ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің батыры – Кейкі батырдың сүйегін жерлеу мәселелері жөнінде кезекті жұмыс кеңесінде тұтас бір ұлттың намысын арқалаған ақберен қолбасшының бас сүйегінің елге қайтарылуы елдігіміз бен ерлігімізді паш еткен игілікті іс екенін баса айтты.
Халық аузында Кейкі батыр атымен танымал Нұрмағанбет Көкембайұлы – 1916 жылғы Ресей патшалығының қазақтан әскерге адам алу туралы жарлығына қарсы көтерілген Торғай қазақтары көсемдерінің бірі. Ол көтерілісшілердің негізгі қарулы күші – мергендер жасағын басқарған.
Еске сала кетсек, 6 қазан күні Кейкі батырдың бас сүйегі Ресейден Қазақстанға жеткізілді. Ол 93 жыл бойы Санкт-Петербург қаласындағы Кунсткамерада сақталып келді.
Батырдың аты мен ерлігін барынша дәріптеп, оның денесін салт-дәстүрімізбен арулап жерлеу қабырғалы халық, іргелі ел екендігіміздің көрінісі. Сондықтан, Иманғали Тасмағамбетов Кейкі батырдың денесін жерлеу рәсімін ұйымдастыру жөніндегі нақты іс-қимыл жоспарын құру маңызды екенін атады.
Дегенмен, арада батырдың бас сүйегіне кетпен тиген секілді қаңқу сөздер де айтылып қалғаны рас. Антропологияның бүге-шігесіне дейін зерттейтін венгрлік ғалымдардың мәліметінше, Кейкі батырдың бас сүйегіне балта, не, ауыр семсер секілді қарудың зақым келтіргені анықталып отыр. Бұл тұрғыда Семмелвейс университетінің (Будапешт қаласы) радиология және онкотерапия клиникасында бассүйектің және жақ сүйегінің компьютерлік томографиясы жасалды.
Бір нәрсе анық, батырдың бас сүйегі мәйіті табылған кезде жерленеді, денесін іздеу Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетіне жүктеліп отыр.
Кеңес барысында Иманғали Тасмағамбетов Мәдениет және спорт министрлігіне Қостанай облысының әкімдігімен бірлесіп Кейкі батырдың кесенесін жобалау және одан әрі құрылысын жүргізу үшін қажетті барлық шараларды қабылдау жөнінде тапсырма берді.
Вице-премьер халқымыздың рухы мен мәртебесін көтеру тұрғысында осынау жобаның тарихи маңызына ерекше тоқталып, оны жүзеге асыру үшін құзырлы мекемелер және қоғам өкілдерімен бірлесіп іс-қимыл жасауға дайын екенін мәлімдеді.
Сонымен қатар, кітаптар, пьеса жазылып, көптеген іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр.
Ғалымжан Сәрсен,
Ұлт порталы