Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастық жөніндегі жоғары деңгейдегі 2-ші форумының ашылуында Қазақстанның транзиттік-көліктік әлеуеті туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Елбасы «Бір белдеу, бір жол» бастамасы жетістіктерінің бірі - география мен теңсіздік сын-тегеуріндерін орағыту екенін атады.
«Еуразия қайта бірігіп жатыр. Екі мың жыл бұрынғыдай құрлығымыздың шалғай жатқан түрлі бөліктері бір арнаға тоғысты. Қысқа уақыттың ішінде күрделі табиғи ландшафтар мен геосаяси қарама-қайшылықтарды бастан өткеріп, бірлесіп экономикалық дәліз құра білдік. Заманауи логистиканың, мемлекеттердің өзара түсіністігінің арқасында Оңтүстік-Шығыс Азиядағы тауарлар Солтүстік Еуропа қалаларына бар болғаны 2 аптаның ішінде жетіп жатыр. Бұның негізінде прагматизм, өркендеуге ұмтылу жатыр», - деді Н.Назарбаев.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Еуразияның дәл ортасында тиімді орналасқанын еске салды. Біздің мемлекетіміз арқылы Азия мен Еуропа қысқа жолмен байланысып жатыр.
«Қолда бар транзиттік әлеуетті жүзеге асыру мақсатында «Нұрлы жол» ұлттық бағдарламамызды «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен имплементацияладық. Соңғы 10 жылда Қазақстан 30 млрд АҚШ доллары көлеміндегі қаражатты инфрақұрылымды, көліктік-логистикалық активтер мен құзыреттерді дамытуға инвестициялады. 3 мың шақырым темір жолды, 12,5 мың шақырым автомобиль жолдарын пайдалануға бердік немесе жөндеуден өткіздік. Отандық теңіз және әуе айлақтары қайта құрылды. Елімізде қысқа уақыт ішінде заманауи бәсекеге қабілетті транзиттік хаб құрылды. Бұл жолдардың барлығы біз арқылы, Орталық Азия арқылы, біздің көршілеріміз арқылы басқа елдерге өтіп жатыр», - деді Елбасы.
Н.Назарбаев 2016 жылдан бастап «Нұрлы жол» бағдарламасы «Жібек жолы экономикалық белдеуімен» түйіндесіп, табысты жүзеге асырылып жатқанын еске салды.
«Еуропаны Қытаймен Ресей және Қазақстан арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жоғары сапалы құрлықаралық автомагистралі жалғап жатыр. Біздің еліміз Қытайдың Тынық мұхитындағы Ляньюньган айлағында логистикалық терминал салды. «Қазақстан - Түрікменстан - Иран – Парсы шығанағы» темір жолы қайта іске қосылды», - деді ол.
Сондай-ақ, Елбасы «Бір белдеу бір жол» қазақстандық G-Global идеясымен үндес екенін айтты.
«Қытай Төрағасы Си Цзиньпин мырзаның «Бір белдеу, бір жол» құрылысы арқылы бізді адамзаттың ортақ тағдыры қоғамдастығын бірге құруға шақыруы оған деген терең құрметімді оятады. Мұның мәні тереңде жатыр. Әлемдік саясаткердің осынау жаңа пайымы барлық елдердің мүддесін шоғырландыруға негізделген G-Global идеямызбен үндес», - деді Назарбаев.