17 сәу, 2017 сағат 11:32

«Анаға апарар жол» Орталық Азияның үздік фильмі атанды

"ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Новый мир» ЖШС-нің қатысуымен түсірілген «Анаға апарар жол» фильмі Бішкекте өткен «Ақ ілбіріс» атты VI  ұлттық киножүлдесінде Орталық Азияның үздік фильмі атанды", - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" "Қазақфильм" АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бас продюсер Әлия Назарбаева мен режиссер Ақан Сатаевтың бірлесіп шығарған «Анаға апарар жол» атты  туындысы үш номинация бойынша бақ сынады. Олар: «Орталық Азияның үздік фильмі», «Орталық Азияның үздік актері» (актер Әділ Ахметов үміткер), «Орталық Азияның үздік актрисасы» (актриса Алтынай Нөгербек үміткер) номинациялары. Сондай-ақ, осы жүлделерге Өзбекстан мен Тәжікстанның картиналары да ұсынылған болатын.  

Ұлттық жүлдені режиссер Ақан Сатаевқа қырғыздың кинорежиссері, Қырғызстан Республикасының халық артисі, аталмыш премияның құрылтайшыларының бірі Артықбай Сүйіндіков және азиялық кинофестивальдың үйлестірушісі Лос-Анджелестегі Әсел Шерниязова табыстады. 



- Түсіру тобын осы жеңіспен қуттықтаймын. «Анаға апарар жол» - Орталық Азияның үздік фильмі,  - деп жазды режиссер Ақан Сатаев өзінің Instagram парақшасында.  

Фильм өмірдің ауыртпалығына төтеп берген, қиын қыстау күндері  сұрапыл соғыстың мехнатын көрген басты кейіпкердің тағдырын баяндайды. Бұл кинотуынды ананың перзентіне деген шексіз махаббаты туралы, перзентінің Отанына деген адалдығы жайлы. Аталған кинотуынды 38-ші Халықаралық Мәскеу кинофестивалінде және «Еуразиялық көпір» атты фестивальге қатысып, Бас жүлдені, сонымен қатар актриса Алтынай Нөгербек «Үздік әйел адам рөлі» номинациясында жеңіске жетті. Одан бөлек, бұл туынды биыл Қазақстан киносыншылар ассоциациясы ұйымдастырған «Сыншылар таңдауы» жүлдесінде үш бірдей жүлдені иемденді. Атап айтсақ, «Ең үздік актриса» - Алтынай Нөгербек және «Екінші пландағы үздік актриса» Аружан Жазылбекова деп танылды. Ал «Фильмге жазылған үздік музыка» номинациясын аталмыш фильмнің композиторлары Әлім Заиров пен Роман Вишневский бөлісті.  

2012 жылы Қырғызстанның танымал кинематографистері ұйымдастырған «Ақ Ілбіріс» атты тұңғыш ұлттық киножүлдесі  - өткен жылдың үздік фильмдерін анықтайтын елеулі іс-шара. Киножүлде Қырғызстанның кинематографистер одағы, «Айтыш» қоғамдық ұйымы және Қырғызстан Республикасының кино дамыту қоры қолдауымен марапатталады. «Орталық Азияның үздік фильмі»  номинациясы 2010 жылы алғаш табысталған екен.