26 қар, 2016 сағат 22:48

Министр Мұхамедиұлы Facebook желісіне тіркелді

- ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Facebook әлеуметтік желісінде жеке парақшасын ашты.

«Қадірлі достар! Мен мәдениет пен спортқа қатысты нақты ақпараттарды бөлісуге, сондай-ақ, осы саладағы барлық маңызды мәселелерді талқылау үшін Facebook әлеуметтік желісінде парақша ашуды жөн көрдім. Сонымен қатар, осы парақша арқылы жас режиссерлермен, суретшілермен, әртістермен, әншілермен және де көптеген дарынды тұлғалармен тілдесуге әрі байланыс орнатуға дайынмын. Себебі біздің қасиетті жеріміз талантты жандарға кенде емес. Өзімнің достарыма сапалы «кері байланыс» пен қолдау білдіргендері үшін зор алғысымды білдіремін. Барлық ой-пікірлерді жеке өзім оқуға және мүмкіндігінше жауап беруге тырысамын» деп бастады министр алғашқы жазбасын.

Ол осы мүмкіндікті пайдалана отырып, 27 қарашада «Керуен» ССО-да сағат 11-00-де балалар үйлері мен SOS балалар ауылының тәрбиеленушілері үшін Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібектей хандардың рөлі туралы баяндайтын «Қазақ елі» анимациялық фильмінің көрсетілімі ұйымдастырылғанын хабарлады.

«Отандық фильм біздің балаларымыздың көңілдерінен шығады әрі осындай туындылар арқылы оларды қуантып қана қоймай, өскелең ұрпақтың бойына Отанға деген сүйіспеншілікті сіңіреміз деген ойдамын», деп жазды Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Ұлт порталы