16 сәу, 2025 сағат 18:11

«Жаңбыр суына шайылып, күн көзіне қақталып тұр» ‒ Депутат тарихи нысандардың жайына алаңдаулы


Фото: dalanews.kz

16 сәуірде Мәжіліс отырысында депутат Ұласбек Сәдібеков еліміздегі тарихи ескерткіштер мәселесіне тоқталып, олардың жай-күйіне алаңдайтынын жеткізді, деп хабарлайды Ult.kz

«Мәселен, бір Түркістан облысының өзінде Отырарда Арыстан баб, Созақта Ысқақ баб, Баба түкті шашты әзиз, Бәйдібекте Домалақ ана, Қазығұртта Ақбура, Сайрамда сансыз бабтар мекені бар. Көпшілігі республикалық маңызы бар тарихи – мәдени ескерткіштер тізіміне енеді. Дегенмен, жергілікті жерде атқарушы органдарға күтіп ұстау бағытында жауапкершілік жүктелмеген. Сондықтан көпшілігі қараусыз. Ашық аспан астында жаңбыр суына шайылып, күн көзіне қақталып тұр. Мұның салдары тарихи орындардың құлауына әкеліп жатыр. Жуырда Созақ ауданындағы Ақсүмбе ауылында орналасқан Ақбикеш мұнарасының бір бөлігі опырылып қалды. VI ғасырға тиеселі тарихи нысан 2020 жылы қыруар қаржыға жөндеуден өткен болатын», - дейді депутат.


Ұласбек Сәдібеков жері бір кездері жеке шаруашылыққа беріліп кеткен тарихи нысандар туралы айтты. Ол жергілікті тарихи мұра объектілер тізімінде тұрған Бәйдібек ауданындағы «Ақмешіт» үңгірі мен Домалақ ана, Бәйдібек ата, Қос ана секілді кесенелер және туристік орындар туралы сөз қозғап, бұл өңірдегі туризмді дамытуға үлкен кедергісін келтіріп отырғанын жеткізді. 

«Соның салдарынан тек жабайы туризм мен заңсыз кәсіпкерлік жұмыс істеп жатыр. Тіпті, кей азаматтар сол маңды қаржы табу көзіне айналдырып алған. Тарихи нысандарға келіп-кетіп жатқан туристердің есебін жүргізіп жатқан ешкім жоқ. Аталған мәселені заңдастырсақ, Түркістан өңіріндегі туризмнің дамуына үлкен септігі тиер еді», -деген ол ең алдымен киелі орындарды жергілікті коммуналдық мекемелерге күтіп ұстауға беруді ұсынды.


Оның сөзінше бұл тарихи нысандардың жыл сайын жөндеуден өтіп, ауласының таза тұруына, көгалдандырылуына үлкен мүмкіндік туғызады.

«Екіншіден, ҚР «Жер туралы» Кодексі мен ҚР «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңдарына өзгеріс енгізу қажет. Атап айтқанда, тізімге енген тарихи-мәдени мұра объектілері мемлекет иелігіне өту жөнінде Заңда қаралған. Бұл жерде, тарихи нысанды жерімен бірге толық қабылдайтын толықтырулар мен өзгеріс енгізуді сұраймын.  Үшіншіден, туристер мен зияратшылардың есебін жүргізіп, олардан түскен қаржыны арнайы ашылған қорға қабылдау қажет. Әрбір нысанға түскен қаржы сол жердің қажеттіліктерін өтеуге жұмсалуы тиіс», -дейді депутат Сәдібеков.


Сондай-ақ, оның пікірінше әрбір нысанға арнайы курстардан өткен шырақшы-ГИД отырғызу жайын қолға алу қажет. 

«Себебі, келген туристке, зияратшыға сол маңдағы тарихи оқиғаны сауатты түрде түсіндіріп, құран бағыштаса -  мәдениетіміздің жанғаны деп білемін. Ұазақ даласындағы әрбір тас пен топырақ біздің тірі тарихымыз. Ал, тарихты құрметтеу бүгінгі ұрпаққа жүктелген маңызды міндет. Аталған мәселені назарға алып, орындалуына оң ықпал етуіңізді сұраймын», - деді «AMANAT» партиясы Фракциясының мүшесі,   депутаты Ұласбек Сәдібеков Премьер-Министрдің орынбасары Е.Б. Көшербаевқа жолдаған сауалында.