25 ақп, 2019 сағат 15:42

Бердібек Сапарбаев министр қызметіне қайта оралды

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып Бердібек Сапарбаев тағайындалды.

Бердібек Машбекұлы Сапарбаев Қызылорда облысының Жаңақорған ауданының Бесарық ауылында 1953 жылы туылған. 1977 жылы жылы Алматы Халық шаруашылығы институтын «Экономика және материалдық-техникалық жабдықтау» мамандығы бойынша бітірді. Экономика ғылымдарының докторы, профессор.

Еңбек жолын Қызылорда облысының Задарьинский совхозының жұмысшысынан бастады (1969-1971 ж.ж.); әскери қызметін өткерді (1971-1973 жж.). Институтты бітірісімен Республикалық мемлекеттік еңбек жинақтау кассалары (гострудсберкассы) басқармасында экономист (1977 ж.); ҚазСРО Қаржыминінде экономист, аға экономист, жетекші, бас экономист, бөлім бастығының орынбасары (1977-1988 жж.); жоспарлау-қаржы басқармасының бастығы, Бас экономика басқармасының бастығы, Қазақстан Республикасы Білім министрінің орынбасары (1988-1993 жж.); Президент Аппараты Бөлімі мен Қазақстан Республикасы Министрлері кабинеті меңгерушісінің орынбасары (1993 ж.); Қазақстан Республикасы Министрлері кабинетінің Істер басқармасының Қаржы, еңбек және әлеуметтік қорғау бөлімі меңгерушісінің орынбасары және меңгерушісі (1994-1995 жж.) болды.

Қазақстан Республикасы Министрлері кабинеті Аппаратының басшысы (1995 ж.); Қызылорда облысының әкімі (1995-1999 жж.); Оңтүстік-Қазақстан облысының әкімі (1999-2002 жж.) қызметтерін атқарды;

Қазақстан Республикасы Кедендік бақылау агенттігінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Вице-Министрі - Кедендік бақылау комитетінің төрағасы (2002 ж.- 2006 ж.); Премьер-Министр Кеңсесі Басшысының орынбасары – Қазақстан Республикасы Парламентіндегі Үкіметтің Өкілі (2006 ж. – 2007 ж.); Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау Вице-министрі (09.02.2007- 27.08.2007).

2007 жылдың 27 тамызынан бастап Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі лауазымында болған.

2009 жылғы 4 наурызда Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды.

2014 жылдың қарашасы - 2015 жылдың қыркүйегі аралығында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.

2015 жылғы 11 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Ақтөбе облысының әкімі болып тағайындалды.