14 шіл, 2023 сағат 10:38

Түркістан облысында 5 жасар қызды айуандықпен өлтірген күдікті ұсталды

Фото: Polisia.kz

Түркістан облысында бес жасар қызды өлтірді деген күдікті ұсталды.

"Не молчи" қорының негізін қалаушы Дина Таңсәрі әлеуметтік желідегі парақшасында Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылында бұрын сотталған ер адам 2018 жылы туған қызды айуандықпен өлтіргенін хабарлады.

Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 13 шілдеде Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын кәмелетке толмаған қызының жоғалып кеткені туралы арыз жазған.

"Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері ауыл тұрғындарының бірінің үйінен дене жарақаты бар қыздың денесін тапты.

Бұл факт ҚР ҚК-нің 99-бабы “Адам өлтіру” бойынша тіркелді. Сараптама тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Күдікті қамауға алынды. Барлық жағдайлар анықталуда" - делінген хабарламада.

Оқиға орнына Түркістан облысы ПД бастығы, облыс прокуроры, жедел тергеу тобы мен мен құзырлы органдар барған.

Тергеу барысы Түркістан облысы полиция департаменті басшылығының бақылауына алынды.