2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындаудың жаңа ережелері күшіне енеді. Үкімет төлем мөлшерін есептеу тәртібін, көмектің түрлерін тағайындау шарттарын және АӘК-ке мұқтаж емес деп тану өлшемдерін бекітті, деп хабарлайды ult.kz.
Үкіметтің 2026 жылғы 19 қазандағы №931 қаулысына сәйкес, атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы мен өңірде белгіленген кедейлік шегінің айырмасы негізінде есептеледі.
Есептеу кезінде елорда, облыстар және республикалық маңызы бар қалалар үшін белгіленген көрсеткіштер ескеріледі. Төлем мөлшері отбасының әр мүшесіне шаққанда анықталады.
АӘК-тің қандай түрлері қарастырылған?
Жаңа ережеде шартсыз және шартты ақшалай көмек көрсету тәртібі белгіленген.
Шартсыз ақшалай көмек жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысу мүмкіндігі шектеулі, табысы төмен азаматтарға беріледі.
Оларға:
- зейнет жасына жеткен адамдар;
- I немесе II топтағы мүгедектігі бар азаматтар;
- уақытша еңбекке жарамсыздығы екі айдан асқан адамдар жатады.
Сонымен қатар, отбасы құрамында еңбекке қабілетті адам болмауы керек. Алайда отбасындағы жалғыз еңбекке қабілетті адам үш жасқа дейінгі баланы, мүгедектігі бар баланы, I немесе II топтағы мүгедектігі бар адамды не бөгде адамның күтімі мен көмегіне мұқтаж қартты бағып отырған жағдайда ерекшелік қарастырылған.
Шартты ақшалай көмек алу үшін әлеуметтік келісімшарт жасау міндетті болады.
Бұдан бөлек, қаулыда азаматтарды атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж емес деп тануға негіз болатын өлшемдер де қамтылған.
Жаңа ережелер Үкіметтің 2026 жылғы 19 қазандағы №931 қаулысымен бекітілді. Құжат 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.