Астанада «Пепе» интернет-дүкені арқылы есірткі таратты деген күдікпен 30 жастан асқан бес ер адам ұсталды. Операцияны Ішкі істер министрлігі Мемлекеттік күзет қызметімен бірлесіп жүргізген, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, күдіктілер жалдамалы пәтерлерде ұсталған. Олар есірткі саудасын ұйымдастырушы, буып-түюші, қоймашы және жасырын орындарға есірткі қалдырушы болып бөлініп жұмыс істеген.
Тінту кезінде салмағы 100 грамнан болатын **238 дана каннабис шайыры қосылған печенье**, сондай-ақ 12 келіге жуық түрлі есірткі заты тәркіленді. Оның ішінде 8 келіден астам марихуана, 1,5 келі гашиш және 2 келі каннабис шайыры бар.
Бұдан бөлек, полиция ірі көлемдегі қолма-қол ақша, банк карталарын, телефондар, электронды таразылар мен есірткіні өлшеп-орауға арналған жабдықтарды тәркілеген.
Күдіктілерге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, барлығы қамауға алынған.
ІІМ есірткі саудасын ұйымдастырушылар мен жеткізу арналарына қарсы іс-шаралар жалғасатынын мәлімдеді.