20 наурызда Түркістан облыстық мәслихатының кезектен тыс ХХХIII сессиясы өтті, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Онда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысында Тұңғыш Президенттің есімін мәңгілікке қалдыру үшін облыс орталықтарындағы негізгі көшелердің бірін Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен атау туралы бастамасы қаралды.
Сессия шешімі бойынша облыс орталығындағы Арбат даңғылына Нұрсұлтан Назарбаев есімі берілу туралы ұсыныс айтылып, ол депутаттар тарапынан қолдау тапты.
Нәтижесінде Түркістан қаласындағы ірі көшелердің бірі - Арбат даңғылына Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілді.
Бұл даңғыл Бекзат Саттарханов даңғылының қиылысынан бастап, Тәуке хан даңғылы мен Нәзір Төреқұлов көшесінің қиылысына дейінгі аралықты қамтиды.
Еске сала кетейік, 2018 жылдың маусым айында Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысын Түркістан облысы деп қайта құру туралы Жарлық шығарған болатын. Бүгінгі таңда Түркістан қаласы облыс орталығы ретінде қарқынды түрде дамып келеді. Қалада ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ Өскемен мен Павлодар, Талдықорғандағы Тәуелсіздік даңғылдарына, Оралдағы Достық даңғылына, Көкшетаудағы Горький даңғылына, Шымкенттегі Астана көшесіне, Петропавл мен Қарағандыдағы Мир көшелеріне Назарбаевтың аты берілді. Көше атауларын өзгерту туралы шешімді қалалық мәслихаттар қабылдады.
Айта кетейік, 20 наурызда Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында Қазақстан халқына ант беріп, Президент қызметіне кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет астанасына елдің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беруді ұсынды. Ол "облыс орталықтарындағы негізгі көшелерге Назарбаев атын беру керек" деді. Осы күні парламент Астана атауын Нұрсұлтан деп өзгерту туралы заң жобасын қабылдаған.