Фото: видеодан скриншот
20 қаңтарда Шымкент қаласында Ерімбетов пен Рысқұлов көшелерінің қиылысында жол-көлік оқиғасы болып, арты жаппай төбелеске ұласқан. Нәтижесінде бір адам қаза тапты, деп хабарлайды Ult.kz Рolites.news сайтына сілтеме жасап.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Toyota Camry автокөлігі бағдаршамның қызыл белгісінде тұрған Hyundai Sonata көлігімен соқтығысқан. Hyundai автокөлігін 34 жастағы шымкенттік тұрғын Нұрмахан Ешанқұлов басқарған.
Соқтығысудан кейін Toyota Camry көлігінен үш белгісіз адам, ал Hyundai-дан жүргізуші мен екі жолаушы шыққан. Оқиғаға қатысушылар арасында ауызша жанжал туындап, көп ұзамай оған Lexus LX 570 автокөлігімен келген тағы төрт белгісіз адам араласқан. Анықталғандай, олар Toyota Camry-дегі адамдарға көмекке келген.
Нәтижесінде тараптар арасында төбелес болған. Төбелес барысында Көшкенбаев Мақсаттың мойын тұсынан өткір-кескіш затпен жарақат салынған. Ол қалалық №1 клиникалық ауруханаға жатқызылды. Сондай-ақ Нұрмахан Ешанкулов пен Василий Колесников дене жарақатын алған.
Оқиғадан кейін белгісіз тұлғалар Василий Колесниковты күш қолдану арқылы Toyota Camry автокөлігіне отырғызып, оқиға орнынан бой тасалаған.
Кейін полиция қызметкерлері Жедел басқару орталығы инспекторларының қатысуымен Toyota Camry және Lexus LX 570 автокөліктерін тиісінше Бәйтереков пен Назарбеков көшелерінен тапты. Сондай-ақ қаскөйлер Колесниковты ВАЗ 2114 автокөлігіне ауыстырып, Түркістан облысы Ордабасы ауданы бағытында кеткені анықталды. Бағдарлау жарияланып, «Ұстау» жоспары енгізілгенімен, автокөлікті тоқтату мүмкін болмады.
Сол күні сағат 18:33-те Ордабасы ауданы Темірлановка ауылында орталық аудандық аурухана маңынан Василий Колесниковтың денесі дене жарақаттарымен табылды.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары күдіктілерді анықтау және ұстау, сондай-ақ ВАЗ 2114 автокөлігін іздестіру бойынша шаралар қабылдап жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.
