24 мау, 2019 сағат 11:13

Ұлттық банк қызметкерлері 770 мың теңге жалақы алады – Досаев

Елімізде құрылатын қаржы нарығын реттейтін агенттікке Ұлттық банктің 500 қызметшісі ауысады. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Парламент Сенатының жалпы отырысында мәлімдеді.

"Қызметішелер мәртебесін бекітуді ұсына отырып Ұлттық банк жоғары білікті қызметкерлерді жүйелі қабылдауды, еңбекақы төлеудің бәсекелес деңгейде қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық банк пен агенттік Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңестің қызметі аясында өзара іс-қимыл жасайды",- деді төраға.

Досаевтың айтуынша, Ұлттық банктен агенттікке ауысуға болжанып отырған қызметкерлердің жалпы саны - 500 адам.

"Ұлттық банктің 1200 қызметкерінің 500-ін жаңа агенттікке көшіреміз. Бюджет комиссиясы бізге берген қаржысы - 10 млрд теңге, оның ішінде еңбекақы - 9 млрд дейін. Қаржы саласында орташа айлыққа қарасаңыздар, Ұлттық банк ішінде екі есе төмен төлеп отырмыз. Біздің жалақымыз - 770 мың теңге. Нарыққа қарағанда олардың жалақысы 530-540 мыңға жетіп отыр. Банктегі активтер - 25 трлн теңге, сақтандыру компанияларының активтері - 1 трлн теңге, соған қарайтын адамдардың жалақысы Ұлттық банктегідей болуы керек", - деп айтты ол Сенаттың жалпы отырысында.

Baq.kz