27 ақпанда Сирияның солтүстік-батысында Башар Асад әскерінің шабуылынан 33 түрік сарбазы қаза тапты, 36 адам жараланды. Бұл ақпаратты Түркияның Хатай провинциясының губернаторы хабарлады.
Сарапшылар Сирияда соғыс басталғалы бері Түркия бұрын-соңды бір мезетте осыншалықты дәрежеде шығынға ұшырамаған дейді. Бейсенбі күні Түркия президенті Режеп Ердоған Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді. Онда Асад әскеріне "қарымта қайтару" туралы шешім қабылданған.
"Біз халықаралық қауымдастықты әсіресе Астана келіссөзіне қатысушыларды міндеттемелерін орындап, Асад режимінің адамзатқа қарсы қылмысын тоқтатуға шақырамыз" деді Анкара өкілі Фахреттин Алтун "Анадолу" агенттігіне.
Сирия бойынша Астана келіссөзіне қатысқандар арасында Асадқа әскери көмек беріп отырған Ресей де бар. Ал Түркия оппозиция күштерін қолдайды.
Кейбір сарапшылардың айтуынша, Түркия Идлибтегі жағдайға байланысты Ресеймен кикілжіңнен өзін барынша аулақ ұстауға тырысып жатыр. Анкара өкілінің айтуынша, түрік сарбаздарына Асад күштері шабуыл жасаған, бірақ Идлибтегі авиарейдтердің басым бөлігін ресейлік әскери авиация жасайды.
"Анадолу" агенттігінің хабарлауынша, аты-жөнін айтпаған Түркия өкілі ресейлік телеарналардың түрік сарбаздары Идлибтегі ресейлік сарбаздарға оқ атты деген тұжырымын жоққа шығарған.
Түркия Идлибтегі жағдай бойынша дереу келісімге келуге шақырды. Ердоған Ресей президенті Владимир Путинмен наурыз айының басында кездесуі мүмкін екенін хабарлады. Алайда Кремльдің айтуынша, Путин Сириядағы жағдайды Ердоғанмен талқылау үшін Стамбулға баруды жоспарлап отырған жоқ.
Түркияның ақпарат құралдарының жазуынша, мемлекет басшысы Батыс елдерімен де кеңесіп жатыр.
АҚШ сенаторы, республикашыл Линдси Грэм бейсенбі күні Идлибте ұшақ ұшуына тыйым салатын аймақ белгілеуге шақырды.
Сириядағы соғыстың кесірінен миллиондаған адам үйлерін тастап, бас сауғалап қашқан. Олардың басым бөлігі Түркиядағы босқындар лагерінде тұрып жатыр. Көбі Еуропаға жетуді көздейді.
Ресей әскерінің қолдауымен Асад әскерінің Сирия солтүстігіндегі оппозиция бақылауындағы аудандарға шабуыл жасауы босқындардың жаңа легін тудырған.
БҰҰ Идлибтегі бейбіт халыққа қауіп төнгенін және гуманитарлық құқықтың бұзылғанын мәлімдеді. Ұйымның дерегінше, өткен жылдың желтоқсан айынан бері провинциядан 950 мың адам кеткен. БҰҰ босқындар лагерін атқылау, сонымен бірге ондағы әйелдердің зорлық-зомбылыққа ұшырауы сияқты хабарламалар түскенін айтады.