26 мам, 2022 сағат 14:30

Такси операторларына жүргізушілер үшін әлеуметтік төлем жасау міндеттелуі мүмкін


Қазақстанда түрлі интернет платформаларда жұмыс істейтін такси жүргізушілерін әлеуметтік қорғау мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз мұны платформа операторларымен бірге талқылап жатырмыз. Ресей қазірдің өзінде такси жүргізушілері үшін әлеуметтік аударым жасайтын пилоттық жобаны бастады, онда платформа операторлары жұмыс істеп жатыр, мүмкін «Яндекс» те бар шығар. Бұл төлемдер қызметкерлердің бағдарлама операторына төлейтін қаражаты есебінен жүргізіледі», - деді Тамара Дүйсенова Сенатта тілшілерге берген сұхбатында. 

Еңбек министрі дәл осындай бағдарлама Кореяда және Қытайда жүзеге асырылып жатқанын айтты.

«Еуропа да бұл жұмысты бастады, сондықтан қазір олармен кездесіп, осы мәселені талқылауды бастадық және ортақ шешімге келгенде сіздерге хабарлаймыз. Жалпы алғанда, бұл жұмыс жүргізілуі керек, айталық, такси жүргізушісі кез келген уақытта жұмыссыз қалуы мүмкін, ал оларға кім жәрдемақы төлейді? Техниканың аты техника, үнемі жол үстінде жүреді, жол-көлік апатына ұшыраса мүгедек боп қалуы мүмкін, олар үшін әлеуметтік сақтандыру қорына еш аударым жасалмайды. Сондықтан операторлармен әлеуметтік қорғау мәселелерін талқылауымыз керек», - деп түсіндірді Тамара Дүйсенова.