30 қаз, 2020 сағат 16:48

Түркияның батысында 6,6 балдық жер сілкінісі болды

Түркияның батысында жұма күні магнитудасы 6,6 балдық жер сілкінісі болды, деп хабарлайды Анадолы агенттігі.

Түркия үкіметі жанындағы Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою басқармасының (AFAD) хабарлауынша, жерасты дүмпуі жергілікті уақытпен 14.51-де, Измир провинциясы Сеферхисар ауданындағы Эгей теңізінің жағалауында тіркелген.

Дүмпу Стамбулда, Түркияның батысындағы көптеген провинцияда және Афины қалаларында да сезілген. Грекияның Самос аралында да зардап шеккендер бар.

US Geological Survey орталығы жер дүмпуі 10 км тереңдікте болғанын хабарласа, Түркия билігі 20 км деп мәлімдеді.

Жер сілкінісі 15 секундқа созылған.

Түркия ІІМ мәліметінше, зілзала салдарынан Измир қаласының Борнова және Байраклы аудандарында алты тұрғын үй қираған. 

Түркия үкіметі жанындағы төтенше жағдайдың алдын алу және салдарын жою жөніндегі басқарманың (AFAD) мәліметінше, Измирдегі зілзаладан 321 адам жарақат алған, 6 адам қаза тапқан. Сондай-ақ 20 ғимарат қираған. Бүлінген ғимараттардың маңында құтқарушылар жұмыс істеуде.

Үйінді астында қалған 70 тұрғын құтқарылған. Жалпы құтқару жұмыстарын жүргізуге 3 млн түрік лирі бөлінген.

Измир – Түркиядағы ең ірі үшінші қала. Қалада жер сілкініс болған соң жұрт үйлерін тастап көшеге қашқан.

Биыл қаңтарда Түркияның Элязыг провинциясында болған жер сілкінісінен 30 адам қайтыс болып, 1600 адам жараланған.

2019 жылы Грекия астанасы Афиныда да жер сілкініп, қаланың біраз бөлігі жарықсыз қалған.

1999 жылы Түркияның Измит қаласында күшті жер сілкініп, 17 мың адам қаза болған.