14 қаң, 2026 сағат 12:06

«Ядролық қаруы жоқ бірде-бір ел енді өзін толық қауіпсіз сезіне алмайды»

Фото: Ашық дереккөзден

Белгілі саясаттанушы Досым Сәтпаев ресейлік пропагандист Владимир Соловьевтің Орталық Азия туралы жақында айтқан сөзіне пікір білдіріп, қазіргі алмағайып кезеңді Орталық Азия елдерінің барлығына қаруын сайлап отыруы керек деп есептейтінін жеткізді. Бұл туралы Ult.kz хабарлайды. 

Жақында Ресейдің бас пропагандистерінің бірі Владимир Соловьев «Халықаралық құқық пен тәртіпке түкіргеніміз бар», — деп мәлімдеп, Орталық Азияны «біздің аймақ» деп, АҚШ-тың Венесуэлада қолданған тәсілін үлгі етуге үндеді.

Соловьевтің айтуынша, Ресей ең алдымен өзіне жақын мемлекеттерге басымдық беруі тиіс. Оның пікірінше, Армения мен Орталық Азия Ресейдің ықпал ету кеңістігіне жатады.

Ол ұлттық қауіпсіздік мәселесін алға тартып, Украинада «арнайы әскери операция» бастау мүмкін болса, дәл осындай себеппен ықпал аймағындағы өзге өңірлерде де сондай қадамға баруға неге болмайды деген сауал тастады.

Бұл мәлімдемеге Армения билігі қатты наразылық білдіріп, оны елдің егемендігіне төнген қауіп ретінде бағалады. Арменияның Сыртқы істер министрлігі Ресейдің Еревандағы елшісін шақырып, ресми нота табыстады. Ал Орталық Азия мемлекеттері аталған сөздерге қатысты әзірге ресми ұстанымын білдірген жоқ.

 Осы мәселе бойынша саясаттанушы Досым Сәтпаев әлеуметтік желі парақшасында жазба жариялады. 

"Жақында Путиннен әлдебір еңбегі үшін медаль алған пропагандист Соловьев кенет өзін генералиссимус сезініп, тұтас Орталық Азияға сес көрсете бастапты. Ол өз сөзінде Орталық Азияны «біз ықпал ететін аймақ» деп, ықпалды күшейту үшін қатаң сценарий де мүмкін екенін жеткізеді. Осындай араға от салатын мәлімдемелері үшін де оны марапаттайтын болып тұр ғой.  Сайқымазақтың аузындағы сөз ‒ патша мен оның маңайындағылардың ойында болуы мүмкін. Ал біздің СІМ, депутаттар мен ҚХА-ның ауыздарына құм құйылғандай.
Егер Соловьевтің сөзінше халықаралық құқықтарға қолды бір сілтеу керек болса, онда көршілерге де сес көрсетуге болады. Мұндай жағдайда ҰҚШҰ-ның да керегі жоқ, себебі онда ұжым мүшелерінің бір біріне шабуыл жасауына болмайды деп ресми түрде жазылған. Яғни ол өз сөзімен бұл ұйымнан шығу керектігін растады. Айтпақшы, Өзбекстан мен Армения ұжымға мүшеліктен ешқандай қауіпсіздікке кепіл көрмейтінін айтып, мүше болуды тоқтату керектігін ерте және уақытылы түсінді. 
Не десе де Орталық Азияның барлық елдері халықаралық құқықтың жаһандық дағдарысы жағдайында, оған Трамптың да белгілі бір деңгейде ықпал еткенін ескере отырып, ядролық қаруы жоқ бірде-бір мемлекет енді өзін толық қауіпсіз сезіне алмайтынына дайын болуы тиіс деген факт бар.
Қасқырлар, шибөрілер мен қойлардың заманы келіп жетті. Негізінде, адамзат тарихының басым бөлігінде дәл осылай болған: әлемді бірнеше империя өз үлесіне бөліп алған бәлішке ұқсап келді. Ол кезеңде өзге мемлекеттер үшін егемендік ұғымы шартты ғана болды. Тарих циклдік сипатқа ие. Қазір ол геосаяси тұрақсыздықтың үйреншікті кезеңіне қайта оралып отыр. Сондықтан қазір Орталық Азия елдерінің барлығына қаруын сайлап отыруы керек. Қорғаныс қабілетін күшейту қажет. Саяси институттар мен мемлекеттік құрылымдардың жұмыс сапасын арттыру арқылы саяси жүйені нығайту керек. Халықтың әл-ауқатын өсіру және басқа елдерге тәуелділікті азайту үшін неғұрлым тиімді экономикалық реформалар жүргізу қажет. Мұның барлығы билік пен қоғам арасында сенім дағдарысы туындамауы үшін қажет, өйткені кез келген экономикалық немесе саяси дағдарыс сыртқы араласуға әрдайым қолайлы мүмкіндік тудырады. Алайда «қажет» деген талап тым көп, ал өкінішке қарай, уақыттың тым аз қалғаны қазірдің өзінде анық байқалады", - деді Д. Сәтпаев. 


Айта кетейік, ресейлік пропагандистер әсіресе Қазақстанға қатысты сес көрсететін, қоқан-лоқыға ұқсас мәлімдемелерді мезгіл-мезгіл жасап тұрады. Мұндай риторика қоғамда алаңдаушылық туғызады.