Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының саны 19 миллионға жеткенін сүйіншіледі, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бұл туралы Тоқаев Twitter желісінде жазды.
"Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Қазақстан халқының саны тарихи межеге жетті. Алматы облысында дүниеге келген Жәния Азаматқызы еліміздің он тоғыз миллионыншы азаматы ретінде тіркелді. Жәния - отбасында төртінші бала. Ата-анасы мен қазақстандықтарды осы қуанышпен құттықтаймын. Бауы берік болсын!", - деп тіледі Президент.
2021 жылдың 1 сәуіріндегі мәлімет бойынша Қазақстан халқының саны шамамен 18 940 400 адамға жеткен болатын. Оның ішінде қалаларда – 11 204 800 (59,2%), ауылдарда – 7 735 600 (40,8%) адам.
Еске сала кетейік, Қазақстанда 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында ұлттық санақ өтеді. Оған онлайн режимде де, дәстүрлі әдіспен де қатысуға болады. Санақтың ұраны – "Қазақстанда әркім маңызды!".