24 шіл, 2020 сағат 09:14

Сәтбаевтағы оқиға: Бірнеше бап бойынша қылмыстық іс қозғалды

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Сәтбаевтағы бес жасар қыз баланың жоғалуына қатысты оқиғаның мән-жайын айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«23 шілде күні кешкі сағат 9-да Сәтбаев қаласының Ішкі істер басқармасына 5 жасар қыздың жоғалғаны туралы арыз түсті. Дереу іздестіру нәтижесінде бүлдіршін қаладағы бір үйден табылды. «Жас қызды» зорлады деген күдікпен бір азамат қамауға алынды. Бірақ бірнеше адам күдіктіні өз қолына беруді талап етті, жанжал шығарды», - деді Ерлан Тұрғымбаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында. 

Министрдің айтуынша олар бұзақылық жасап, полицейлерге қарсылық танытқан. 

«Тәртіпсіздікке жол бермеу үшін қосымша полиция күштері тартылып, жағдай бақылауға алынды. Бұл оқиға бойынша бірнеше баппен қылмыстық іс тіркелді. Тергеу амалдары жалғасуда. Елдегі қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полицейлер бар күшін жұмсайды», - деді ол. 

Сонымен бірге Ерлан Тұрғымбаев халыққа үндеу жолдады. 

«Әлеуметтік желі арқылы тарап жатқан, жалған ақпараттарға сенбеңіздер! Және оны таратпаңыздар! Тек ресми ақпаратқа сеніңіздер! Ішкі істер министрлігі үнемі мониторинг жүргізіп, жағдайды бақылап отыр. Жалған, негізсіз ақпарат таратуға қатысты заңға сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылған», - деді ол.

Еске сала кетейік, жұмаға қараған түні Сәтпаев қаласында тәртіпсіздіктер басталды. Оған жоғалған 5 жасар қыздың белгісіз ер адамның пәтерінен табылуы себеп болған.

Бүлдіршінді бүкіл қаладан іздеді. Бала табылғаннан кейін күдікті тұратын үйдің маңына бір топ адам жиналды. Олар күдіктіні өздері жазаламақ болған.

Ашулы топ барлық пәтердің есігін қағып, тұрғындардың зәресін ұшырған.  

Халық толқуын басу үшін қалаға Ұлттық ұлан күштері тартылды.

Содан кейін жиналғандар күдіктіні беруді талап етіп, қалалық әкімдікке қарай бет алды.

Қала билігі бала анасының қасында екенін мәлімдеді және тұрғындарды арандатушылыққа ермеуге шақырды.

Таңға қарай қалада жағдай тұрақталды.