Калифорния университетінің ғалымдары RandomForest деп аталатын нейрондық желі ойлап тапқан. Жобаның басты мақсаты - маусымның хиты болатын музыкалық шығарманы өндіріп шығару.
Өкінішке орай, міндет сәтті орындалмады: алгоритм 1985 жылдан 2015 жылға дейін белгілі болған 500-ге жуық әндерді зерттегеніне қарамастан, өзінің туындыларын дербес жазып шығара алмады.
«Есесіне күтпеген жерден жасанды интеллекте жаңа қолданыс пайда болды. RandomForest әнді бір тыңдағаннан маусымның хит әні бола алатындығын болжай алды. Білікті математиктер әлемге әйгілі композицияларды, соның ішінде әншінің есімін, оның дауысының шеберлігін, дыбыс ырғағын, музыкалық жанрын және тіпті жазу студиясын біріктіретін мүмкіндіктерді жинай алды», – деп айтылып өтті «Хайтек» порталында.
Жасанды интеллект шығарманы тыңдап, 74%-дық дәлдікпен әннің танымалдылығын анықтады. Егер де алгоритмге солистердің немесе топтың атымен деректерге қол жетімділік берілсе, оның анықтау дәлдігі 84%-ға дейін жетері сөзсіз.
«Соңғы зерттеулердің қорытындысы бойынша, кейінгі 30 жылда музыкалық индустрияда жалықтырмайтын жеңіл тректердің саны азайып, жалғыздық, әлеуметтің қабылдамайтын көңілсіз лирикалық әндері көбеюде. Сондай-ақ, 2000 жылдан бастап, рок стиліндегі музыка танымалдылығы бүкіл әлемде күрт төмендеп кетті», – деп көрсетіп өтті аталған портал.
Айта кетелік, бүгінгі таңда жаппай қолданып жүрген «Жасанды интеллект» териминін алғаш рет 1956 жылы Дартмут университетінде өткен конференциясының преамбуласында Джон Маккарти қолданған болатын. Жасанды интеллект жұмысы екі бағытқа бөлініп қарастырылған. Сонымен бірінші бағыт адамның интеллектуальды әрекетінің өнімін қарастырады, оның құрылысын меңгереді(есептерді шешу, теоремаларды дәлелдеу, ойындар) және бұл өнімдерді қазіргі техника көмегімен жасайды.
Жасанды интеллектінің екінші бағыты интеллектуальды іс-әрекетінің нейрофизиологиялық және психологиялық механизмі туралы мәліметтерді, дәлірек айтқанда адамның саналы іс-әрекетін қарастырады.
Ақпараттық технологиялардың адамзат өміріне әсерін зерттейтін атақты футуролог ғалым Рэймонд Курцвейлдің айтуы бойынша, 2035 жылы жасанды интеллектінің ойлау қабілеті адамдардың ойлауымен теңеседі. Ал 2045 жылы компьютердің ойлау қабілеті немесе ғылым тілімен айтатын болсақ, оның жасанды интеллектісі барлық адамзаттың интеллектісінен асып түспек екен. Бұл күн де жақындап келе жатқан секілді...