25 мам, 2017 сағат 09:37

Қызылорда облысында түлектердің 98 пайызы ҰБТ-ны қазақ тілінде тапсырмақ

Облысқа жұмыс сапары кезінде ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев білім саласының қызметкерлерімен, жоғарғы оқу орындарының ғалымдарымен кездесті, деп хабарлады Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Жиынның алғысөзінде облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов осы жылдың ұстаздар мен оқушылар үшін жаңалыққа толы болғанын жеткізді. Атап айтқанда, ҰБТ-ның жаңа форматы енгізіліп жатыр, қорытынды аттестациялау жаңаланды, «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім» жобасы басталды. Сағадиев сөзінде Елбасы Жолдауынан туындайтын мәселелер мен білім жүйесіндегі өзгерістерге кеңінен тоқталды.  Министр үштілділік, оның ішінде мемлекеттік тіл жайына тоқталды.

Оның айтуынша, биыл ҰБТ-ны қазақстандық түлектердің 80 пайызы, сырбойылық бітірушілердің 98 пайызы қазақ тілінде тапсыруға ниетті. Министрлік орыс тілінде білім беретін мектептерде қазақ тілін оқытудың ғылыми негізделген, коммуникативті әдіске сүйенген деңгейлі бағдарламасын әзірледі. Бұл әдістеме биыл жекелеген мектептерде пилоттық жоба ретінде қолданысқа енгізіледі. Қазақстанда бірінші рет ауызекі сөйлеуді дамытуға арналған жиілік сөздік шығарылды. Мұнда бұрынғыдай оқып, мәтін аудару деген болмайды.

Ағылшын тілін білу - заман талабы. Биыл ағылшын тілінде сабақ беретін 5 000 мұғалімді 9 айға дейін тереңдетілген курстарда оқыту жоспарланған болатын. Оның орнына физика, химия, IT және биология пәндерінен сабақ беретін 12 000 адам жазылып, қосымша қаржыландыру мәселесі шешілді. Келесі жылы тағы 12 000 мұғалім білімін шыңдайды. Пәндерді ағылшын тілінде оқу ерікті түрде жүреді, ол үшін ата-ананың жазбаша рұқсаты керек.

Сағадиев осы жылы көп сұрақтың жауабы табылатынын, атап айтқанда, дайындық уақыты, оқыту сапасы, мұғалімдер мен балалардың дайындығы сынды мәселелер шешілетінін айтты. Өйткені аталған жұмыстың қорытындысына сай жоғарғы сыныпта 4 пәнді ағылшын тілінде оқыту кестесіне көшу 2018 жылдың аяғында аяқталады.

Кездесуде министр білім саласы өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Ал сапардың екінші күнінде министрдің Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарындағы апатты мектептердің орнына жаңадан салынған білім ошақтарының ашылу және соңғы қоңырау салтанатына қатысуы жоспарланған.