1 қыркүйекте мектеп аумағында мұғалімдерге гүл мен өзге де сыйлықтар тарту етуге болмайды. Бұл туралы Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова ОКҚ брифингінде мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Журналистер ата-аналардың мұғалімдерге гүл сыйлауына қатысты қандай да бір шектеу бар-жоғын және гүл шоғына қанша қаражат жұмсауға болатынын сұрады.
«Біз жергілікті атқарушы органдарға тиісті хат жолдадық. Мектеп қабырғасында гүл мен қандай да бір сыйлықтар тарту етуге рұқсат етілмейді. Біз мұны бөлек көрсеттік. Сондықтан бұған ешқандай қажеттілік жоқ», – деді Шынар Ақпарова.
Осылайша, министрлік мұғалімге сыйға тартылатын гүл шоғының нақты құнын атамады. Ведомствоның түсіндірмесі мектеп аумағында гүл немесе өзге сыйлық беруге қатысты болып отыр.
Сонымен қатар 1 қыркүйекте барлық мектепте бірыңғай сынып сағаттары өтеді. Ал колледждерде кураторлық сағаттар ұйымдастырылады. Вице-министрдің айтуынша, олардың ұзақтығы шамамен 45 минут болады.
Айта кетейік, министрліктің педагогтерге гүл сыйлауға қатысты ұстанымы бұған дейін өзгеше болған. 2024 жылы ведомство мұғалімге гүл тарту етуге болатынын айтып, мұны құрмет пен ризашылықтың белгісі деп бағалаған. Бұрынғы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев та оқушылардың мұғалімге гүл сыйлауын игі дәстүр ретінде атаған.
Қазақстанда 2026-2027 оқу жылы 1 қыркүйекте басталып, 25 мамырда аяқталады. Бірінші сынып оқушыларына ақпан айында қосымша демалыс беріледі.