Фото: Ақорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне қатысып, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров пен қырғыз халқына шынайы қонақжайлықтары үшін алғыс білдірді. Саммиттің Түркі мемлекеттері ұйымының 15 жылдығымен тұспа-тұс келуін атап өтіп, ұйымның беделді халықаралық құрылымға айналғанын және оның әлемдік аренадағы мәртебесінің артуын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттерінің жиынында бірқатар бастамаға тоқталды. Олардың бірі – Түркі әлеміне ортақ ақпарат кеңістігін қалыптастыру үшін кабельдік телеарналардың өзара хабар таратуын ұйымдастыру.
Сондай-ақ Президент ұйымға мүше елдер арасында көлік-логистика бағытындағы байланыстарды тереңдету өте маңызды деп санайды.
"Түркі әлемін экономикалық тұрғыдан одан әрі өркендету үшін Орта дәліздің әлеуетін толық пайдаланған жөн. Оның стратегиялық мәні бар. Сондықтан тасымалдау жолдарына қатысты бірлескен келісім жасау қажет. Мұндай қадам тұрақты дамуды қамтамасыз етеді", - деді Президент.
Мемлекет басшысы Түркі өркениетін жаңғырту үшін адам капиталын дамытуды аса маңызды міндет ретінде атады.
"Дарынды жастардың әлеуетін ашуға мүмкіндік жасау қажет. Ғылым-білім саласындағы ынтымақтастық аясын кеңейткен жөн. Былтырғы Саммитте елдерімізде беделді университеттеріміздің бөлімшесін ашу туралы ұсыныс айтылды", - деді ол.
Қазақстан Президенті сөз соңында Ұйымға төрағалық ететін Қырғыз еліне табыс тіледі.