20 нау, 2019 сағат 14:35

Қазақстан астанасының атауы Нұрсұлтан деп өзгерді

Қазақстан астанасының атауы Нұрсұлтан деп өзгертілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бүгін Парламент Палаталарының бірлескен отырысы өтіп, онда елорда атауын Нұрсұлтан қаласы деп өзгерту туралы мәселе қаралды.

"Қазақстан Конституциясына сәйкес Үкімет астананың атауын өзгерту туралы түзету енгізу үшін республикалық референдум өткізу жөнінде Қазақстан Президентіне ұсыныс жасады. Президент бұл ұсынысты референдумға шығармай, Парламенттің қарауына жіберу туралы шешім қабылдады", - деді Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин.

Ол бұл мәселе бойынша Конституциялық кеңес өзінің оң қорытындысын бергенін атап өтті.

"Мемлекет басшысы Конституцияның 91-бабы 1-тармағына сәйкес, Парламенттің қарауына Қазақстан Конституциясына өзгерістер енгізу туралы Қазақстан Республикасы заңының жобасын енгізді. Бұл жоба республика астанасының атауын Астана қаласынан Нұрсұлтан қаласына өзгертуді көздейді. Ұсынған түзетулерді қолдауыңызды сұраймын", - деді президент әкімшілігі басшысының орынбасары Әлия Рақышева.

Қос Палата депутаттары заң жобасын екі оқылымда да мақұлдады.

"Тарихи шешім қабылданды", - деді Нығматулин.

Айта кетейік, Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне елімізде және елордамызда бірқатар нысандар аталған. 2017 жылы Халықаралық әуежайға Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілсе, дәл сол жылы Алматыдағы бұрынғы Фурманов көшесінің атауы да Назарбаев даңғылы болып өзгертілген еді.