Қазақстандық ММА шебері Сергей Морозов UFC промоушеніндегі екінші жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Лас-Вегастағы (Невада, АҚШ) UFC Vegas 57 турнирінде отандасымыздың қарсыласы бразилиялық Раулиан Пайва болды. Бірінші раундта Морозов жойқын соққыларымен көзге түсті. Алайда бұл кезең оңтүстік америкалықтың үстемдігімен өтті. Екінші раундта Сергейдің дәл соққылары аз болғанымен, ол белсендірек көрінді. Ал соңғы үшінші раундта Пайваның шаршап қалғаны байқалды. Нәтижесінде шиеленісті өткен айқастың қорытындысы бойынша төрешілер жеңісті Сергей Морозовқа берді.
Еске салайық, 2020-жылы Раулиан Пайва қазақ файтері Жалғас Жұмағұловтан басым түскен еді.