Рух жоқшылары мен ұлттық болмысты іздеген серілер бүгін тектілердің мекені – Жаяу Мұса ауылына – Жаңатілек ауылына келіп түсті. Оларды Жаңатілек ауылдық округінің әкімі Жабай Мұсабаев пен ауыл ақсақалдары алдан шығып күтіп алды.
«Ақ сиса» поэмасында Ғалым Жайлыбай:
...Көкірегі жыр-көрік,
Құшақ жайған бауыр көп.
Жаяу Мұса жыр болып,
Жаяу Мұса ауыл боп...
... Өтер-өтпес бекер күн,
Жапырағымды жаям да.
Мен келермін, кетермін –
Баян іздеп Баянға» - деп жырлағандай, бабалар дәстүрін дәріптеп, баянсыз тіршіліктегі бауырластықты бақыт деп білетін бүгінгінің серілерін ақын ауылы ақынның өзіндей болып, сөзіндей болып қарсы алды.
Меймандар алдында сөз алған Жабай Жанәбілұлы: «Жаңатілек ауылының аумағында әйгілі әнші, композитор, ақын Жабай Тоғандықов пен Жаяу Мұса Байжанұлы, құсбегі, аңшылар Шолақ Омарұлы, Ысқақ Үпәнұлы, Ұлы Отан соғысының батыры Бақыт Хайдаров, жазушы Зейтін Ақышев сынды қазақтың марқасқалары дүниеге келген. Сол бабаларымыздың атына кір келтірмеуге тырысып, кейінгі ұрпақ өсіп-жетіліп келеді» - деп Жаңатілек ауылынан шыққан танымал тұлғалармен таныстырып өтті. Ауыл көркемөнерпаздары ұйымдастырған кештің мәртебелі меймандары болған атты сапар мүшелері де өз өнерлерін көрсетті.
Қонақтар құрметіне қиссашы, 80 жасқа таяған ауыл ақсақалы Имаш Қожамбердин «Еңлік – Кебек» жырын жатқа айтты.
Мерекелік ән-жыр кешінен кейін, ат спортына деген алабөтен ықыластарын танытқан ауыл азаматтары арасында аударыспақ турнирі өтті. Ат үстіндегі белдесуде қарсылас шыдатпаған экспедиция мүшесі облысқа танымал атбегі, палуан Бақытжан Жүнісов бірінші орынды жеңіп алды.
Тарихи тұлғаларға тағзым еткен топ ертең аттыдан жаяу жүріп кек алған ақынның бейітіне жол тартпақ.
Арнайы Ұлт порталы үшін Жаңатілек ауылынан Еламан ҚАБДІЛӘШІМ