24 ақп, 2017 сағат 15:44

Жанболат Мамайға қысым жасалғаны расталмады

Алматы қаласы прокуратурасы және ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетімен бірлесіп, адвокат Ж.Балғабаеваның тергеу-қамауындағы Жанболат Мамайға қатер төндіруі және қысым көрсетуі туралы БАҚ-та жарияланған шағымына қатысты тергеу жүргізілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жанболат Мамайдан жауап алу барысында ол ауызша және жазбаша түрде тергеу изоляторының әкімшілігіне және камерада ұстауда отырған өзге сотталғандарға ешқандай наразылығы жоқ екенін жеткізді.

Тергеу изоляторындағы медицина бөлімінің маманы да Ж.Мамайдың денесіне зақым келмегенін, дене жарақатының жоқтығын анықтады. Аталған тергеу-қамауындағы медициналық сараптамадан өтуден бас тартқан.

Осылайша Ж.Мамайдың өміріне қауіп төнді және оған қысым көрсетілді деген фактісі расталған жоқ.  

Аталған оқиғаның айналасындағы дау-дамайды ушықтармау үшін Мамай тергеу изоляторындағы жалпы камераға ауыстырылды.  

Сонымен қатар, кейбір адамдар қауесеттер мен жорамалдарды негізге алып, «Ж.Мамайдың өміріне қауіп төнді және оған қысым көрсетілді» деген жалған ақпаратты шығарып отыр.  

Осыған байланысты БАҚ өкілдерінен осыған ұқсас ақпаратты басудан бұрын немесе сілтеме жасамай тұрып ресми түсіндірме мен растауды алу үшін ІІМ ҚАЖ комитетіне жүгінуді сұрайды.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 242-1-бабы 3-тармағына сәйкес жалған мәлімет тарату белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салу түріндегі жазаға алып келетінін ескертеміз.