14 шіл, 2022 сағат 09:50

СҚО-да аңшы жидек теріп жүрген әйелді абайсызда атып өлтірді


Солтүстік Қазақстан облысында орманда жидек теріп жүрген әйел оққа ұшты. 51 жастағы тұрғынды құс атуға шыққан азамат байқамай атып тастаған, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

Құзырлы органдардың айтуынша, оқиға Жамбыл ауданының Бауман ауылында болған. Оқ жәбірленушінің кеудесіне тиіпті.

Прокуратура дерегінше, оқ тиген Алтынай Мұздақбаеваны аңшының өзі ауруханаға апарған. Алайда ауыр жарақаттанған 51 жастағы әйел емдеу орнына жетпей, жолда көз жұмыпты. 

Бұл жайтқа қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

"Бұл қылмысты жасаған адам анықталған. Ол өз кінәсін мойындап отыр.  ҚР Қылмыстық процессуалдық кодексінің 128  бабының тәртібі бойынша ұсталып, Жамбыл аудандық уақытша ұстау изоляторына қамалды" - дейді аудан прокуроры Талғат Төлегенов.