоғарғы сот мәліметінше, әйел ішімдікке салынып, ұлымен қараусыз қалған үйде тұрған. Бала мектепке бармаған, оқу-жазуды білмеген. Киім мен тамақты қоқыс арасынан тауып пайдаланған.
Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия араласқаннан кейін бала арнайы әлеуметтік қолдау орталығына орналастырылған. Кейін облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылына берілген.
Психолог баланың ауыр психологиялық жарақат алғанын айтып, анасына эмоционалдық байланысы жоғалғанын анықтаған. Бала анасынан қорқып, бұрынғы жағдайға қайта түсуге алаңдаған.
Сот әйелдің ата-аналық міндеттерін орындаудан қасақана жалтарғанын ескеріп, оны ата-ана құқығынан айырды. Сонымен қатар баланы асырауға алимент өндірілді.
Сот шешімі заңды күшіне енді.