17 ақп, 2018 сағат 09:21

Жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев дүниеден озды

Қазақ әдебиеті ауыр қазаға ұшырады... Бүгін 62 жасқа қараған шағында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Махамбет сыйлығының лауреаты, жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев дүниеден озды. 

Рахымжан Отарбаев 1956 жылы 19 қазанда Атырау облысы Құрманғазы ауданында дүниеге келген. 1977 жылы Орал педагогика институтын тәмамдаған. Әр жылдарда «Орал өңірі» газетінде тілші, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Қазақ телерадио комитетінде редактор, «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жалын» альманахында бөлім меңгерушісі, Қырғызстанда Қазақстан елшілігінің атташесі, Маңғыстау облыстық радиотелевидение компаниясының төрағасы, Атырау облыстық драма театрының директоры, ҚР Президенті Әкімшілігінде сектор меңгерушісі, Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананың Бас директоры қызметтерінде болған.

Оның әр жылдары «Шер», «Жұлдыздар құлаған жер», «Жайық жыры», «Қараша қаздар қайтқанда», «Дауысыңды естідім», «Отверженный мир» атты прозалық жинақтары және таңдамалы шығармаларының 2 томдығы жарық көрген. Қытайдың «Ұлттар» баспасынан қытай, қазақ тілінде 2 томдығы, Ресейдің «Художественная литература» баспасынан орыс тілінде бір томдығы және қырғыз тілінде кітаптары жарық көрген. Жекелеген шығармалары түрік, араб, ағылшын тілдерінде басылған. «Бейбарыс сұлтан», «Бас», «Нашақор жайлы новелла», «Нұржауған-ғұмыр», «Сырым батыр», «Мұстафа Шоқай» сынды пьесалары республикалық және шетел театрларында сахналанған.

Махамбет сыйлығының лауреаты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Халықаралық Айтматов академиясының академигі. 2013 жылы ҚР Президентінің жарлығымен жоғарғы мемлекеттік марапаты Парасат орденімен марапатталған.

Ұлт порталының редакциясы жазушының отбасына, жақын ағайын-туыстарына һәм бүтін қазақ жұртшылығына қайғырып көңіл айтады!

Раxымжан Отарбаевтың жаназа намазы 20 ақпан күні таңертең 9.00-де өз үйінде оқылады (Атырау қаласы, мкр.Атырау, 47 өткел, 13 үй). 10.00-де Маxамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында қоштасу рәсімі өтеді.