Алматыда жас ақындардың көшпелі поэтикалық дуэлі өтті. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен жыр кешінде 2018 жылдың «Поэзия қағаны мен ханшайымы» анықталды.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін поэтикалық дуэль биыл жылдағыдан өзгеше өтті. Бұл жолы алматылық жас ақындар өзара үздікті анықтап, жыр сайысына түсті. Жеңімпаз ақын «Поэзия қағаны-2018» атағына ие болмақ.
Кешке 8 жұптан құралған 16 ақын қатысты. Олар:
1) Бекзат Смадияр – Ретбек Мағаз
2) Жандарбек Жұмағұлов – Назерке Қабаева
3) Абылайхан Қуанышев – Оралхан Зағыпар
4) Нұртас Тұрғанбекұлы – Батырхан Сәрсенхан
5) Аслан Тілеген – Сандуғаш Серікқызы
6) Марлен Ғилымхан – Әсел Кәрібай
7) Бауыржан Майтай – Аслан Қуанышұлы
8) Марғұлан Ақан – Айдана Қайсарбекқызы
Биылғы дуэльдің өзгешелігіне сәйкес, осы 16 ақынның ішінен 3 жұп келесі кезеңге өтті. Олар:
1) Бекзат Смадияр – Әсел Кәрібай
2)Марлен Ғилымхан – Айдана Қайсарбекқызы
3) Нұртас Тұрғанбекұлы – Сандуғаш Серікқызы
Бұл 3 жұптан екі жұп финалдық кезеңге өтті. Олар:
1) Бекзат Смадияр –Марлен Ғилымхан
2) Әсел Кәрібай – Сандуғаш Серікқызы
Қызықты жыр кешін қазақтың аяулы ақыны Ерлан Жүніс жүргізді.
Дуэльге филология ғылымдарының докторы, профессор Зейнол-Ғабден Бисенғали мен Бақыт Беделхан, Алмат Исәділ, Ақберен Елгезек сынды белгілі ақындар қазылық етті.
Қазылар тарапынан аздаған өзгерістер болды. Яғни, негізі кештің аты – «Поэзия қағаны – 2018». Алайда, бұл кешке ақын қыздар да қатысты. Асылы, поэзия жынысқа бөлінбесе керек. Осыны ескеріп, қазылар бір «Поэзия қағанын», бір «Поэзия ханшайымын» тағайындауды жөн санады.
Сонымен, қазылар шешімімен бірауыздан Бекзат Смадияр «Поэзия қағаны – 2018», ал, Әсел Кәрібай «Поэзия ханшайымы – 2018» атанды.
Шара соңында ендігі қазылар алқасы «Поэзия қағаны – 2018» көшпелі поэтикалық дуэлін өткізуді Қарағанды облысына тапсырды.
Айта кетейік, бұл дуэльдің мақсаты Алматы қаласындағы ең үздік жас ақынды анықтау болатын. Алдағы уақытта қарағандылық жас ақындар өзара кім мықтыны анықтайды.