26 нау, 2018 сағат 08:59

Сауда орталығындағы алапат өрттен 64 адам қаза тапты (Видео)

 

Ресейдің Кемерово қаласында "Зимняя вишня" ойын-сауық орталығындағы өрттің салдарынан 64 адам қаза тапты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ресейдің Кемеров қаласындағы "Зимняя вишня" сауда орталығында 25 наурыз күні болған өрттен құрбан болғандар саны соңғы деректер бойынша 64 адамға, жараланғандар саны 45 адамға жетті. Төтенше жағдайды жою бойынша жедел штабта тағы 16 адамның іздестіріліп жатқаны хабарланды. «Олар төртінші қабаттан үшінші қабатқа опырылып түскен кинозалда болуы мүмкін», - деп түсіндірді агенттіктің дереккөзі.

Қызыл жалын сөндірілгеніне қарамастан, өрт сөндірушілер жұмысын жалғастырып жатыр. Өйткені ғимараттың өзге де бөлектері құлауы мүмкін.  

"Қазіргі таңда өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр, қабатаралық жабындар отырып қалды, соған байланысты оның опырылып құлау қаупі туындап отыр", — деді ТЖМ басшысының орынбасары Владлен Аксенов.

Өрт болған жерде 663 адам мен 123 техника жұмыс істеп жатыр. 

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, сауда орталығының кинотеатр мен балалардың ойын алаңдары орналасқан төртінші қабатында өрттің неден тұтанғаны әзірше белгісіз. Өрт шыққан кезде ғимаратта болған 200-ге жуық адам сыртқа шығарылған.

Кей куәгерлердің айтуынша, өрт шыққан кезде дабыл беру жүйесі жұмыс істемеген. Тергеу комитеті өрттен адамдардың мерт болуына байланысты қылмыстық іс қозғады. Кемеров облыстық прокуратурасы да өрт оқиғасын тексеруді бастаған.