Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Amanat партиясының атқарушы хатшысы Асхат Ораловты қабылдады. Президент Amanat партиясын жаңғырту жұмыстарын жандандыруды тапсырды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорда сайтына сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа кезектен тыс өткен XXII съезде партияны жаңғырту жөнінде берген тапсырмаларының орындалуы жөнінде мәлімет берілді.
Асхат Оралов партия төрағасына Алматы, Шымкент қалаларындағы, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарындағы жұртшылықпен кездесулердің нәтижелері, сондай-ақ қоғамдық қабылдаулардың жұмыстары жөнінде баяндады. Наурыз айынан бері Республикалық мобильді қоғамдық қабылдау 6 өңірде, атап айтқанда Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында тұрғындармен кездесулер өткізді. Маусым айының соңына дейін еліміздің барлық өңірінде қабылдауларды жалғастыру жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, Amanat партиясының атқарушы хатшысы негізгі бағдарламалық құжаттарды, партия жанындағы қоғамдық кеңестердің қызметін, жергілікті жерлерде сайлауалды бағдарламаның орындалуын тексеруді, бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жандандыру, сондай-ақ "Ашық партия" тұжырымдамасы аясында Talqylau диалог алаңының іске қосылғаны жөнінде баяндады.
Президент тұрғындармен кері байланыс жасау ісін күшейту, аймақтарда депутаттық фракциялардың тиімділігін арттыру және партияның жастар қанатын жаңғырту қажеттігіне баса мән берді.
Мемлекет басшысы азаматтарды толғандырған мәселелерді шешу үшін Amanat партиясында барлық қажетті ресурс бар екенін атап өтті. Президенттің пікірінше, партияның аймақтық филиалдары осы мәселеде негізгі рөл атқаруға тиіс және өз деңгейінде мазмұнды қоғамдық диалогты нығайтуы қажет.
707 рет оқылды