Жамбыл облысындағы жарылыстардан төрт әскери адам қаза тапты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бұл туралы бүгін баспасөз қызметінде қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев мәлім етті. Сонымен қатар, жоғалып кеткен бірнеше адам іздестіріліп жатқаны белгілі болды.
"Ең алдымен өрт сөндіру барысында қаза тапқан әскери қызметшілердің жақын-туыстарына көңіл айтамыз және жарақат алғандарға тез арада жазылып шығуын тілейміз", - деді Ермекбаев штабта өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, 26 тамызда сағат 18:45-те "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылықтың базасындағы қоймалардың бірінен өрт шыққан. Өртті сөндіруге ең алдымен әскери бөлімнің өрт сөндірушілері аттанды. Әскери бөлімдегі кезекші бірден "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылықтың басшылығына хабар берді.
Өрт шыққаннан кейін бір сағаттан соң алғашқы жарылыстар басталды. Барлығы 10-нан астам жарылыс болды.
Айта кетейік, бұған дейін 27 тамыз күнгі сағат 8.00-дегі жағдай бойынша, ауруханаларда 28 науқас бар, оның алтауы ауыр халде жатқаны хабарланған еді.