21 қар, 2025 сағат 16:40

Тоқаев Трамптың Украина жөніндегі жоспарын қолдады

Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамптың Украина мәселесін реттеуге қатысты жоспарын қолдады, деп хабарлайды Ult.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Армения Премьер-министрі Никол Пашинян БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді. Брифинг барысында Мемлекет басшысы Украинадағы жағдайды реттеуге бағытталған Трамптың күш-жігерін, сондай-ақ оның ұсынған жоспарларын қолдайтынын айтты.

«Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда АҚШ Президенті Дональд Трамптың Украинадағы жағдайды реттеуге бағытталған күш-жігерін және оның ұсынған жоспарын қолдаймын. Қазақстан Армения мен Әзербайжанның бейбіт келісімге келуге деген ортақ ұмтылысын толық қолдайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Еске салайық, бұған дейін Украина Президенті Владимир Зеленский Трамптың бейбіт жоспарын қабылдағанын және оның тармақтарын талқылауға дайын екенін мәлімдеген. Ақ үй бұл жоспардың түпкілікті нұсқасы емес екенін айтқан.

Кейінірек Украина депутаты Алексей Гончаренко соғысқа нүкте қоюға арналған 28 тармақтан тұратын жоспарын жариялаған.

Трамп жоспарының негізгі тармақтары

1. Украина қауіпсіздігі және саяси мәртебесі

  • Украина егемен ел ретінде мойындалады (бірақ аумақтық тұтастығы толық емес).

  • Украина Конституцияда НАТО-дан бас тарту жөнінде өзгеріс енгізуі тиіс.

  • НАТО Украинаны ешқашан қабылдамайтынын ресми растауы керек.

  • Украина ЕО-ға кіруге мүмкіндік алады.

  • Украина ядросыз мемлекет болып қала береді.

  • Қарулы күштердің саны шамамен 600 мың адамға дейін қысқартылады.

  • Украина аумағында НАТО әскері болмайды.

  • Еуропалық жойғыш ұшақтар Польшада орналасады.

  • АҚШ Украинаға қауіпсіздік кепілдігін береді, бірақ шарттармен.

2. Территория мәселесі

  • Украина Донецк облысының қазір өзі бақылап отырған бөлігінен әскерін шығаруы тиіс. Ол аймақ Ресейге тиесілі, бірақ демилитаризацияланған бейтарап аймаққа айналады.

  • Қырым, Донецк және Луганск облыстары де-факто Ресейдің аумағы ретінде танылады (АҚШ тарапынан да).

  • Херсон және Запорожье облыстарында қақтығыс желісі «қатып» тұрады.

  • Ресей аталған бес аймақтан тыс жерлердегі бақылаудан бас тартады.

  • Запорожье АЭС МАГАТЭ бақылауымен іске қосылып, электр энергиясы 50/50 Украина мен Ресейге жіберіледі.

  • Украина мен Ресей барлық келісімдерді күш қолданбай орындауға міндеттеледі.

  • Ресей Украина мен Еуропаға қарсы шабуыл жасамау туралы заң қабылдайды.

3. Украина не алады?

  • «Жаһандық ауқымды көмек пакеті» (сомасы көрсетілмеген).

  • АҚШ Украинадағы газ инфрақұрылымын қалпына келтіруге көмектеседі.

  • Ресейдің 100 млрд доллар көлеміндегі (барлығы шамамен 300 млрд) мұздатылған активтері Украинаны қалпына келтіруге бағытталады.

  • Бұл жобадан түсетін табыстың 50%-ын АҚШ алады.

  • Еуропа қосымша 100 млрд доллар бөледі.

  • Қалған мұздатылған ресейлік активтер шешіліп, АҚШ–Ресей бірлескен жобаларына жұмсалады.

4. Ресей не алады?

  • Әлемдік экономикаға қайта интеграция.

  • Санкциялардың біртіндеп алынуы.

  • G8 құрамына қайта оралу.

  • АҚШ-пен ұзақ мерзімді экономикалық келісім.
    Бұл бөлімде энергетика, табиғи ресурстар, Арктика, жасанды интеллект және т.б. бағыттар қамтылады.