Фото: Үкімет
2024 жылы туризм саласында айтарлықтай өсім байқалды. Ішкі туристер саны 10,5 миллион адамға жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда 900 мың адамға артқан. Бұл деректер Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ұсынылды. Жиын барысында Мемлекет басшысының туризм саласын дамытуға қатысты тапсырмаларының орындалу барысы қаралды, деп хабарлайды Ult.kz.
Туристік инфрақұрылымды дамыту
Туризм және спорт министрлігі облыс әкімдіктеріне елді мекендерден тыс жерлерде, оның ішінде ұлттық парктер аумағында туристік инфрақұрылым салу өкілеттігін беруді ұсынды. Қазіргі таңда қажетті заңнамалық түзетулер Парламентте қаралуда. Министр Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, бұл бастама басты туристік дестинациялардың инфрақұрылымын жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жеке туризм басқармаларын құру мәселесі де көтерілді. Қазіргі уақытта тек бес өңірде жеке басқарма жұмыс істейді.
Қонақүйлерді жіктеу жүйесіне реформа
Туризм қызметтерінің сапасын арттыру мақсатында қонақүйлерді жіктеу жүйесін жаңарту көзделуде. Министрдің айтуынша, қазіргі қолданылып жүрген критерийлер 2008 жылдан бері өзгеріссіз қалды және халықаралық стандарттарға сай емес. Бұл реформалар қонақүй бизнесінің әлемдік үрдістеріне бейімделуіне ықпал етеді.
Шекараларда "жасыл дәліз" режимі
Ұйымдасқан туристік топтардың сапарын жеңілдету үшін шекаралық өткізу пункттерінде "жасыл дәліз" механизмін енгізу ұсынылды. Бұл режим қазіргі уақытта Ресей мен Қырғызстан шекарасында пилоттық түрде іске қосылды. Министрліктің мәліметінше, бұл жаңашылдық туристерге кедергісіз сапар жасауға мүмкіндік береді.
Шетелдік туристерді есепке алу жүйесін жетілдіру
Шетелдік туристерді есепке алу және олардың шығындарын талдау мақсатында Ұлттық статистика бюросына ұялы байланыс операторларының деректеріне қол жеткізу ұсынылды. Сонымен қатар, туристердің экономикалық салымын бағалау үшін олардың банктік карта операциялары туралы мәліметтер қажет екені айтылды.
Neo Nomad Visa және Tax Free жүйесін жетілдіру
Neo Nomad Visa визасын алу рәсімін жеңілдету мақсатында оны электронды форматта рәсімдеу енгізілмек. Бұл виза шетелдік туристерге Қазақстанда бір жыл бойы еркін тұруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Tax Free жүйесі арқылы шопинг туризмін дамыту көзделуде. Бұл жүйе 2019 жылы пилоттық режимде енгізіліп, тиімділігін көрсетті. Енді оны тұрақты режимге ауыстыру жоспарлануда.
E-Гайдс платформасы
Гидтердің қызметін реттеу және сапасын бақылау мақсатында "E-Гайдс" бірыңғай цифрлық платформасы әзірленді. Бұл жүйе туристерге гидтерді табуға, байланысқа шығуға және олардың біліктілігін тексеруге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта платформада 380 гид тіркелген, оның 94-і арнайы бейдждер алған.